Саясат • Бүгін, 07:45

Өңіраралық байланысқа басымдық беріледі

0 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалуына назар аударылды. Оның ішінде жаңа автожол жобаларын жүзеге асыру, өңірара­лық желіні дамыту жайы да талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов жылдың соңына дейін жобалық құжаттаманы әзірлеп, қаржыландыру мәселелерін толыққанды шешуді және көлік нысандарын салу үшін жер телімдерін резервке қоюды тапсырды.

Өңіраралық байланысқа басымдық беріледі

Жеті дәліз бен жаңа серпін

Отырыста Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев автожол сала­сы­ның қазіргі жағдайы мен ал­дағы міндеттер туралы баян­да­ды. Ел аумағындағы жол инф­ра­­құрылымы, өңірлік желіні жаң­ғырту жоспары, халықаралық дәліздердің әлеуеті кеңінен сөз болды. Республикада 95 мың км автомобиль жолы бар. Соның 25 мың шақырымы – республикалық маңызы бар бағыттар. Бұл желінің 94%-ы нормативтік талапқа сай. Қалған 70 мың км облыстық әрі аудандық деңгейдегі жолдар жергілікті орган құзырында.

 Алдағы үш жылда өңірлік жол­дарды жөндеу көлемін бес есе ұлғайту көзделген. Жоспар жүзеге асса, 32 мың км жолдың сапа­сы жақсарып, нормативтік дең­гей 95%-ға дейін көтеріледі. Осы мін­­дет­ті іске асыру мақсатында ведо­мст­волық нормативтер қайта қарал­ған. Стандартқа өзгеріс енгізу аяқталуға жақын. Әкімдік­тер­мен өткен кеңесте ортақ ұстаным қалып­тасып, жергілікті құры­лым­дар нақты жұмысқа кіріскен.

«Ел аумағында жеті халықара­лық автомобиль дәлізі түзіліп отыр. Кейінгі кезде төрт ірі жоба мәресіне жетті, «Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан», «Қараған­ды – Алматы». Бұл бағыт­тар­­дың жиынтық ұзындығы екі мың шақырымға жуық», деген Нұр­­лан Сауранбаев, көлік ағыны ұлғай­ғ­ан учаскелерді ескере отырып, дә­ліз­­дерді кезең-кезеңімен жаңғырту жоспары бар екенін алға тартты.

Бұған қоса, жекелеген бөліктер­де өткізу қабілетін арттыру, жол жабынын күшейту, қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіру шарасы қарастырылғанын айтты. Автожол саласындағы бұл қадам­дар елдің транзиттік әлеуетін ны­ғайтып, өңірлер арасындағы эко­но­микалық байланысты жаңа дең­гейге шығаруды көздейді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашев жол саласында ауқымды жұмыс қолға алынатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 8 мың 900 км автожол жөнделеді. Бұл – құрылыс, қайта жаңғырту, күрделі әрі орташа жөндеуді қатар қамтитын кең көлемді шара.

«Жоспарға сәйкес 3 мың 400 км-де құрылыс пен реконструкция жүзеге асады. 324 км жол күрделі жөн­­деу­ден өтеді. 5 мың 200 км-де ор­­таша жөндеу жүргізіледі. Мұн­дай ауқым көлік қатынасының сапасын арт­­тырып, тозығы жеткен учаске­лерді кезең-кезеңімен жаңартуға мүм­кіндік береді», деді басқарма төрағасы.

Оның айтуынша, апаттық жағдайда тұрған 53 көпір ерекше назарға алынған. Оларды қалпына келтіру қауіпсіздік мәселесін шешумен қатар, өңірлер арасындағы үздіксіз байланысты сақтауға жол ашады. Жоспарланған міндеттерді орындау мақсатында 10 млн текше метр фракциялық қиыршық тас, 210 мың тонна битум, 230 мың текше метр темір-бетон бұйымдары да­йындалып жатыр. Материалдық база ерте қамдалып, құрылыс қар­қынын бәсеңдетпеу көзделген.

пр

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Жол-құрылыс маусымында шамамен 12 мың арнайы техника, 25 мың жол маманы, 193 асфальтбетон әрі бетон зауыты іске қосылады. Бұл еңбек пен техниканың үйлесімді жұмылдырылуы жұмыс сапасын сақтай отырып, жолды пайда­лану­ға тапсыру мерзімін қысқар­туға бағытталған.

«Үкімет қолдауының нәти­жесінде «Орталық – Батыс» жобасына дайындық жүріп жатыр. Өзге бастамаларға қатысты ха­лық­­аралық қаржы институттары мен еліміздің Даму банкі қаты­сатын конкурстық рәсімдер қолға алынған. Инвестициялық тетік­­тер­ді әртараптандыру ірі жоба­­­лар­дың қаржылық орнықты­лы­ғын қам­тамасыз етеді», деді Д.Иманашев.

Шекаралық инфрақұрылым да жаңғыру кезеңіне қадам басқан. Еуразиялық экономикалық одақ ел­дерімен автомобиль өткізу бекет­терін жаңарту ісі жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр екен. 2028 жылға дейін 37 пунктті жаң­ғыр­ту межеленген. Былтырдан бері 14 нысанда құрылыс-монтаж жұ­мыс­тары жалғасып келеді. Бес бекет­те жүк көліктеріне арналған сервис­тік ай­мақтар салынып жатыр. Қал­ған 23 пунктте дайындық кезеңі басталған.

Компания басшысының айтуынша, елімізде жалпы ұзындығы 4 мың 900 км болатын 26 ақылы жол телімі жұмыс істеп тұр. Десе де, ақаулары бар ақылы учаскелер бойынша жол жүру ақысын алуды тоқтата тұратын норма енгізілгенін жасырмады. Мәселен, ақаулардың тіркелген көлемі 1 млн 100 мың шаршы метрді құрайды екен. Барлығы 14 учаске – 477 км, оларға қатысты жол-құрылыс жұмысы жөндеу маусымында басталады. 

Сапа, қауіпсіздік пен сервис

Өз кезегінде Премьер-министр Мемлекет басшысының кеңейтіл­ген жиында берген тапсырма­ларына тоқталып, жаңа автожол жобаларын жүзеге асыру ісін жедел­детуді талап етті. Негізгі халық­ара­лық көлік дәліздері стра­тегиялық арқауға айналып келеді. Ендігі міндет – өңіраралық байланысты күшейтіп, ел ішіндегі қозғалыс желісін жаңарту.

«Қарағанды – Жезқазған», «Бейнеу – Сексеуіл» бағыттарында биыл жобалық құжаттаманы толық аяқтап, қаржыландыру тетіктерін айқындау, жер телімдерін резервке қою қажет. Астана, Арқалық пен Ырғызды жалғайтын «Орталық – Батыс» жобасы да жедел қарқын алуға тиіс. Үкімет басшысы жауапты тұлғаларға бұл бастамаларды жеке бақылауға алуды тапсырды.

«Жол сапасы қоғам назарынан түскен емес. Былтыр жергілікті жолдар мен көшелердің жай-күйіне қатысты шағымдар саны бір жарым есеге өсіп, 60 мыңға жуық­таған. Биылдың өзінде 7,5 мың өті­ніш тіркелді. Доссор – Ақтау, Атырау – Орал бағыттары жиі сын­ға ілігіп отыр. Туризм саласы­ның өкіл­дері Жетісу мен Абай облыс­­тарын­дағы, әсіресе Алакөлге апаратын жолдардың күтімі көңіл көн­шітпейтінін жеткізген. Әкімдіктер тұрғын­дардың талап-тілегіне дер кезінде жауап беріп, жөндеу барысын ашық бақылауда ұстауға міндетті», деді Олжас Бектенов.

Сапалы жол – қауіпсіз қозғалыс кепілі ғана емес, өңірлік эконо­миканың өсіміне, инвестициялық тартымдылықтың артуына ықпал ететін фактор екенін айтқан Үкімет басшысы, құрылыс пен жөндеу кезінде технологиялық талаптарды сақтау, жобаларды мерзімінде аяқтау – орталық органмен қатар аймақ басшыларының да жауапкершілігі екенін еске салды.

Жол бойындағы сервисті дамыту да өзекті мәселе ретінде көтерілді. Ұлттық стандарттарға сай нысандар көбейгенімен, олардың басым бөлігі ірі елді мекендер маңында шоғыр­ланған. Трассалар бойында сервистік орталықтарды біркелкі орналастыру, жанармай бекеттері мен қонақ­үйлерге дейінгі арақашықтықты көрсететін ақпараттық белгілер орнату қажет. Шекара маңындағы өткізу бекеттері төңірегінде жүргізушілерге қызмет көрсететін нысандар ашу да күн тәртібінде. Транзиттік жүк көлемі артқан шақта ауыр көліктерге сапалы қызмет ұсыну – табысты бизнес бағытына айналуы мүмкін.

Премьер-министр автожол­дардың нормативтік жай-күйін сақтау басты міндеттің бірі екенін айтты. «Сапаны бақылауда жасан­ды интеллект мүмкіндігін кеңінен қол­дану тапсырылды. Цифрлық транс­­формация жобалау мен жос­пар­­­лаудан бастап, пайдалануға беру, тех­­никалық қызмет көрсету кезең­­деріне дейін басқарудың тиім­ді құ­ра­лына айналуға тиіс. Жыл со­ңы­на дейін рес­публикалық, жер­­гі­л­ікті әрі қа­лалық желілер тура­лы дерек­­тер­­ді біріктіретін бірың­­­ғай цифр­­лық платформа іске қосыл­ады. Бұл жүйе жолдардың нақты жағ­­­­да­йын жедел бақылап, ақаулар­ды дер кезінде жоюға жол ашады», деді ол.

Қауіпсіздік мәселесі де өткір тұр. Былтыр 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат қаупі жоғары учаскелерде инженер­лік шешімдерді күшейту, жылдам­дық режімін қатаң қадағалау, интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу қажет. Көлік, Ішкі істер, Төтен­­ше жағдайлар органдары мен әкім­діктер мамыр айының басына дейін жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты бірлескен іс-қимыл жоспарын жаңартуға тиіс. Әсіресе көлік ағыны тығыз автомагистралдар мен ірі қалаларға кіреберістерге айрықша көңіл бөлінбекші.

Жалпы, автожол жобаларын кешенді іске асыру инфрақұры­лым сапасын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Жауапкершілік пен бақылау күшеймейінше, межеленген мақсатқа жету қиын. Үкімет басшысы бұл бағыттағы жалпы үйлестіруді бірінші орынбасары Роман Склярға жүктеді.

Соңғы жаңалықтар