«Эмоциялар өте күшті болды. Бізді Ақордаға кірген сәттен бастап жоғары деңгейде қарсы алды. Бұл – үлкен жауапкершілік. Ғалым ретінде еңбегіміздің осылай бағалануы – үлкен сенім», деді ол.
Марапаттау рәсімі Ғылым күні қарсаңында өтті. Бұл – ғылыми қауымдастық үшін ерекше маңызды кезең.
«Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін ғылымның мәртебесі артты. Енді мемлекет ғылымға бұрынғыдан да жоғары деңгейде көңіл бөліп отыр», деді ғалым.
Асия Ермұхамбетованың ғылымға қызығушылығы мектеп кезінен басталған. Химия пәні мұғалімі оның ғылыми бағытқа бет бұруына түрткі болған.
Ол кейін Satbayev University-де білім алып, «Болашақ» бағдарламасымен University College London университетінде PhD дәрежесін қорғаған. Бүгінде жас ғалым Қазақстандағы ғылыми ортаға да белсенді үлес қосып келеді.
Оның бастамасымен 400-ден астам зерттеушіні біріктіретін Жас ғалымдар альянсы құрылған.
Қазіргі уақытта ғалымдар тобы химия мен жасанды интеллектті ұштастыра отырып, жаңа материалдарды зерттеумен айналысады.
«Біз қазір жасанды интеллект әдістерін қолдана отырып, материалдарды зерттеу үстіндеміз. Бұл тәжірибелерге кететін уақытты қысқартуға және электродтар үшін оңтайландырылған микроқұрылымдарды алуға мүмкіндік береді. Негізгі мақсат – технологиялар көмегімен ғылыми жаңалықтарды жылдамдату және олардың дәлдігін арттыру», деп түсіндірді Асия Ермухамбетова.
Мұндай зерттеулер ғылым мен өндірістің дамуына жаңа серпін беріп, инновациялық технологияларды жеделдетуге жол ашады. Мамандардың айтуынша, бұл Қазақстан ғылымының жаңа деңгейге көтерілуінің айқын көрінісі.
Еске сала кетейік, бүгін Президент жиында жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне «Әл-Фараби» ордені енгізілетінін мәлімдеп, қазақстандық ғалымдарды марапаттады. Ал бір топ жас ғалымға пәтер кілттерін табыстады.