Сурет: akorda.kz
Инфрақұрылымды дамыту
Өңірлерді теңгерімді дамыту, көлік қатынасын жақсарту мен инженерлік желілерді жаңғырту – Президент тапсырмаларының негізгі бағыты. Үкімет бұл жұмыстарды азаматтардың іскерлік белсенділігі мен тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін фактор ретінде қарастырып отыр.
Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер аясында «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» автомобиль жолының құрылысы басталды. Ұзындығы 896 шақырым болатын бұл жоба орталық аймақтардың Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тікелей шығуын қамтамасыз етеді. Жобаның жалпы құны – 1,1 трлн теңге.
Шағын қалалардың көліктік қолжетімділігін арттыру бағытында да нақты жұмыстар жүріп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру қолға алынды. 1992 жылдан бері жұмыс істемеген әуе айлағын жаңғыртуға Арнаулы мемлекеттік қордан 5,5 млрд теңге бөлінді. Жобада ұшу-қону жолағын толық реконструкциялау мен жаңа терминал салу көзделген. Іске қосу биылға
жоспарланған.
Өмір сапасына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – тұрғын үй мен энергияға қолжетімділік. Былтыр «Наурыз» жаңа ипотекалық бағдарламасы аясында 8,5 мыңнан астам қарыз берілді (2024 жылдан бері – 16,3 мың). Бұл азаматтардың баспана алуға мүмкіндігін арттыруға бағытталған шаралардың тиімділігін көрсетеді.
Газдандыру ісінде де оң динамика байқалады. 2024 жылы өңірлерді газдандыруға 112,4 млрд теңге бөлінді, 2 мың шақырымнан астам желі салынды. «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры жоспардан 1 жыл 4 ай бұрын аяқталды. Бұл Жетісу облысының 84 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етуге және өңірді газдандыру деңгейін 76 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді.
Адам капиталы мен жаңа идеология
Адам капиталын дамыту мен жаңа қоғамдық идеология қалыптастыру бағытындағы шаралар Президенттің Ұлттық құрылтайдың II, IV отырыстарында ұсынған «Адал азамат» тұғырнамасын жүзеге асырумен байланысты.
Тәрбие жүйесінің жаңа мазмұнға көшуі басталды. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы «Адал азамат» форматына өзгертіліп, «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына негізделген мазмұн білім беру ұйымдарына енгізілді. Бұл бағыт бойынша 110 мыңнан астам педагог арнайы оқытудан өтті.
Тарихи жадты сақтау мен зиялы қауымды қолдауға да ерекше назар аударылып жатыр. Ұлттық құрылтайдың алғашқы екі отырысында басталған бастамалар жүзеге асты. Атап айтқанда, «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы қалпына келтірілді, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілді, отандық авторлардың «100 кітабы» белгілі болды, Астанада Президенттік кітапхана жобаланып жатыр (пайдалануға беру – 2027 жыл).
Адал еңбек идеологиясын нығайту мақсатындағы тапсырмалар да өзекті сипатқа ие. Президенттің Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың III отырысындағы тапсырмасына сәйкес 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Бұған қоса өндіріс саласының өкілдері үшін марапаттау жүйесіне 9 жаңа құрметті атақ енгізілді.
Әлеуметтік инклюзия мен білім беру нысандары
«Адал азамат» қағидатында әлеуметтік теңдік пен инклюзия негізгі құндылық ретінде көрсетілген. Осыған сәйкес Үкімет «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасын әзірледі. Құжат ерте диагностика, цифрландыру мен сапаны бақылау сынды үш бағытқа негізделген. Оның негізінде психологиялық-педагогикалық көмек ұйымдары үшін лицензиялау енгізілетін болады.
Балалар құқығын жүйелі қорғау мақсатында «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы дайындалды. Жоба баланың қауіпсіздігі, білімі, денсаулығы, әлеуметтік қорғалуы мен отбасы институты бағыттары бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейтеді. Бұл зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алуға әрі әр балаға тең қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Осы аяда ел бойынша 10 553 білім беру ұйымы қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталды. Мектеп инфрақұрылымын жаңарту бағытында өткен жылы 267 мың орынға арналған 232 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның қатарында 112 нысан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынады. 2029 жылға дейін күрделі жөндеуден өтетін 1 231 мектептің тізімі бекітілді. Әртүрлі қаржыландыру көздері есебінен 50 мектеп салынып жатыр. Қосшы қаласында халықаралық үлгідегі колледж құрылысы қарастырылып отыр.
Қоғамдық қауіпсіздік пен заң үстемдігі
Тұрақты дамудың іргетасы – «Заң мен тәртіп». Президент тапсырмаларын іске асыру шеңберінде қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған ауқымды заңнамалық пакет қабылданды.
Оның қатарында «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» бірыңғай заң қабылданды (5 заң біріктірілді), ойын бизнесі мен букмекерлік қызметті реттеу күшейтілді, лудоманияға қарсы шаралар енгізілді, вейптерді шығару мен таратуға толық тыйым салынды, есірткі қылмысына қатысты жауапкершілік сараланды (курьерлерге жұмсартылып, өндірушілерге қатаңдатылды), сотталған әйелдердің, оның қатарында жүкті әрі сәбилі әйелдердің жағдайын жақсартуға бағытталған өзгерістер дайындалды, «деструктивті діни ағымдар» терминін бекітіп, теологиялық білім алуды реттейтін түзетулер әзірленді.
Мәдениет, спорт және туризм
Шетелде мәдени қатысуды арттыру тапсырмасын орындау мақсатында Бейжіңде «Қазақстанның мәдени орталығы» ашылды. Мәскеуде осындай орталық ашу мәселесі талқыланып жатыр.
Анимация саласы да жаңа серпін алды. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде «Қиял vs қадам» мен «Бәйтерек туралы аңыз» фильмдері жарық көрді. 43 анимациялық шығарма YouTube желісінде жарияланды. 2019 жылдан бері алғаш рет 5 толықметрлі мультфильм түсірілді («Алтын адам», «Желаяқ», «Шоқан. Қашқария сапары», «Адам. Нартәуекел», «Тоқты мен Серке»).
Ақтауда өткен халықаралық «Үркер» анимация фестивалінде «Алтын көл» фильмі бас жүлдені алды, ал «Тұран» туындысы «Үздік қысқаметрлі фильм» аталымына ұсынылды.
Спорт саласында коммерцияландыру мен бюджет шығынын азайту бағыты жалғасып отыр. Бірнеше футбол клубы жекешелендіріледі. Олар – «Жеңіс» (Астана), «Қайсар» (Қызылорда), «Қызылжар» (Петропавл), «Шахтер» (Қарағанды). Ал «Ақтөбе», «Елімай» (Семей), «Оқжетпес» (Көкшетау), «Тобыл» (Қостанай), «Тараз» (Тараз), «Ертіс» (Павлодар) бойынша инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр.
Былтыр 15 желтоқсанда Көкшетауда құны 13,6 млрд теңге болатын көпфункционалды спорт кешені пайдалануға берілді. Жобаның 12,6 млрд теңгесі Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген.
Цифрландыру бағыты
Президенттің Ұлттық құрылтайдағы тапсырмалары мемлекеттік басқару мен қаржы жүйесін технологиялық жаңғыртуды қамтиды. Ұлттық ЖИ платформасын әзірлеу шеңберінде 15 орталық мемлекеттік органда 36 жасанды интеллект жобасын енгізу жоспары бекітілді. Ұлттық цифрлық мұрағат құрудың жол картасы қабылданды. Жоба отандық деректер орталығы мен бұлтты аналитика гибридімен іске асырылады, цифрлық мәдени контент үшін «е-кітапхана», «е-мұрағат», e-culture, e-museum жүйелері біріктіріліп жатыр. Цифрлық активтер айналымын реттеу бойынша Ұлттық Банк халықаралық тәжірибеге негізделген түзетулер пакетін әзірледі.
Қорытындылай келгенде, Ұлттық құрылтайдың тапсырмаларын орындау кешенді сипатқа ие. Инфрақұрылымдық жаңғырту, әлеуметтік саясат, индустриялық даму, жаңа мәдени және идеологиялық мазмұн, заң үстемдігі мен цифрлық интеграция бар. Бұл бастамалар еліміздің жүйелі жаңаруы мен Президент белгілеген модернизациялық бағдардың орындалуын қамтамасыз етеді.