Саясат • 17 Қаңтар, 2026

Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы ашылды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған страте­гиялық маңызды нысан – Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.

Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы ашылды

Орталық COVID-19 пандемиясы кезін­де туындаған сын-қатерлерді ескере отырып салынды. Оның басты мақсаты – денсау­лық сақтау жүйесінің төтенше жағдай­ларға дайындық деңгейін арттыру, ғылыми әлеуетті дамыту, заманауи цифрлық шешім­дерді енгізу және білікті кадрлар даяр­лау. 350 төсектік орынға есептелген жаңа медициналық мекеме жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен туберкулезге шалдыққан 2,5 мың науқасқа емдеу-диагностикалық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

«Бұл орталық Президент тапсырмасымен ұлт денсаулығын нығайту және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бой көтерді. Бүгінде мұнда ғылыми зерттеулер, озық технология, болашақ мамандарды тәрбиелеу бағыттары өзара сабақтасып, біртұтас жүйеге айналып отыр. Инфекциялық аурулар­дың ұлттық ғылыми орталығы өскелең ұр­пақтың денсаулығын сақтауға, ұлттық қауіп­сіздікті нығайтуға, отандық ме­ди­циналық ғылымды дамытуға зор үлес қосады деп сенемін», деді Аида Балаева.

Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде денсаулық сақтау нысандарымен қатар әлеуметтік инфрақұрылым да қарқынды дамып жатқанын атап өтті.

«Кейінгі екі жылда елімізде 695 жаңа ме­ди­циналық нысан, 614 мың орынға ар­­нал­­ған 419 жаңа мектеп салынды. Бұл 19 апат­­ты мектепті жоюға, 58 мектептегі үш ауы­сым­ды оқыту мәселесін шешуге, 190 мектеп­тегі оқушы орындарының тапшы­лығын азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 237 спорт нысаны пайдалануға беріл­ді, оның ішінде 69-ы қалаларда, 168-і ауыл­дық жерлерде ор­наласқан. 2025 жылы 61 мәде­ниет нысанының құрылысы аяқтал­ды. Өңір­лерде 251 нысанда жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл өз­герістер, ең алдымен, халықтың өмір сапа­сын арт­тыру­ға, әлеуметтік қорғауды нығай­туға бағыт­талған», деп атап өтті А.Балаева.

Іс-шара барысында жиналғандар орта­лық бөлімшелерін аралап көріп,  мекеме­нің инфрақұрылымымен, жабдық­талуымен танысты. Сонымен қатар мекеме ұжымымен де кездесу өтті.

Айта кетейік, Инфекциялық аурулар­дың ұлттық ғылыми орталығы қысқа мер­зім­де салынған. Мұнда клиникалық көмек көр­сету, ғы­лыми жұмыс жүргізу, білім беру, цифр­лық тех­нологияларды пайдалану секіл­ді мүм­­кін­діктер бар. Орталық балалар мен жүк­­ті әйелдерге де медицина­лық көмек көр­­сете­ді. Төтенше жағдайлар кезінде жедел түрде 500 төсектік орынға дейін кеңейтілуі мүмкін.

ИАҰҒО – диагностика мен емдеуді ғана емес, инфекциялық және паразиттік аурулар, соның ішінде дәріге төзімді туберкулез түр­лері бойынша күрделі зертханалық зерт­теу­лер жүргізуге қабілетті толыққанды меди­ци­налық мекеме. Орталық ұлттық деңгей­дегі инфекциялық қауіп-қатерлерге жүйе­лі түрде жауап беретін, сондай-ақ ғы­лыми жаңалықтарды дамытып, инфекция­лық аурулар саласында мамандарды кәсіби даярлайтын жетекші базаға айналуды көздейді.

 

АЛМАТЫ