Фото: qostanaitv.kz
Қаражат Қостанай, Жітіқара, Арқалық қалаларын жылумен жабдықтау және Рудныйды сумен жабдықтау нысандарын жөндеуге бағытталды.
Қостанай қаласының ЖЭО бас бу құбырын реконструкциялауға 188 млн теңге бөлінді. Бұл нысан 1955 жылы пайдалануға берілген.
Бу құбырын ішінара жөндеу соңғы рет 2012 жылы жүргізілген. Жаңғырту қысқы кезеңде ЖЭО жұмысының сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жітіқара қаласында 11 шағын ауданда жылу желілерін жөндеуге 389 млн теңге бөлінді. Бұл жылу желілері 183 көппәтерлі үй, 2,5 мың аз қабатты үймен қатар, қала құрылысының едәуір массивтерін қамтиды. Жылу энергиясын тұтынушылардың жалпы саны 15,5 мың абонентті құрайды.
Жалпы, қаланың жылу желілерінің ұзындығы 78 шақырым, оның ішінде магистральдық желілері – 7,53 шақырым.
Сондай-ақ жұмыстар Арқалық қаласында да жүргізіліп жатыр, онда жылу желілерін реконструкциялау бойынша жобаның үшінші кезегін жүзеге асыруға шамамен 645 млн теңге бағытталды. 2025 жылға есептеулерге сәйкес жалпы ұзындығы 10 шақырым болатын 1,6 шақырым желіні жаңарту жоспарланып жатыр. Бұл желіге жалпы білім беретін мектеппен қатар 300 абонент қосылған.
Рудный қаласының сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау жобасы 500 млн теңгеге қаржыландырылды. Атап айтқанда, қаражат 1978 жылы пайдалануға берілген қаланың №2 сүзгі стансасын жаңғыртуға жұмсалады. Жоба Рудный қаласын, Қашар және Горняцк кенттерін, сондай-ақ өнеркәсіптік нысандарды – барлығы 122 мыңнан астам адамды үздіксіз және сапалы сумен жабдықтауды, сондай-ақ жылыту маусымының апатсыз өтуін қамтамасыз етеді.
Үкімет қабылдаған жаңғырту шаралары өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды едәуір нығайтуға, жылу және сумен жабдықтау нысандарының сенімділігі мен тиімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға, тұрғындар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды жылумен және сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.