Инвестиция • Кеше

Түркістандағы 9 млрд теңгеге салынып бітпеген жағажайға тағы 5 млн доллар бөлінбек

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында бұдан бұрын 9 млрд теңге жұмсалған жағажайды абаттандыру жобасын аяқтау үшін тағы 5 млн доллар инвестиция тартылмақ. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz

Түркістандағы 9 млрд теңгеге салынып бітпеген жағажайға тағы 5 млн доллар бөлінбек

Облыс әкімінің айтуынша, жобаға жаңа инвестор табылған.

«Инвестормен барлық келісімдер жасалды, қазір келісімшартқа қол қою кезеңінде тұрмыз. Келесі жылдан бастап ол 5 млн доллардан астам қаржы құйып, жағажайды дамытуға кірісуді жоспарлап отыр», деді Көшеров.

2023 жылдың қарашасында «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дидар Смағұлов жағажай аумағынан түсірілген фотоларды жариялаған еді. Оның мәліметінше, 2020-2021 жылдары су астындағы арнаны қазу, жасанды көлдің түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстарына 1,8 млрд теңге жұмсалған, кейін тағы 7 млрд теңге игерілген. Жоба облысты Өмірзақ Шөкеев басқарған кезеңде жүзеге асқандықтан, әлеуметтік желілерде «Шөкеев жағажайы» деген атауға ие болды.

Белсенді жариялаған кадрлардан жағажай инфрақұрылымының қирағаны және аяқталмағаны анық байқалады. Жолдары жартылай ғана төселген, жарық бағандарында шамдар жоқ, ал «миллиардтаған көгалдандыру» деп көрсетілген ағаштардың орнына құр топыраққа қадап қойған бұтақтар тұрғаны айтылды. Жоба бойынша көлеңкелі аймақтар, клён ағаштары, орындықтар, газон мен гүлзарлар және суару жүйесі қарастырылғанымен, олардың көпшілігі салынбаған.

Фотоларда жағалау аймағының шомылуға бейімделмегені де көрінеді.

2023 жылы облыстың экс-әкімі Дархан Сатыбалды жағажай құрылысы бірнеше кезеңнен тұратынын, алайда бірінші және екінші кезеңдерді бастауға қаржыландыру болмағанын мәлімдеген болатын.