Қоғам • Бүгін, 12:57

Депутат: Өзгелерді кемсітіп сөйлейтін блогерлерге қылмыстық жаза қолдану керек

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Әбдиев мүгедектігі бар адамдарға қатысты мәселелерді көтеріп, депутаттық сауалын Премьер-Министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат: Өзгелерді кемсітіп сөйлейтін блогерлерге қылмыстық жаза қолдану керек

Фото: parlam.kz

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы өз Жолдауларында «инклюзия – ешкімді артта қалдырмау» қағидатын басымдық ретінде атап өтіп, мүгедектігі бар адамдарға қатысты көзқараста бірінші кезекте адамның мүмкіндігін, әлеуетін көруді міндеттеді. Бұл БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарындағы (SDG) 17-қағидаттарымен үндес ұлттық бағыт.

– «AMANAT» партиясының сайлауалды тұғырнамасында да мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын барлық салада жақсарту міндеті айқын белгіленді. Алайда соңғы айларда қоғамда алаңдатарлық үрдіс байқалды. Әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар балалар мен азаматтарға қарсы мазақ ету, қорлау, өшпенділік тілі күшейді.

Атап айтқанда, осыдан бірнеше ай бұрын блогер-сымақ біреудің аутизмі бар балаларды өлтіруге шақырғанын білесіздер. Ол әлеуметтік араздықты қоздырып қана қоймай, көпшілікті қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа ашықтан-ашық шақырды, – деді Е.Әбдиев.

Мәжілісмен тағы бір мысал келтірді.

«Күні кеше аутизм дертіне шалдыққан балалар мен олардың әке-шешесіне тіл тигізген тағы да бір блогер шықты. Ол мұндай ауытқуы бар бала жеңіл жүрісті шешеден туады деп мәлімдеді. Онсыз да ауыр дертке шалдыққан балалардың ата-аналарына бұл жығылғанға жұдырықтай тигені анық», деді ол.

Депутаттың сөзінше, мұндай блогерлерге әкімшілік емес қылмыстық жаза қолданылуы керек. Әйтпесе кез-келген адам аузына ие болмай, жазадан құтылып, қоғамға үлкен зиян келтіріп емін-еркін жүре бермек. Бұл жасырын кемсітудің ашық формаға өте бастағанының айқын белгісі.

«Бүгінде Қазақстан медициналық модельден әлеуметтік модельге өтіп жатыр. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген өзгеріс оның ішінде қоғам мүгедектік туралы көзқарасты өзгерту барысында да психологияда белгілі қабылдау кезеңдерінен өтеді: алғашқы терістеу, қарсылық пен түсінбеушілік, соңында жаңа шындықты қабылдау. Қазақстан да дәл осы табиғи өтпелі кезеңді өткеріп отыр.

Осы жағдайда мемлекеттің міндеті – қоғамның санасын дұрыс бағытта жаңғырту, тең мүмкіндіктерді қорғау және мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын мүлтіксіз сақтау», деді Ерлан Тұрсынбайұлы.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда Мәдениет және ақпарат министрлігінің инклюзия тақырыбын ілгерілетуге бөлген 66 млн теңге республикалық деңгейде айтарлықтай нәтиже бермеді. Аталған шағын қаражат бытыраңқы жобаларға бөлініп, жүйелі ақпараттық саясат қалыптаспады.

«Республикалық бюджетті талқылау кезінде мен үш жылға 600 млн теңге (жылына 200 млн) бөлу жөнінде түзету енгізген едім, алайда қолдау таппады. Бүгінгі ахуал осы бағыттың жеткіліксіз қаржыландырылуы стратегиялық қателік болғанын көрсетіп отыр. 66 млн теңгеге бүкіл республикада кемсітушілікпен күресетін, оң үлгі қалыптастыратын, өшпенділік тілін тоқтататын толыққанды іс-шаралар жүргізу мүмкін емес», деді Е.Әбдиев.

Депутат мәселелерді Үкімет деңгейінде қарастыруды сұрады.

«Біріншіден, мүгедектігі бар адамдар туралы дұрыс түсінік қалыптастыратын, өшпенділік тілінің алдын алатын, қоғамға ғылыми негізделген ақпарат беретін біртұтас коммуникациялық саясат қажет. Осы шеңберде 2026 жылға арналған инклюзивті қоғамды қосымша қолдау жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарын қабылдау мүмкіндігін қарастыруды сұраймын.

Екіншіден, қоғам санасын жаңғыртуға арналған ақпараттық жұмыстар күшейтілуі керек. Республикалық ақпараттық жобаларды жаңа деңгейге көтеру үшін қазіргі қаржыландыруды қайта қарап, инклюзияны насихаттауға арналған тұрақты, ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламаны іске қосу қажет.

Үшіншіден, мүгедектік белгісі бойынша кемсітуге қарсы құқықтық саясатты күшейту керек. Өшпенділік тілі, кемсіту және қорлау фактілеріне қарсы мемлекеттік деңгейде пәрменді шаралар қабылдау, оларды болдырмаудың алдын алу жөніндегі тетіктерді Үкімет жанынан жүйелі түрде іске асыру қажет», деді депутат.

Қоғамдағы адамгершілік деңгейі әуелі ең әлсіз азаматтарға деген қарым-қатынаспен өлшенетінін, ал қазіргі жағдай мемлекеттік деңгейде жүйелі шешімді қажет ететін дағдарыстық белгі екенін айтқан депутат Ерлан Әбдиев аталған ұсыныстарды Үкіметтің қарауына алып, нақты шаралар қабылдауды сұрады.