Олжас Бектенов спортшыларды қолдау Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, Ұлттық құрамаға, оның мамандары мен бапкерлер құрамына жеңіске жету жолында табандылық пен ерік-жігердің үлгісін көрсеткен үйлесімді әрі нәтижелі жұмыстарына алғыс айтты.
Биылғы Сурдлимпиада ойындарына 81 мемлекеттен 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Отандық спортшылар сегіз спорт түрінен ел намысын қорғап, 8 алтын, 4 күміс пен 13 қола – барлығы 25 медаль жеңіп алды. Нәтижесінде, еліміздің Ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте 9-орынды иеленді.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға спорт ғимараттарын салуға баса назар аудару қажеттігін айтты. Сурдлимпиада ойындары еліміздегі сурдлимпиада қозғалысының тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды. Бұл – спорттық ұйымдардың, жаттықтырушылардың сондай-ақ, өз еңбегімен болашақ жеңістерге берік негіз қалайтын спортшылардың үйлесімді әрі тынымсыз жұмысының нәтижесі. Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет кәсіби және бұқаралық спортты дамыту, спортшыларды қолдауға қатысты жұмыс жүргізуде, жаңа инфрақұрылым нысандары салынып жатыр. Жүйелі әрі уақтылы шаралар жалпы жетістікті арттыруға, бүкіл спорт саласын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді», деді О.Бектенов.
Марапаттау барысында сурдо дзюдо спортшыларының жетістіктері атап өтілді. Олардың жоғары деңгейде өнер көрсетуі елімізге 11 медаль (5 алтын, 2 күміс және 4 қола) алып келді әрі Сурдлимпиада ойындарының жарқын жетістіктерінің бірі болды. Команда көшбасшыларының қатарында үш дүркін және екі дүркін чемпион атанған Еркебұлан Қанафин мен Шадияр Қуандық бар.
Ал биіктікке секіруден ұлттық құрама қоржынына алтын медаль салған жеңіл атлетші Фаина Мейрманова 1,79 метрді бағындырып, ойының рекордын орнатты. Еркін және грек-рим күресінде чемпион атанған балуандар Андрей Самарин мен Шадияр Пернеш те жалпы нәтижеге айтарлықтай үлес қосты. Үстел теннисінде Қанат Конкубаев, Данияр Ескендіров, Бижан Төлебаев пен Абылай Бүркітбай қола жүлдеге ие болды. Таэквондода Аян Абдраш, Айжамол Абдикатова мен Аида Макатова қола жүлдегер атанды.
Премьер-министр қол жеткізілген барлық нәтижелер елдегі спортшыларды даярлаудың жоғары деңгейі әрі олардың аса маңызды спорттық сын-қатерлермен ойдағыдай күресуге қабілеттілігін көрсететінін айтты. Марапатталғандардың атынан жаттықтырушылар Серік Данияров пен Максим Рожков сөз сөйледі.
«Барлық спортшы мен жаттықтырушының атынан ел Президентіне сурдлимпиада спортшыларына көрсеткен үлкен қолдауына алғыс айтқым келеді. Біз Сурдлимпиада ойындарында 1997 жылдан бері өнер көрсетіп келеміз. Елімізге алтын медальды бірінші болып жеңіп алғаным есімде. Осы жылдарда өте үлкен жұмыс атқарылды. Жапониядағы ойындар біздің еліміз үшін жетістікке толы болды. Біз алғаш рет көп медаль иелендік. Осы дәстүрімізді әрі қарай жалғастырамыз», деді Ұлттық Сурдлимпиада құрамасының жеңіл атлетикадан жаттықтырушы М.Рожков.
«Бүгінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Біз осы Сурдлимпиада ойындарында жоғары деңгейде өнер көрсеттік, нәтижесінде осындай марапаттар мен жеңістерге қол жеткіздік. Елімізге, Президентке үлкен рахмет. Мен өзімнің қола медалімді Мемлекет басшысына арнағым келеді», деді үстел теннисінен ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы С.Данияров.