Таэквондошылар арасындағы биылғы әлемдік біріншілік Африканың інжу-маржаны саналатын Найробиде ұйымдастырылды. Бейбарыс Қабылан 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жарыстың алғашқы күнінен-ақ оның аяқалысы ерекше екені аңғарылды. Алғашқы айналымдарда Үндістан мен Түркия спортшыларын сенімді түрде қапы қалдырып, жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финалда Бейбарыс Иран спортшысы Ашрафи Амирмохаммадпен белдесті. Таэквондо әлемінде Иран мектебі ерекше мықты саналатыны белгілі. Соған қарамастан, Бейбарыс қарсыласының шабуылдарын дер кезінде тоқтатып, 2:1 есебімен жеңіске жетіп, финалдың есігін айқара ашты.

«Әлемдік деңгейдегі жарыста жеңіске жету оңай емес. Иран спортшысы мықты қарсылас болды, бірақ әр раундта тактикалық жоспарыма сай қимылдап, жеңіске жеттім. Енді алдағы мақсат – Қазақстанның көк туын әлемдік ареналарда биікке көтеру», дейді Бейбарыс Қабылан.
Кез келген доданың финалында спортшының ең үлкен ұмтылысы сыналады. Бұл кезеңде Бейбарысқа Оңтүстік Кореяның өкілі Ян Чжунён қарсы тұрды. Тартысты жекпе-жекте отандасымыз қарсыласының әрбір қимылын дәл бақылап, сәт сайын тиімді соққылармен басымдыққа ие болды. Ян Чжунён финалда бірнеше мәрте белсенді әрекеттерге көшкенімен, Бейбарыстың қырағылығы мен техникалық артықшылығы шешуші рөл атқарды. Ақырында, жарыс нәтижесі біздің спортшының айқын басымдығымен аяқталып, Қазақстанның аты әлемдік таэквондо тарихында алтын әріппен жазылды.
