Банк • Кеше

«Отбасы банк» АҚ Қызылорда филиалы жылжымайтын мүлік жәрмеңкесін өткізді

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Отбасы банк» АҚ Қызылорда филиалы жаңа форматтағы шараларды қолдайды және іске асырады. Әсіресе ол халыққа тиімді болса, бірден білек сыбана кіріседі. Облыстық филиал салымшылары мен серіктестеріне қолжетімді баспанаға жетудің тетіктерін таныстыру, жинақ мәдениетін қалыптастыру, тұрғын үй нарығындағы жаңалықтарды талқылау үшін жылжымайтын мүлік жәрмеңкесін ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Отбасы банк» АҚ Қызылорда филиалы жылжымайтын мүлік жәрмеңкесін өткізді

Филиал басшысы Әділжан Сәулебаевтың айтуынша, банк қаржы институты ғана емес, әрбір отбасының болашағына әсер ететін ұйымға айналды.

Жәрмеңкеге келушілерді қызықтырған банктің «Арманға жол» өнімі – өте тиімді құрал. Алдымен клиент депозит ашады да, жұмыс беруші мекемесінің бухгалтерімен келісім жасайды. Бухгалтер жалақысынан белгіленген соманы ай сайын депозитіне аударады. Баспана алуды армандайтын, бірақ жалақы алғанда депозит толықтыруды кейінге шегеретін, ұмытып кететін жандар үшін бұл өте қолайлы.    

Салымшы Ұлтай Ешимова да бүгінгі шараға келіпті. Ол бұрындары пәтерлерін долларлық несиемен рәсімдегендіктен төлей алмағанын еске алады.

–Бәрін сатып, қарызды жабуға тура келді. Кейін осы Отбасы банкке ақша жинауға болатынын білдім. Бірақ алдындағы тәжірибем сәтсіз аяқталғандықтан, беттемедім. Жолдасым тұрақты салымшы болды. Алғашқы үйдің жарты сомасын жинадық. Екінші баспанаға көлігімізді сатып, ақшасын салдық. Үшінші пәтерге зейнетақы қорындағы шекті сомадан асқан қаржыны пайдаландық. Сөйтіп «Отбасы банктің» арқасында сатуға мәжбүр болған пәтерлерді қайта түгендедік, дейді банк салымшысы.

Қызылордада 2024 жылдан бері жас отбасыларға арналған «Сыр жастары» атты өңірлік бағдарлама бар. Облыс әкімінің қолдауымен жергілікті бюджеттен  жыл сайын 1,2 млрд теңге, банктен 500 млн теңге бөлінеді. Осыған дейін 100 жас отбасы баспаналы болды, биыл тағы 100 отбасыға несие рәсімделуде.

Сол жағалаудағы жаңа үйден пәтер алған Бақытжан Рсаев – облыстық көпбейінді аурухананың реаниматолог дәрігері.

«Жұмыс орным жалға берген пәтерге 80-100 мың теңге төлеп тұрдым. Балалар өскен сайын қалайда өз баспанамыз болу керек деп ойлайсың. Оңтайлы мүмкіндіктерді  іздестіріп, «Сыр жастары» бағдарламасы туралы білдік. Сөйтіп бізді үйлі ететін ең қолайлы әрі тиімді бағдарлама болғандықтан «Отбасы банкке» ай сайын 100 мың теңгеден ақша салдық. Межелі 2 миллион ақша жиналып, ипотеканы 13 жылға рәсімдедік. Айына 175 мың теңгеден төлеймін. Бастысы – өз үйіміз, жылы ұямыз», дейді жас маман.

Бұл бағдарламаның қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5% (ЖТСМ 5,2% бастап 5,7% дейін) болғандықтан, баспаналы болуға ұмтылатындар саны көп. 

Адам өмірінің сәулелі сәті – баспаналы болған кез. «Отбасы банк» баршаға осы бақытты сыйлап келеді.