Әйел әлемі • 08 Наурыз, 2026

Өндірістегі өршіл қыздар

30 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Толассыз шу, дамылсыз қозғалыс, тынымсыз техникалар. Мұндай орындардан ер адамдарды көруге көз үйренген. Ауыр өнеркәсіптің аты айтып тұрғандай, бұл салада табанды еңбек ету үшін білектің күші, жүректің мысы керек-ақ. Бірақ мұндай өндіріс ошақтарында өнімді қызмет етіп жүрген аруларымыз да жоқ емес, деп жазады Egemen.kz.

Өндірістегі өршіл қыздар

Фото: forbes.ru

Еліміздің автоөнеркәсіп саласындағы ірі ойыншы – «Orbis Auto» компаниясында 2800-ден астам адам жұмыс істейді. Оның 40%-ы – әйелдер. Олар бизнестің негізгі салаларында – қаржы мен бухгалтериядан бастап маркетинг, HR, құқықтық қолдау, талдау және дилерлік желі жұмысына дейінгі салаларда қызмет етеді.

«Біз әйелдердің, әсіресе басқарушы және сарапшы лауазымдарындағы үлесінің тұрақты түрде артып келе жатқанын көріп отырмыз. Автокөлік өнеркәсібі бүгінде тек технологиямен ғана емес, басқару, талдау, қызмет көрсету, цифрлық үдерістер, тұтынушы тәжірибесімен де байланысты. Қазір бұл сала әйелдерге кәсіби жетістікке жетуді қарастыратын маңызды бағытқа айналып келеді», дейді компанияның бас директоры Динара Ысқақова.

8-наурыз – әйел тағдыры туралы ойланатын күн

вв

Динара Ысқақованың өзі де автоиндустрия саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Мансабын ресепшнде қарапайым қызметкер болып бастаған ол бүгінде білдей бір компанияның тізгінін ұстап отыр.

«Осы жолда түйгенім, біздің салада кәсібилік, тәртіп пен жауапкершілік әрқашан маңызды. Өз әлеуетін операциялық рөлдерден бастап басшылық лауазымдарға дейін табысты жүзеге асырып келе жатқан әйелдер санының артып келе жатқанына шын қуанамын. Сондай-ақ аталған салада кәсіби өсу мүмкіндіктері тек арта беретініне сенімім мол», дейді ол.

Ал «Astana Motors» компаниясына тиесілі «Нyundai Trans Kazakhstan» қызметкерлерінің 13%-ы – әйелдер, «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» зауытында олардың үлесі 15%-ды құрайды. Бұрын зауыттарда әйелдер негізінен техникалық бақылау (ОТК) мен логистика бөлімінде жұмыс істесе, биылғы есеппен олардың үлесі шанақты бояу цехының желілерінде біршама өскен. Компания өкілдерінің айтуынша, аталған зауыттар өз қызметкерлеріне жұмыс ортасына тез бейімделуге, тренингтер өткізуге және үздіксіз біліктілікті арттыруға жағдай жасайды.

Құрметке бөленген ана: Ләззат Таймырқызының тағылымға толы ғұмыры

«Кәсіпорындардағы әйелдерге арналған жұмыс жағдайлары еңбек заңнамасының талаптары мен еңбекті қорғау нормаларына сәйкес, соның ішінде заңнамалық кепілдіктер мен шектеулерді сақтаумен қамтамасыз етіледі. Жұмыс орындарында заманауи жабдықтар (манипуляторлар, автоматтандырылған желілер) орнатылған, өз кезегінде бұл ауыр физикалық еңбекті азайтады, кез-келген адамға жұмысты қолжетімді етеді. Компанияда ерлер мен әйелдерге тең мүмкіндіктер берілген», дейді компания өкілдері.

«Нyundai Trans Kazakhstan» зауытының қызметкері Айсұлу Акбарова 2022 жылы жұмысқа орналасқан. Ірі өндіріс орны ашылғанын естіген ол түйіндемесін жолдап, шанақтарды бояу цехына сырлаушы (маляр) болып қабылданған. Білікті маман бірнеше жыл өнімді еңбек етіп, өзін көрсете білді. Бүгінде Айсұлу Акбарова – цехтың герметизациялау учаскесінің бригадирі.

«Алғаш зауытқа келген күні ірі өндіріс орнының ауқымын көріп, аздап қобалжу болды. Бір жағынан, мұндай салада көбіне ер азаматтар еңбек етеді деген таптаурын бар. Бірақ уақыт өте келе қызығушылығым қорқынышымнан басым түсіп, жұмысқа тез бейімделдім. Балалық шағымнан техникаға қызығамын. Әкем ауылда ұзақ жыл механизатор, бас механик болып еңбек етті. Соның қасында жүріп өскендіктен, тұрмыстағы ұсақ-түйек техникаларды өзім жөндей беретінмін. Сондықтан өндірістегі жұмыс маған аса таңсық болған жоқ», дейді маман.

аа

Зауытта автокөлік дайын өнімге айналуы үшін үш негізгі кезеңнен өтеді. Алдымен шанақты дәнекерлеу, бояу, содан соң жинақтау жұмысы жүргізіледі. Айсұлу Акбарова осы үдерістің бояу кезеңіндегі учаскеде жұмыс істейді. Қарамағында 15 адам бар. Күн сайын жұмысшылардың жағдайын бақылап, қауіпсіздік талаптарының сақталуын, жұмыстың сапалы әрі кедергісіз жүруін қадағалайды.

«Алғашында жақындарым бұл жұмысты таңдағаныма алаңдағаны рас. Ауыр өнеркәсіп болғандықтан көбіне ер адамдар еңбек ететін орта ғой. Бірақ мен өз таңдауымды түсіндіргеннен кейін отбасым қолдау білдірді. Кейде түнгі ауысымда жұмыс істеп, іссапарларға шығуға тура келеді. Жақындарымның жәрдемінсіз мұндай істі атқара алмас едім. Қазір олардың сенімі мен қолдауы – мен үшін үлкен күш. Мені жұмысқа шабыттандыратын ең басты нәрсе – балаларымның болашағы. Сонымен қатар зауыттағы қолдау мен мүмкіндіктер де үлкен мотивация береді. Еңбегіміздің бағаланып, түрлі марапаттар мен әлеуметтік қолдау көрсетілуі адамды жігерлендіреді», дейді А.Акбарова.

Қайсар қыз нәтижелі жұмысының арқасында былтыр Астанада өткен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің іс-шарасында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тағыпты.

«Бұл – мен үшін үлкен құрмет. Ең бастысы, өз  мамандығымды жаңылмай таптым. Былтыр Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы әрі қарай әлеуетімді арттыруға зор септігін тигізді. Кейде көшеде өзіміздің зауытта шығарылған автокөліктерді көргенде бойымды ерекше сезім билейді. Сол көліктің жасалуына өзіңнің де үлесің бар екенін сезіну – үлкен мақтаныш әрі шабыт», дейді ол.

Ал автоөнеркәсіптегі ірі кәсіпорынның бірі – «Allur» зауытында кейінгі бес жылда әйелдер саны 40% артқан. Онда 841 әйел еңбек етеді. Бұл – жалпы қызметкерлер санының 21%-ы. Нәзік жандылар өндірістік цехтарда, зертханаларда, құрастыру желілерінде, сондай-ақ әкімшілік және басқару бөлімдерінде жұмыс істеп, кәсіпорын қызметінің түрлі бағыттарына белсенді атсалысып келеді. Әйел қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлінген. Балалары бар қызметкерлерге икемді жұмыс кестесі қарастырылған. Кәсіпорында кәсіби және тұлғалық дамуға бағытталған түрлі бағдарламалар бар. 2013 жылдан бері Корпоративтік университет, корпоративтік психология орталығы және көшбасшылықты дамыту бағдарламалары жұмыс істейді. Бұл бастамалар қызметкерлердің жаңа құзыреттерді меңгеруіне, кәсіби тұрғыдан өсуіне жол ашады.

Ғалым әйелдер академик Нәйлә Базанова атындағы құрмет белгісімен марапатталды

Бүгінде темір тұлпар тізгіндеген, тіпті такси қызметінде жүрген аруларды көрсек таңғалмайтын болдық. Ал алпауыт кен орнында алып техниканы бағындырған келесі кейіпкерімізге таңдай қағуға тура келеді. Тарихы таксимен басталған қостанайлық Любовь Бабашеваның еңбек жолы қазір «Hitachi-EH 4000» жүк көлігімен жалғасты. Ол – «Қашар кенінде» мұндай ауыр көлікті тізгіндеген алғашқы әйел. Бұған дейін ол «Рудный Водоканал» ЖШС-де сорғы қондырғыларының машинисі болып жұмыс істеген.

«Бірде такси қызметінде жүргенімде бір жолаушыдан күтпеген ұсыныс алдым. Ол кәсіпорындағы автокөлік цехының басшысы екен. Көлікті ұқыпты жүргізетінімді аңғарып, жүк көлігін жүргізуге деген ниетімді сұрады. Осылайша, менің ерекше кәсіби жолым басталды. Алғашында маған өндіріс қызметкерлерін тасуға «Chevrolet Niva» автокөлігі берілген. Кейін «КамАЗ-33081» көлігіне ауыстым. Рудный корпоративтік университетінде «Hitachi-EH 3500» және «Hitachi-EH 4000» ауыр жүк көтергіштерін үйрендім», дейді Л.Бабашева.

пп

Кеніш табанындағы руданы 42 «Hitachi-EH 4000» арнайы жүктасығыш техникасы сыртқа шығарады. Бір тиегенде 220 тонна жүкті жоғарыға еркін алып шығатын қуатты техниканың бірін Любовь Бабашева жүргізеді.

«Менің жұмысымда ең бастысы өлшемді сезіну және мұқияттылық. Сондай-ақ өзіңе, өз күшіңе деген сенімнің болуы маңызды. Ауыр жүк көлігінің салмағы 220 тонна, биіктігі 7 метр, ені 9 метр. Басқару басында қиын болғанымен, қазір еркін жүргіземін. Көлікте электродинамикалық тежеу жүйесі, круиздік бақылау қондырғысы бар. Бастысы, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап жүрсең болғаны», дейді ол.

Қайсар аруға қарап, Қостанай өлкесінен шыққан Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның есімі еріксіз еске түседі. Любовь Бабашева да сол қазақтың даңқты әрі тұңғыш әйел-механизаторының жолын жалғап, ізін басып келе жатқандай көрінді.

Кейіпкерлердің еңбек жолы ауыр өнеркәсіптің әйелдерге де жат емес екенін айқын көрсетеді. Олар басқару, технологиялық үдеріс, өндірістік бақылау бағыттарында кәсіби біліктілігін танытып келеді. Бұл еңбек нарығында маманға қойылатын талаптың басқа сипатқа емес, тәжірибе мен жауапкершілікке негізделетінін анық аңғартады.

Соңғы жаңалықтар

359 шетелдік байқаушы қатысады

Референдум • Бүгін, 23:50