Спорт • Бүгін, 09:25

Солтүстік спортындағы соны серпін

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Солтүстік өңір спортшыларының жетістігі ел назарын өзіне аударды. Әлемдік деңгейдегі жарыстарда жерлестеріміз үздік нәтиже көрсетіп, Көк байрағымызды биіктен желбіретіп келеді. Бұл жеңістер жұрт мерейін өсіріп, ұлттық рухты нығайтты.

Солтүстік спортындағы соны серпін

Н.Богданова мен бапкері Дастан Қабденов

Алдымен боксшы Наталья Богданова атойлап шықты. Ұлыбританияның Ливер­пуль қаласында 2025 жылы өткен әлем чем­пионатында Наталья қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, ең беделді саналатын 70 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Еліміз алған 7 алтынның арқасында командалық есепте қара үзіп, басты қарсыласымыз – Өзбекстан құрамасын бір саты артта қалдырды.

1999 жылы Петропавлда туған Наталья жастай анасынан айрылып, әжесінің тәрбиесін көрген. «Отбасым ерекше ыстық, жарысқа шыққан сайын сағынып ораламын», дейді ол. Табанды қыз бокспен қоса кикбоксингпен айналысып, 2019 жылы осы спорт түрінен шебер нормативін орындаған. 2022 жылы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Осы жарыста өзін қайрап, әлем чемпионы атануды мақсат еткен. Талмай төккен тердің арқасында сол биікке қол жеткізді. Елге жеңіспен оралғанда: «Қуанышым қойныма сыймай тұр. Жаттықтырушым екеуіміз ештеңеге алаңдамай тер төгіп, табысқа жеттік», деп ағынан жарылды.

Натальяның жеке жаттықтырушысы – Дастан Қабденов. Өз ісінің шебері әрі шәкірттерін қатаң тәртіпте ұстайтын бапкердің табысы жыл сайын артып келеді. Ол – Камиль Сафин, Жанат Жақиянов, Дариға Шәкімова сынды чемпиондарды баптап шығарған Қызылжар бокс мектебінің  тәжірибелі маманы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Наталья Богдано­ваны мемлекеттік наградамен марапаттады. Қазір қызымыз ұлттық құрама сапында кезекті жарысқа дайындалып жүр.

Қызылжар даңқын асырған ерлердің бірі – биыл Италияның Милан-Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XIV Қысқы паралимпиаданың чемпионы Ербол Хамитов. Ойындардың үш түріне қатысқан Ербол алдымен шаңғы жарысында қола жүлдемен қуантты. Ал 13 нау­рызда парашаңғыда отырып жарысудан Паралимпиада чемпионы атанып, ел қоржынына биыл Қысқы Олимпиада ойын­дарының чемпионы атанған Михаил Шайдоровтан кейін екінші алтынды әперіп, барша отандасымызды шаттыққа бөледі.

Ол 1997 жылы Қызылжарда өмірге келген. Жамбыл ауданынан көшіп келген әкесі Ғалымкерей мен анасы Ғалия қазір Петропавл қаласындағы «Береке» шағын ауданында тұрады. Ерболдан өзге бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қарапайым отбасынан шыққан жалынды азаматтың жетістігі талай жанның жүрегіне өмірге құштарлық, биік табысқа ұмтылыс шоғын үрледі.

Ерболдың өмір жолы оңай болған жоқ. Ауылшаруашылық техникумында оқып, джиу-джитсумен айналысып жүрген жас 2017 жылы бұзақылармен қақтығыста аяғынан оқ жарақатын алды. Салдарынан сол аяғын тізеден төмен кестіруге мәжбүр болған. Оны жаралаған бес қылмыскер де ұсталып, тиісті жазасын алды.

Биік белеске шыққалы тұрған жас жігіттің үміті үзілгендей күй кешті. Сүйген қызы айнып кетті, жолдастары алыстады, бапкері де көзден ғайып болды. Әжесі инфаркт алып, атасы да ауыр қайғыдан өмірден өтті. Тек ата-анасы мен жақын туыс­тары жанынан табылған азамат өмірден күдер үзбей, жаттығуын жалғастыра берді. Ішкі қуаты мен қайсарлығына сенген рухты жігіт алдымен балдақпен, кейін протезбен жаттыға бастады. Оған ММА аралас жекпе-жек федерациясының Астанадағы жаттықтырушысы Сергей Веселов пен федерация президенті Анатолий Ким сенім артып, құрама жаттығуынан қалдырмады. Бахрейнде өткен әлем чемпионатына грэпплингтен қатысып, жүлдегер атанды. 2019 жылы осы спорттан Азия біріншілігінде екінші орын иеленіп, UWW нұсқасында алтын медальға қол жеткізді.

Алайда жекпе-жектің бұл түрі Паралимпиада бағдарламасына енбеген еді. Сондықтан Ербол қысқы спортқа бет бұрды. 2022 жылы Бейжіңдегі додаға ұлттық құрама сапында шыққанымен, жүл­деге іліге алмады.

Биылғы Паралимпиадада тамаша өнер көрсетіп, алдымен қола, кейін алтын ме­даль тақты. Ел мерейін өсірген ерді Ақордада Мемлекет басшысы құттықтап, «Барыс» орденін төсіне қадады. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық бәсекеде Ерболдың алтын мен қола медаль жеңіп алуы зор абырой болғанын атап өтті.

«Нағыз чемпион атанып, мерейімізді үстем еттің, Көк туымызды биікте жел­біреттің. Бұл – қазақ параспорты тари­хындағы үлкен жетістік. Ербол халқы­мыз­дың қайсар, өр рухты, намысты ұлт екенін күллі әлемге паш етті», деді Президент.

Сонымен қатар Президент ХIV Қысқы Паралимпиададағы жоғары спорттық жетістіктеріне орай Туризм мен спорт министрлігіне қарасты Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды спортқа даярлау орталығының бапкер­лері Василий Коломиец пен Антон Ждановичке «Парасат» орденін, терістіктегі «Үміт» спорт клубының жаттық­тырушысы Аслан Тоқбаевқа «Құрмет» орденін тапсырды.

Ербол – отбасылы азамат. Жары мен екі қызы оның жетістігіне қатты қуанып отыр. Өзі қазір М.Қозыбаев атындағы университеттің студенті, келіншегі – дәрігер. Чемпионға облыс әкімі үш бөлмелі үйдің кілтін табыстаса, елордалық кәсіпкер Нұрлан Смағұлов темір тұлпар мінгізді, ал GBG құрылыс компаниясы екі бөлмелі пәтер сыйлады.

а

GBG компаниясының басқарушы директоры
Меруерт Әділбаева мен Ербол Хамитов

Шал ақын ауданынан шығып, қазір Қызылжардағы арнаулы спорт мектеп-интернатында оқитын апалы-сіңлілі Кристина, Инесса, Алина Шумековалар болашағынан үлкен үміт күттіреді. Үшеуі де конькимен жүгірумен айналысады. Кристина биыл жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 500, 1000, сондай-ақ 1 500 метрге жүгіруден чемпион атанды. Әлем кубогі жолындағы жарыста 2 алтын мен командалық спринтте күміс медаль олжалады. Онымен бірге бақ сынайтын Варвара Глухова да командалық спринтте чемпион атанды.

Қыздардың үлкені Инесса Әлем кубо­гінің финалында 1000 метр қашық­тықта топ жарды. Кристинаның егізі Алина да та­­лай халық­аралық аренада тұрақты түрде жүлде алып жүр. Бұл дарындарды Ольга Ихтен­дрис пен Александра Суровяткина жат­­­тықтырып, жеңісті жолға бастап келе­ді.

Наурыз мерекесінде облыс әкімі Ғ.Нұр­мұ­хамбетов барлық жеңімпаз, жүл­дегер спорт­шыларға 1 млн теңгеден, Крис­тина Шумековаға 3 млн теңге сыйақы табыстады.

п

Апалы-сіңлілі Шумековалар

Табыстың қайнар көзі – спортшылар­ды қолдау мен жаттығу орындарын ашып, қам­қорлық жасау екені сөзсіз. Петро­павл­да 2015 жылы ашылған А.Винокуров атындағы зәулім спорт сарайы бар. Дөңгеленген ғимаратты өңірдің бас спорт орталығы деуге болады. Мұнда хоккейден, мәнерлеп сырғанаудан, өзге де спорт түрлерінен республикалық жарыстар жиі өтеді. 2348 шаршы метр алаңы мұзда жат­тығушыларға қысы-жазы ашық. Жоға­ры­да аталған қыздардың бәрі осы мұз аренасында шыңдалады.

Былтырғы желтоқсанда қалада ұзақ уақыт жөндеуде тұрған теннис орталығы 400 млн теңгеге жаңартылып, есігін айқара ашты. «Теннис корты халықаралық стандартқа сай келеді. Онда облыстық, республикалық қана емес, халықаралық жарыстар да өткізуге болады. Қазір өңірде 2 мыңнан астам спорттық нысан бар, соның 43-і былтыр мен биыл ашылды», деді облыс әкімі. Биыл жаңа футбол стадионының құрылысы да басталады. Қолдау болса, өңір спорты осылайша қарқынды дами береді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Шиті мылтық пен түйе зеңбірек

Жәдігер • Бүгін, 09:45

Азиядан – 6 алтын медаль!

Бокс • Бүгін, 09:40

Әнші Майра тұрған үй

Мирас • Бүгін, 09:35

151 судья тағайындалды

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:30

Менің Темағам!

Руханият • Бүгін, 09:05

Баршаға ортақ мүмкіндік

Жасанды интеллект • Бүгін, 08:55