Металлургия: сапаға жаңа көзқарас
Ауыр өнеркәсіп саласында сапа мәселесі – алдыңғы орында. Жоғары температура мен қатты қысымда жұмыс істейтін жабдықтарға болаттың беріктігі мен сенімділігі аса маңызды. Дегенмен күрделі легірленген болаттарды өндіру кезінде ішкі құрылымның біртектілігі бұзылып, жасырын ақаулар пайда болатыны белгілі. Бұл жабдықтардың тез тозуына, өндірістік шығындардың артуына әкеледі.
Осы мәселені шешу үшін профессор Аристотель Исағұлов жетекшілік ететін ғылыми топ жаңа тәсіл ұсынды. Бұған дейінгі әдістер болат құрамын өзгертуге немесе термиялық өңдеуді күшейтуге негізделсе, жаңа технология металл құрылымын қалыптасу кезеңінде басқаруға бағытталған.
Балқытылған металға арнайы әсер ету арқылы оның кристалдану үдерісі реттеледі. Нәтижесінде, болаттың құрылымы біркелкі қалыптасып, ішкі ақаулар азаяды. Зерттеулер бұл тәсілдің тиімділігін дәлелдеді: болаттың тозуға төзімділігі артып, өнім сапасы тұрақтанады.
Технологияның тағы бір маңызды артықшылығы – оны енгізу үшін өндірісті толық жаңғырту қажет емес. Бұл кәсіпорындарға қосымша шығынсыз жаңа деңгейге көтерілуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде «Qarmet», «Қазхром», «Қазцинк» компаниялары тарапынан қызығушылық байқалып, ал Пархоменко атындағы КМЗ зауытында технология тәжірибелік түрде енгізіліп жатыр.
Агросектор: цифрландыру және жасанды интеллект
Ауыл шаруашылығы саласында климаттың өзгеруі, нарықтағы бәсекенің күшеюі дәстүрлі басқару тәсілдерінің тиімділігін төмендетіп отыр. Осыған байланысты ғалымдар агросекторды цифрландыруға басымдық береді.
PhD Айдын Кернебаев жетекшілік ететін жоба «Индустрия 5.0» қағидаттарына негізделіп, жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығына енгізуді көздейді. Жоба «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Негізгі бағыт – ауыл шаруашылығын басқарудың интеллектуалды жүйесін құру. Бұл жүйе деректерді талдау арқылы өнімді болжауға, ауа райына бейімделуге, өндірістік үдерістерді тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Фермерлер нақты уақыт режімінде егістік жағдайын бақылап, суару мен тыңайтқыш енгізуді дәл есептей алады.
Сонымен қатар «қала-ауыл» цифрлық платформасын қалыптастыру көзделген. Ол ауыл шаруашылығы өндірушілерін ғылыми орталықтармен, мемлекеттік құрылымдармен және нарықпен байланыстырып, ақпарат алмасуды жеделдетеді.
Жоба аясында өңірлік ерекшеліктерді ескеретін ғылыми негізделген басқару модельдері де әзірленіп жатыр. Бұл агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін арттыруға, ресурсты ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жоба нәтижелері білім жүйесіне енгізіліп, жаңа буын мамандарын даярлауға ықпал етеді.
Тау-кен өндірісі: тереңдіктегі қауіпсіздік
Бүгінде өңіріміздің бірқатар кенішінде 700 метрден астам тереңдікте жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл геомеханикалық жағдайдың күрделенуіне және қауіп-қатердің артуына әкеледі.
Осы бағытта PhD Асқар Имашев жетекшілік ететін жоба жүзеге асырылып жатыр. Зерттеу 2024–2026 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру аясында қолға алынған.
Жобаның мақсаты – терең горизонттардағы тау-кен қазбалары айналасында пайда болатын деформация аймақтарын анықтау, оларды ескере отырып, қауіпсіз бекіту технологиясын әзірлеу. Зерттеу барысында тау жыныстарының физика-механикалық қасиеттері, жарықшақтылығы, кернеу жағдайы жан-жақты талданады.
Цифрлық модельдеу мен зертханалық сынақтар нәтижесінде қауіпті аймақтар айқындалып, тиімді инженерлік шешімдер ұсынылады. Геологиялық беріктік индексін (GSI) пайдалану тау жыныстарының мінез-құлқын дәл болжауға мүмкіндік береді.
Ұсынылған технологиялар «Орловский», «Артемевский», «Нұрқазған», «Ақбақай» кен орындарында қолдануға бағытталған. Бұл кеншілердің қауіпсіздігін арттырып, апат қаупін азайтады, бекіту жұмысына кететін шығынды оңтайландырады.
Қазіргі таңда жоба нәтижелері өндірісте енгізіле бастады. «Өркен» ЖШС-мен бірлесіп нақты регламенттер әзірленіп жатыр. Сонымен қатар ғылыми мақалалар халықаралық журналдарда жарияланып, зерттеу нәтижелері кеңінен таралады.
Қарағанды облысы