Тарих • Кеше

Аштықтан құтқарған Құлболдының диірмені

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл оқиғаны облыс орталығында тұратын 74 жастағы Бермет Мұстафина апайымыздан естідік. Ол кісі Қырғызстанның Шу облысының Жайыл ауданындағы Үшемшек өзенінің жағасындағы Сусамыр өңірінде дүниеге келген. Қазақтың «Сусамыр – елдің жайлауы, Өмірдің бар ма байлауы», деп шырқайтын Сусамыры қырғыз бауырларымызда да бар екен. Осы өңірдегі «1 май» деп аталатын айыл апайдың туған жері. Алатау сілемдерінің бөктеріндегі табиғаты тамылжыған сұлу мекен.

Аштықтан құтқарған Құлболдының диірмені

Бермет апай Алматы медици­налық институтында оқып жүріп қызылжарлық  Есенгелді Мұстафин есімді жігітпен танысып, көңіл жарастырады. Мамандығы хирург-травматолог дәрігер. Кейінгі жылдары арнаулы курстардан өтіп, халық емшілігімен айналыса бас­тады.

Берметтің атасы Құлболды Қабылұлы өткен ғасырдың 30-жылдары  ашыққан халыққа арпаның, тарының масағын үгіп беретін диірмен салған. Ағайындарының көмегімен диірменнің ауыр тасын қос өгізге тіркеп, Үшемшектің бойындағы өз қолымен қазған арыққа жеткізеді. Құлболды жасынан ағаш ұстасы әрі шебер болып, зергерлікпен де айналысқан. Құрылыстың сызбасын өзі жасап, ауылдастарын ұйымдастырып, диірмен тұрғызған. Бұл жұмысқа қырғыздың атақты палуаны Қожамқұл да қатысып, дәу тасты жалғыз өзі орнынан жылжытып, елді таңғалдырыпты. Құлболды тасты пышақпен кескендей теп-тегіс етіп қашап, диірменнің барабанының үстіне қондырған.

Бұл оқиғаны диірменнің құрылысы қалай жүргенін көзімен көріп, игілігін алғаш татқан қарттар бертінге дейін айтып отыратын. Олар Құлболдының аруағына үнемі алғыс жаудыратын. Сондай көнекөздердің бірі – Асылгүл апайдың айтуы­на қарағанда 30-жылдардағы аштық кезінде қазақтар қырғыз жеріне де ауған. Олар егісте шашылып қалған арпа мен бидайдың масақтарын теріп, Құлболды тұрғызған диірменге тартқызып, талқан жасап, тамаққа талғажау етіпті. Сөйтіп, осы бір диірмен жүздеген адамды аштықтан құт­қарып қалады.

Құлболды 1936 жылы 73 жасында өмірден өтеді. Оның игілікті ісін баласы Есенжан жалғастырып, соғыс жылдарында да су диірменді тоқтатпай, халықтың алғысына бөленеді. 1942 жылы диірменді жаңалап, өнімділігін арттырып, майданға ұн жіберуді қолға алады. Сол кездегі Нарын (бұрын Тянь-Шань облысы) облысының басшысы Аманбай Атағанов Есенжанның еңбегін бағалап, арнайы броньмен майданнан  алып қалады. Сөйтіп, диірмен 1963 жылға дейін халыққа қалтқысыз қызмет етіп, елдің ырысын арттырады. Тіпті диірмен үшін тартылған арықтан ел балық аулап, қуырып жеп, жан баққан. Сол балықтың дәмін татқандар күні бүгінге дейін ұмытпай, айтып келген. Диірменнің маңы ашыққан халыққа азық-түліктің қордасы болып, естерінде мәңгі қалды.

Есенжан Бесболды есімді арумен шаңырақ көтеріп, кіндігінен алты ұл мен бір қыз өмірге келді. Сол жалғыз қыз біз әңгімелеп отырған қазіргі Петропавл қала­сының тұрғыны Бермет жеңгеміз. Ол кісінің айтуына қарағанда, Бекболат деген ағасы диірменді талқандалудан сақтап, басына белгі қоюды қолға алады. Алайда ол кісі ұзамай қайтыс болып, бұл істі баласы Нұредин жалғастырады. Бизнеспен айналысқан, еті тірі Нұредин де арманына қол жеткізе алмай, осыдан екі жыл бұрын жүрек талмасынан бақиға озыпты.  Енді міне, қырғыз бен қазақтың талай адамын аштықтан аман алып қалған Құлболды ұстаның диірменіне белгі орнатуды Бермет апай қолға алсам дейді. Сонымен бірге идеологиялық мәні ескірген «1 май» айылының атауын халық­тың алғысын алған атасының атына беруге ұсыныс жасаған.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қожамқұл балуанның Бішкекте тұратын немересі диірменнің тасын әкетіп, балуан атындағы спорт сарайының алдына қойдырыпты. «Диірменнің тасын «халыққа батырдың көтерген тасы» деп таныстыру мақсатында жасалыпты. Алайда бұл тас спорт құралы емес қой. Керісінше халықты аштықтан құтқарған құнды жәдігер ретінде мемлекеттік музейге қойылуы керек емес пе?» дейді Бермет апа-йы­мыз. 

Бермет Мұстафина Құлболды диірменіне қатысты ұсыныстарын қырғыз билігіне жазғанымен, әлі күнге жауап жоқ. Осы іске қол үшін беруді сұрап еліміздің Сыртқы істер министрлігіне де өтініш жолдаған. Ол жақтан «Бұл ұсынысты Қырғызстанның Қазақстандағы елшілігіне жібердік, жауапты сол жерден аласыз» деген жауап келіпті. Сөйтіп, мәселе «ұзын арқан, кең тұсаумен» жақын арада шешілетін түрі жоқ. Ал қазақ-қырғыздың талай адамын аштықтан құтқарған диірменнің қасиетті тарихы, қолдан қазылған арықтың орны жыл өткен сайын көмескіленіп барады. Бұл мәселе жалғыз Бермет Мұстафина апайды ғана емес, жанашыр жанның бәрін де ойлантуы керек сияқты.

 

ПЕТРОПАВЛ 

Соңғы жаңалықтар