Өткен жылы жазда Астана қаласында 31 жастағы Сәния Әлімжанова қыршыннан қиылды. Оған бұрынғы жігіті көкірек тұсынан және ішінен үш рет пышақ соққысын жасаған. Сол сәтте оның жанында 7 және 10 жастағы екі баласы болған. Қанды қылмыстан кейін ер адам 25-қабаттан секіріп кеткенімен тірі қалды. Қазір бұл оқиға бойынша сот процесі өтіп жатыр, оны судья Айжан Кульбаева жүргізіп жатыр.
30 жерден пышақ сұққан: 7 баланың әкесін өлтірді деген күдікпен әйелі мен енесі ұсталды
Алайда, қоғамдағы тұрмыстық зорлық‑зомбылыққа қарсы «НеМолчи» ұйымы тергеу барысына күмән келтіріп отыр. Ұйымның мәлімдеуінше күдікті шамамен екі сағаттан соң есін жия бастаған және бірқатар құжатқа қол қойған. Сонымен қатар, тергеу және криминалистика қызметтері тергеу экспериментін өткізбеген, баспалдақ алаңдарынан немесе қоршаулардан қан үлгілері алынбаған.
«2025 жылғы 19 маусымда ер адам бұрынғы қызының үйіне пышақпен келген. Қыз полиция шақырған. Бірақ жігіт оны ваннаға дейін сүйреп апарған. Балалардың айқайына қарамастан ол оған 3 жерден пышақ жарақатын салған. Балалар қорыққанынан дәлізге шығып, есіктерді қатты қағып, көршілерді шақырған. Көрші пәтерден ер адам келіп қызды қылмыскердің қолынан ажыратуға тырысты. Бірақ ол жараланған қызды жұдырықпен соғуды жалғастыра берген. Сәния көп қан жоғалтып, қайтыс болды», деді «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі.
Сәнияның әпкесі мен анасының айтуынша ол сұлулық саласында жұмыс істеген, өте үнемшіл болған, адал еңбекпен тапқан ақшасына пәтер сатып алған. Балаларының тәрбиесімен айналысқан, оларды бес түрлі секцияға жаздырған. Ол күдіктімен заңды некеде тұрмаған. Оның ойынқұмар екенін және мойнында 10 миллион қарызы бар екенін білгеннен кейін қарым-қатынасты тоқтатпақшы болған.
Оқиғадан кейін ер адам үйдің төтенше жағдай кезінде шатырға шығатын қосалқы сатысынан секірген. Ол көліктің үстіне құлап, ауыр жарақаттар алып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның миы жарақаттанғанын, омыртқасы мен бірнеше сүйегі сынғанын анықтады.
Сот сараптамасында қылмыс жасаған жігіттің күйзеліс жағдайында болғаны және сол сәтте әрекеттерін толық түсінбегені айтылған. Бұл күдіктіні есі дұрыс емес деп тануға негіз болуы мүмкін. Сол себепті Сәнияның отбасы мен жақындары сот оны есінен адасқан деп танып, мәжбүрлі психиатриялық емдеу мекемесіне жіберуі мүмкін деп алаңдайды.
Ал қоғам белсенділері мен сарапшылар: «Күдікті пышақты 25‑қабаттан лақтырып, содан кейін камераларды айналып өтіп, шамамен 5‑қабаттан секірген болуы мүмкін» деген баламалы нұсқаны көтерді. Олар Жоғарғы соттан айыпталушының жағдайын мұқият зерттеп, қосымша кешенді тәуелсіз сараптама тағайындауды сұрап отыр.
Аита кетейік, елімізде тұрмыстық зорлық және әйелдерге қарсы зорлық фактілері қоғамда өткір мәселе ретінде қарастырылып келеді. UN Women ұйымының мәліметінде, әлем бойынша күн сайын 140‑тан астам әйел жақын адамдарының қолынан қаза табатыны айтылған.