Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Облыстық полиция департаментіне қарасты көші-қон қызметінің мәліметінше, жыл басынан бергі он айдың ішінде 648 адам Қазақстан азаматтығын алған. Оның 495-і – қандас.
Биыл Өзбекстаннан – 140, Ресейден 10 этностық қазақ квота бойынша қоныс аударған. 62 қандас – Рудныйға, қалғаны Қостанай қаласы мен Қостанай, Бейімбет Майлин, Қарасу, Қамысты, Сарыкөл, Денисов, Жетіқара, Науырзым, Әулиекөл, Ұзынкөл аудандарына қоныстанып отыр.
Квотаның артықшылығы көп. Облыстық жұмыспен қамтамасыз етуді үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің бас маманы Айсәуле Омарбекованың айтуынша, мемлекет өңірлік квотаға енген қандастардың көшіп келуі үшін адам басына 70 АЕК мөлшерінде, яғни 275 мың теңге қаржылай көмек көрсетеді.
– Қандастар отбасымен 5 жыл мерзімге әлеуметтік келісімшарт жасалады. Осы шарт негізінде, мәселен, 5 балалы отбасы көшіп келсе, 3,2 млн теңгенің шамасында қаржылай көмек алады. Мұның сыртында, баспана сатып алуға үй құнының 50 пайызы мөлшерінде экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Қалғанын өздері төлейді. Алайда сатып алынатын пәтердің жарты құны 1 160 АЕК-тен аспау керек. Биыл квотаға енген 150 адамның 22-сі осы сертификат бойынша баспаналы болды. Мысалы, үш отбасы Қостанай қаласынан пәтер сатып алды. Экономикалық ұтқырлық сертификаты бойынша 22 отбасы (86 адам) жекеменшік үй сатып алды. Ақпараттық-түсіндіру жұмысы аясында біздің басқарманың сайтына ақпараттық паспорттар, елді мекендердің картасы, облысқа қарасты аудандар мен қалалар туралы дерек орналастырылған, – дейді бас маман.

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Былтыр, биыл көшіп келген қандастармен де тілдесіп көрдік. Мысалы, Қостанай қаласының тұрғыны, зейнеткер Нұрзия Әлімова өткен жылы Санкт-Петербург қаласынан қоныс аударып келген. Айтуынша, мемлекет көшіп келуге 275 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсеткен.
– Қостанай қаласындағы мансап орталығының мамандарына мың да бір алғыс. Сол қыздар білмегенімді түсіндіріп, құқықтық-ақпараттық тұрғыдан көп көмек берді. Санкт-Петербургтегі пәтерім сатылды. Енді Қостанайдан үй алам ба деген ниетім бар. Бұрын баспана сатып алуға материалдық көмек берілген дейді. Бірақ өз басым ондай көмек алған жоқпын. Онсыз да барынша көмек көрсетіп жатыр, бұйырғаны – осы. Мемлекеттің мойнында басқа да әлеуметтік міндеттер көп қой, сондықтан пәтерді өз ақшама сатып алайын деп отырмын. Оған жағдайым жетеді, – дейді Н.Әлімова.
Алыстан келген ағайынның бірден үй сатып алатын жағдайы жоқ. Бастапқыда көбі пәтер жалдап тұрады. Мемлекет мұны да ескеріп, үй жалдайтындарға субсидия тағайындаған.
Өңірде әрбір қала, әрбір аудан орталығында жаңа қоныс аударған немесе көшіп келетін ниеті бар қандастарға жан-жақты көмек көрсететін мансап орталықтары, оның бөлімдері жұмыс істеп тұр. Қостанай қаласындағы мансап орталығының басшысы Эльмира Есмағанбетованың айтуынша, биыл облыс орталығына квота бойынша 14 отбасы (27 адам) қандас қоныс аударған. Оның ішінде 3 адам (1 отбасы) экономикалық ұтқырлық сертификатын алған.

– Биыл Қостанай қаласына Ресейден – 5, Өзбекстаннан 9 отбасы көшіп келді. Олардың ішінен еңбекке қабілетті 8 адамды «Group» серіктестігіне, «СарыарқаАвтоПром» зауытына, мектептерге, мүгедектер мен қарттарға қызмет көрсететін орталыққа жұмысқа орналастырдық. Қандастардың көшіп келуіне 7 156 240 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Қазірше жеке баспанасы жоқ отбасылар өздері жалдап тұрып жатқан пәтердің ақысын төлеу үшін де ай сайын мемлекеттен қаржылай көмек алады. Мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсіп ашып жатқандар да бар, – дейді Э.Есмағанбетова.
Мемлекеттің қолдауымен кәсіпкерлікке бет бұрып жатқандардың бірі – Түрікменстаннан қоныс аударған Күміс есімді қандас. Күміс биыл 1 572 800 теңге қайтарымсыз грант алып, наубайхана ашып алған. Мұның сыртында, түрлі кулинарлық өнімдерді пісіріп сатады.
Жоғарыда бүгінге дейін облысқа 37 мыңдай қандас қоныс аударғанын айттық. Соның тең жартысы Өзбекстанның кенді өңірлерінен келген. Дені кен өнеркәсібі дамыған Рудный қаласына шоғырланған. Бұрынғы жылдары қандастарға жыл сайын облысқа 500-дей, ал Рудныйға кем дегенде 200 квота бөлінетін. Өкінішке қарай, квота саны жыл санап азайып барады. Тіпті Рудный қаласының әкімдігі жұмыс орындары мен баспана тапшылығын, алыстан жеткен ағайынның арасында жоғары білікті мамандардың жоқтығын желеу етіп қандастарды қабылдағысы келмейтіндей көрінеді.
Әрине, қала басшылығына ең әуелі тыныштық керек. Ал қалың қандасқа артында қаулап өсіп келе жатқан кейінгі ұрпақтың, тәрбиелеп отырған бала-шағасының келешегі маңызды. Сондықтан балам жат жерде жүргендей өзін өгей сезінбесін деген ниетпен ескі атауларға сіресіп тұрған қала көшелерін жастарға түсінікті, балаларға өнеге болатындай елге еңбегі сіңген лайықты тұлғаның есімімен атағысы келеді. Ал байырғы тұрғындар одан ат-тонын ала қашады. Бұл жағдай ұйқысын қашырып, мазасын кетіре берген соң, қала басшылығы қандастар квотасын азайтуды жөн көрген сыңайлы.
Одан кейін айтпауға болмайтын тағы бір мәселе, Рудныйдың кейбір байырғы тұрғындары қандастарды өздерінен төмен санайтынын көрсетіп қояды. Өйткені байырғы тұрғындардың жағдайы бар, тұрмысы жақсы. Біреуінің өз автомектебі бар, біреуі «Горняк» кешенін басқарады әрі депутат, көбі мемлекеттің қолдауымен кәсіп ашып, мол табысқа кенеліп отыр. Сөйте тұра, мемлекеттің саясатына қайшы қылық көрсетіп, қандастарға қоқаңдайтыны бар. Бұл ең әуелі Рудныйда идеология жұмысының ақсап тұрғанын көрсетеді.
Жалпы, Рудныйда этностық құрамның өзгеруі, көші-қон үдерісінің үдеуі тәрізді жағдай жайбарақат, қалыпты, тыныш өтетін құбылыс емес. Мұндай жағдайда әлеуметтік қайшылықтың болуы – заңдылық. Бұл – тарихтан белгілі нәрсе. Сондықтан қала басшылығы квотаны азайтуды қоя тұрып, қандастарды өзекке теппей, тұрғындар арасындағы әлеуметтік теңсіздікті, тілдік кедергіні жоюды қолға алып, этносаралық ынтымақты нығайту жағын, қандастарды кәсіпкерлікке, жұмысқа тарту, жастарға жоғарғы білім беру мәселесін реттеу жағын ойластырса игі.
Рудныйдағы қандастардың жағдайын талай жыл «Егеменнің» Қостанай облысындағы меншікті тілшісі болған, кейін төрт жылдай «Отандастар» қорында қызмет еткен Нәзира Жәрімбетовадан артық білетін ешкім жоқ.
– Біріншіден, қандастар Рудныйда тілдік орта қалыптастырды. Мысалы, Рудныйда қазір аузы-мұрнынан шығып тұрған 3-4 мектеп бар. Жақында 900 орындық тағы бір мектеп салынды. «Отандастар» қорының жұмысымен Рудныйға жиі барып тұрдым. Өйткені келгендердің 90 пайызы – негізінен өзбекстандықтар, сол жерге барды. Көшеден 3 адам кездессе, соның екеуі қазақша сөйлеп бара жатады. Яғни тілдік орта жасады. Мектепте бәрі қазақ тілінде оқып жатыр. Қандай керемет! Ертең оның бәрі қазақтілді азамат, қазақтілді маман болып шығады. Екіншіден, келіп жатқандардың дені – еңбекке қабілетті жастар. Бірақ жоғарғы білімділері өте аз. Бұл өңірде жоғарғы білім алуға мүмкіндік мол. Қандастар – негізінен жұмысшы мамандар. Бәрі – жастар. Бір отбасында жоқ дегенде екі баладан бар. Көбі – 5–6 балалы отбасылар. Бұл бізге өте тиімді. Үшіншіден, Өзбекстаннан келіп жатқан жігіттердің 70–80 пайызы – кеншілер. Әйелдердің көбі – кеніш зертханаларында жұмыс істеген лаборанттар. Төртіншіден, қандастардың көбі еті тірі, алғыр, табанды, еңбекқор, бесаспап болып келеді. Олар келген соң жұмысқа тұрмайынша бір жыл бойы азаматтық ала алмайды ғой. Сол аралықта сантехник те, электрик те болып кетеді. Кейінгі екі жыл ішінде, өкінішке қарай, қандастар Рудныйға шоғырлана бермей, ауылға барсын деген шықты. 2023 жылдары қандастарға берілетін 500 квотаның 200-і Рудныйға беріледі. Қалғандарына ауданға, ауылға барыңдар дейді. Олар, біріншіден, негізінен кенде істеген адамдар. Көбі Зарафшан, Үшқұдықтан келген. Екіншіден, қазір урбанизация әлі тоқтаған жоқ. Ауыл халқы мүмкіндігі жетсе, қазірге дейін қаладан үй сатып алып жатыр. Ал қандастар неге ауылға бару керек? Олардың көбі кеншілер, мал ұстап көрмеген. Қазір қалаға, керісінше, шетелдіктер қаптап жатыр. Оларға орын табылғанда, қаладан қандастарға неге орын табылмайды? – дейді Н.Жәрімбетова.
Қалай десек те, кейінгі жылдары Қостанай өңіріне қоныстанып жатқан қандастардың көбі – мал шаруашылығына қыры жоқ болғанымен, кен саласында әмбебап келетін Өзбекстанның қазақтары. Оларды ауылға жібергеннің өзінде көбі бір-екі жылдан кейін қалаға қайтып көшіп келіп алады. Сондықтан қандастарға кедергі жасамай, керісінше, олардың Рудныйға келіп орнығуын оңтайландыру мәселесін мықтап қолға алған жөн.
Қостанай облысы