Аймақтар • 05 Қаңтар, 2026

Су тасқынының алдын алу: Түркістан облысында өзен арналары тазартылып жатыр

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары атқарылып, жағдай тұрақты бақылауға алынған. Су тасқыны кезеңінде болуы мүмкін төтенше жағдайларға жалпы 1124 жеке құрам, 112 техника, 25 қайық пен 92 мотопомпа дайындалған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Су тасқынының алдын алу: Түркістан облысында өзен арналары тазартылып жатыр

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Бағдат Шайзаданың айтуынша, департаментте тәуліктік кезекшілік штабы ұйымдастырылған. Облыс аумағындағы су нысандарына күнделікті мониторинг жүргізіліп жатыр. Өзендерде жағдай қалыпты болса, таудағы қардың қоры белгіленген нормадан төмен. Су тасқынына қарсы шаралар бекітілген жоспарға сәйкес атқарылып жатыр. Бүгінде Бәйдібек ауданындағы Боралдай дамбасы қалпына келтіріліп, Қарақожа каналына шлюз орнатылды. Сонымен қатар өткен жылы «Тұран су» мекемесінің күшімен Сауран, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласы аумағындағы өзен арналары мен қашыртқылардың 210 шақырымы механикалық тазалаудан өтсе, биыл 186,2 шақырымды тазалаудан өткізу көзделіп отыр. «Қазсушар» РМК мекемесімен облыс аумағындағы 320 каналдың 749 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілді. Биыл 400-ге жуық каналдың 800 шақырымына механикалық тазалау өткізу жоспарда бар.

6

Бәйдібек ауданында елді мекендерге жақын орналасқан каналдардың 27,9 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген. Келес ауданында елді мекендерге жақын орналасқан каналдардағы 49,7 шақырым, Мақтаарал ауданында 7,1 шақырым қашыртқылар, Жетісай ауданындағы 228,9 шақырым канал тазаланды. Арыс қаласы Байтоғай елді мекенінде «КХ-13 Байтоғай елді мекеніне кірме жол» автомобиль жолына су өткелі орнатылды. Отырар ауданы Алакөл, Көлқұдық, Ақкөл, Самрат елді мекендерінде дамбалар нығайтылды. Түлкібас ауданында 21 шақырым, Созақ ауданындағы Жуантөбе, Сызған, Жартытөбе елді мекендерінде 12 шақырым каналдар мен арық-атыздар тазаланды. Су тасқынының алдын алу жұмыстары облыс әкімінің тұрақты бақылауында.

Соңғы жаңалықтар