Қалашық аумағынан анықталған Қарахан мемлекеті кезеңіне жататын қыш құмыралар сол дәуірдің тұрмыс-тіршілігі мен шеберлік дәстүрін айқын көрсетеді. Археолог, тарих ғылымдарының докторы У.Х.Шәлекенов жүргізген қазба жұмыстары кезінде табылған бұл бұйымдар табиғи саз балшықтан жасалып, арнайы пештерде күйдірілген.
Қыш құмыралардың пішінінің шымырлығы мен қабырғасының беріктігі көне шеберлердің ісіне деген жауапкершілігі мен кәсіби деңгейін аңғартады. Геометриялық және өсімдік тектес өрнектер бұйымдарға көркемдік сипат беріп, оларды қарапайым тұрмыстық ыдыстан нағыз қолөнер туындысына айналдырған. Мамандардың айтуынша, мұндай қыш бұйымдардың көптеп табылуы Баласағұн қаласы тұрғындарының отырықшы өмір салтын ұстанып, өндіріс пен сауданы дамытқанын дәлелдейді. Бұл жәдігерлер сол кезеңдегі экономикалық қуат пен мәдени өрлеудің нақты көрінісі саналады.Бүгінде музей қорында сақтаулы тұрған бұл құнды мұралар – өткен тарихтың шежіресі болып отыр.
Әлина ТҰРСЫН,
Шу аудандық тарихи-өлкетану музей қызметкері
Жамбыл облысы