Салтанатты іс-шарада сөз алған қала басшысы мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асып жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында халықтың әлеуметтік мәселесін шешуді басым бағыт ретінде айқындады. Мегаполисте тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бірінші кезекте баспанаға мұқтаж жандар, әсіресе, әлеуметтік осал топтағы отбасылар қамтылады. Пәтерлердің сапасына мердігер компания толық кепілдік береді. Әрине, кезекте тұрған барлық азаматты бір сәтте баспанамен қамту мүмкін емес, бұл – уақыт пен қаржыны талап ететін үдеріс. Сондықтан кезектегі тұрғындарды сабыр сақтауға шақырамын. Мемлекет өз міндеттемелерін кезең-кезеңімен, толық орындайды, – деді Ғ.Сыздықбеков.
Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Көпжан Төлебаевтың мәліметінше, бүгінде мегаполисте үй кезегінде 90 мыңнан астам азамат тұр. Жалдамалы пәтерлерді үлестіру «Отбасы банк» АҚ арқылы жүргізіледі. Банк тарапынан 544 әлеуметтік осал топтағы азаматты баспанамен қамту жұмысы қолға алынған. Іріктеуден өткен 235 отбасына жалдау шартын жасасуға тізім жолданған. Соның ішіндегі 24 отбасы қоныстойын тойлап отыр. Жалпы, осы уақытқа дейін тізімдегі 187 отбасы баспаналы болды. Қалған 309 отбасының құжаттары тексерілу үстінде, алдағы уақытта оларға да пәтер беріледі. Биыл 1,5–2 мыңға жуық осал топтағы отбасыны баспанамен қамту жоспарланған.
Айта кетерлігі, 2024 жылғы 24 қарашадағы Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, барлық жалдамалы пәтерлер болашақта сатып алу құқығымен беріледі. Шымкентте пәтердің жалдау құны айына орта есеппен 15–20 мың теңгені құрайды. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үй алғанда бастапқы жарна төлемейді, тек «Отбасы банктен» жеке кабинет ашып, мәртебесін растауы қажет.
Тағы бір жаңашылдық – әкімдік енді тұрғын үйді салуға тапсырыс бермейді, дайын үйлерді сатып алады. Бұл құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттырып, сапасыз құрылыстың алдын алуға бағытталған тиімді қадам болып отыр.
Жаңа қоныстанушылардың қатарында көпбалалы, толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше бала тәрбиелеп отырған жандар, сондай-ақ жетім балалар бар. Қала басшылығы тұрғын үй қорын жаңарту, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмыстары жалғаса беретінін мәлімдеді.
ШЫМКЕНТ