Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында аталған жобаның тиімділігін ерекше атап өтіп, оны алдағы уақытта да жалғастырудың маңыздылығына тоқталған болатын. Осыған сәйкес, өткен жылы «E», «D» санатындағы 22 200 азамат жобаға тартылып, несие төлемі 90 күннен астам мерзімге кешіктірілген тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетілді.
Қаржылық сауат пен құқықтық түсіндіру дәрістері Шымкент қаласындағы бірқатар әлеуметтік, мемлекеттік мекемеде ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Аналар үйінде», әлеуметтік қызмет көрсету, Жастар орталықтарында, сондай-ақ қорғаныс және әскери құрылымдарда арнайы кездесулер өтіп, тұрғындарға қарызды қайта құрылымдау, сотқа дейінгі реттеу, бұғатталған шоттарды шешу, банкроттық рәсімдері жөнінде кеңестер берілді.
Жалпы, жобаға ел көлемінде 862 мыңнан астам адам жүгінген екен. Олардың басым бөлігін халықтың әлеуметтік осал топтары мен жұмыссыз азаматтар құрайды. Өтініштердің дені несиені қайта құрылымдау, шоттарға қойылған шектеулерді шешу, соттан тыс банкроттық рәсімдеріне қатысты.
«Кейбір азаматтар қаржылық сауаттың жеткіліксіздігінен несие жүктемесін дұрыс бағаламай, қиын жағдайға тап болып жатады. Бұл – тек бір отбасының емес, тұтас қоғамның мәселесі. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Amanat» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жоспардан асыра орындалып отыр. Бұл – халықтың жобаға деген сенімі мен сұранысының жоғары екенін көрсетеді. Алдағы уақытта да тұрғындардың қаржылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамаларымызды жалғастыра береміз», деді «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев.
Айта кетейік, Шымкент қаласында жоба көрсеткіштері айрықша жоғары. Қаланың барлық ауданында жоспар асыра орындалып, жалпы 34 814 адам қамтылды (жоспардың 156,8%-ы). Нәтижесінде, мегаполис республикадағы үздік 5 өңірдің қатарына енді.
Жобаның қаржылық сарапшысы Ақбота Тұрарованың айтуынша, азаматтар көбіне алаяқтарға алданып немесе туыстарына несие әперіп, соңында қарызды өзі төлеуге мәжбүр болғандықтан шағымданады. Маман ешқандай жағдайда өзге адамға несие рәсімдемеу керектігін ескертеді. Одан да қолда бар қаражатпен көмектескен абзал.
«Адамдар түрлі мәселемен көмек сұрап келеді. Мәселен, денсаулығына байланысты туыстарынан жәрдем алып жүрген бір тұрғын құрбысының өтінішімен несие рәсімдеген. Ақыры досы қарызды төлемей, салдарынан келіншектің есепшоты бұғатталып қалған. Біз шотты ашуға көмектесіп, төлем кестесін жаңартып бердік. Атаулы әлеуметтік көмек алатын тағы бір жалғызбасты анаға несиесін төлей алмауына байланысты банкроттық жариялауға жәрдемдестік. Нәтижесінде, оның қарызы кешірілді. Кәсібі жүрмей, қарызға белшесінен батқан жандарға да қолұшын созып, зейнетақы шоттары бұғатталған қариялардың мәселесін шешуге атсалысып жатырмыз. Тізе берсек, мұндай мысалдар өте көп. Қаржылық сауаттың аздығы мен заңды білмеу адамдарды тығырыққа тіреп, тіпті өмірден түңілуге дейін апарып жатады», дейді А.Тұрарова.
Сарапшының айтуынша, төлеуге мүлде мүмкіндігі қалмаған адам өзін банкрот деп жариялай алады, бірақ оның құжаттық рәсімдерін білген жөн. Мәселен, 1600 АЕК сомасынан асқан қарыздар сот арқылы қаралады. Ал одан төмен сомадағы берешектерді кешіру мәселесі мемлекеттік кірістер органдары арқылы шешіледі. Сондай-ақ маман коллекторлық агенттіктер тарапынан болатын қысымдардың заңсыз екенін, мұндай жағдайда құқық қорғау органдарына шағымдануға болатынын атап өтті.
Мамандар пайыздық несиенің тек жеке адамға емес, тұтас экономикаға тигізер кері әсері барын алға тартады. Олардың пікірінше, пайыздық мөлшерлемеге негізделген жүйе инфляцияны өршітіп, бағаның өсуіне, валютаның құнсыздануына алып келеді. Сонымен бірге несиелік ақшаның мақсаты үстіндегі пайызынан табыс табу болғандықтан, ол экономиканың нақты пайдасына жұмсалмайды. Одан бөлек, жағдайы бар азаматтар қаражатын банкке депозитке салады. Табысы жоқтар керісінше банктен несие алады. Бұл адамдардың бір шоғырын байытып, екінші бөлігін кедейлендіруге әкеліп соқтырады. Яғни қоғамда байлық пен табыс адамдарға әділ бөлінбейді деген тұжырым жасайды сарапшылар. Сол тұрғыда Мемлекет басшысының «Қарызсыз қоғам» жобасы өз жалғасын табу керек деген тапсырмасы дәл бүгінгі жағдайда өзінің өзектілігін айқын көрсетіп отыр.
ШЫМКЕНТ