Президент • Кеше

Тоқаев: Кейбір «кәсіпкерлер» қоғамдық пікірді өз мүддесіне қарай бұрмалауға тырысады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында олигополияға қарсы күрес, заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару және инвесторлардың құқығын қорғау бағытындағы саясаттың мәнін ашып айтты. Президент бұл жұмыстың тоқтамағанын, керісінше жаңа кезеңге өткенін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.

Тоқаев: Кейбір «кәсіпкерлер» қоғамдық пікірді өз мүддесіне қарай бұрмалауға тырысады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, заңсыз активтерді елге қайтару жөніндегі жұмыс нақты нәтиже берген. Бас прокуратура жанындағы арнайы комитет олигополия өкілдерінен ірі көлемде қаржы өндіріп алды, ал бұл қаражат әлеуметтік және коммуналдық нысандар салуға бағытталды.

«Заңсыз активтерді елге қайтару жөніндегі комитет үлкен жұмыс атқарып, олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндіріп алды. Соның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түсті. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр», деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыс бір жолға қойылғанын, енді оны бір орталықтан басқарудың қажеттілігі жоғын айтты. Осыған байланысты инвесторлардың құқығын қорғауға басымдық берілмек. Оның сөзінше, күмән тудырған актив иелерінің өзі қаржысын ел ішінде инвестиция ретінде салуға мүдделілік танытып отыр.

«Заңсыз активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру – конъюктура не болмаса жұртқа жағу үшін жасалған саяси науқан емес, бұл – мемлекеттің мызғымас ұстанымы. Әңгіме индульгенция немесе ымыраласып, астыртын келісім жасау туралы болып отырған жоқ, олай болуы мүлдем мүмкін емес», деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан заң үстемдігін қатаң ұстанатын мемлекет ретінде инвесторлармен ашық әрі адал диалог жүргізуге дайын екенін де атап өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта да елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, ірі жобаларды іске асыру және әлеуметтік салаларға қаржы тарту басты басымдық болып қала береді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы жаңа салық реформасына қатысты ел ішінде дүрбелең туғызып, жұртты дүрліктірудің ешқандай жөні жоқ екенін атап өткен еді. 

Соңғы жаңалықтар