Марк Ли қазір аталған колледжде сабақ беретін ұстазы, өңірге белгілі күйші Мұрат Хамитовтен дәріс алады. Білім ордасында 15 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз шәкірттерінің біразы бүгінде Құрманғазы атындағы консерваторияда оқиды. Кейбір шәкірттері сол консерваторияда қалып, жұмыс істеп жатыр.
«Марктің күйге деген ықыласының ерекше екені бірден байқалды. Қазір орындаушылық техникасы әбден қалыптасты. Енді әр туындының ішкі мән-мағынасына үңіліп, түсініп орындауға тырысып жүр. Күрделі күйлердің терең иірімдерін жетер жеріне жеткізіп тірілте ойнағанда марқайып қаласың», дейді М.Хамитов.
Қазір Марктің күй қоржынында Махамбеттің «Жорық», «Қайран Нарын», «Жауға шапқан», «Жұмыр қылыш» күйлері бар.
«Батыр бабамыздың күйлері өте рухты. Адамның бойына қайрат, жігер береді. Сондықтан жаныма өте жақын. Күйді үйренбес бұрын, оның шығу тарихына бойлап, әбден түсініп оқып, біліп алу керек. Кез келген күй жайдан-жай шыға салмайды. Күйдің шығуына белгілі бір тарихи оқиғалар, автордың басынан өткен жағдайлар түрткі болады. Сондықтан алдымен шығарманың мән-мағынасын түсініп барып орындау керек», дейді жас өнерпаз.
Қостанай облысы