Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейінгі көліктік-логистикалық әлеуетті дамыту тұжырымдамасы аясында 5 трансшекаралық хабты қалыптастыру жұмысы іске асырылып жатыр. Бүгінде барлық 5 трансшекаралық хаб бойынша нақты іс атқарылып отыр.
«Біріншіден, басқарушы компаниялар мен олардың жұмыс істеу шарттары айқындалды, екіншіден, әлеуетті инвестициялық жобалардың пулдары қалыптастырылды, үшіншіден, электр энергиясы, сумен жабдықтау, көлік жолдары мен коммуникациялар сияқты негізгі инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп келеді», деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Трансшекаралық хабтарды іске асыру бойынша ұйымдастыру шаралары туралы айтқан министр, инфрақұрылымның дайындық жұмыстары аяқталғанын жеткізді. Жобаларды нақты іске қосу, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту мен кооперацияның жаңа формаларын дамытуға басымдық беріледі. Нәтижесінде шекара маңындағы сауда процестерін тездетіп, шикізаттық емес экспорт көлемін 30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді әрі отандық компаниялар үшін тиімді логистикалық жағдай жасайтын болады.
«Еліміз Орталық Азияның негізгі көлік торабына айналуы керек. Мемлекет басшысы алдымызға осындай міндет қойып отыр. Сондықтан сауда-логистикалық хабтарды құру – трансшекаралық экономикалық байланыстарды дамытудың маңызды стратегиялық бағыты», деді О.Бектенов.
Қазір транзиттік бағыттар мен инвестициялар үшін бәсекелестік күшейіп келеді. Осыған орай жерүсті көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіптік кооперация мен сауда желілерін жедел дамыту қажет. Трансшекаралық хабтарды толық іске қосу жүк қозғалысын айтарлықтай қысқартып, өткізу қабілетін арттыруға, өндіріс көлемін, салық түсімдерін және экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Жүйелі қарайтын болсақ, бұл жобалар капитал мен жаңа өндірістерді тарту орталықтарына айналады. Осыған байланысты жұмыс қарқынын күшейтіп, барлық тараптардың өзара іс-қимылын айтарлықтай жақсарту қажет. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдардың жұмысын тиімді үйлестіруі керек. Сондай-ақ жобалардың іске асырылуына тұрақты мониторингті қамтамасыз ету де маңызды», деді Үкімет басшысы.
Хабтардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға көңіл бөлген жөн. Ол үшін ең алдымен, бизнеске қолайлы жағдай жасау керек. Атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылымның дайындығын қамтамасыз ету, арнайы экономикалық аймақтар құру, рәсімдердің ашықтығы, мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жедел әрекет етуі сияқты мәселелерді шешуге басымдық берген дұрыс.
«Хабтардың аумағында логистика, қоймалау, жүктерді тиеп-түсірумен ғана шектелмей, нақты өндірістер құрып, жұмыс орындарын ашу да маңызды. Болжамдылық, жылдамдық пен әкімшілік кедергілерді азайту керек. Инвесторлар үшін ең маңыздысы – осы», деді Премьер-министр.
Сервис деңгейі жоғары болған сайын, хабтардың аумақтары да резиденттермен тезірек толығып, экономикалық тиімділігі арта түседі. Осыған байланысты инвесторлармен, операторлармен, сондай-ақ өндірушілермен тұрақты диалог орнатқан ләзім. Бірлескен жобалар өзара тиімді негізде жүзеге асырылуға тиіс.
«Әкімдіктер жер учаскелері, инженерлік желілер, жолдар мен теміржолдар сияқты базалық инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз етуі қажет. Хабтардың орнықты жұмысы осыған байланысты. Туындаған барлық мәселе шұғыл шешімін табуға тиіс», деген Үкімет басшысы бірқатар тиісті ведомствоға тапсырмалар жүктеді.
Өнеркәсіп министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ әкімдіктермен бірлесіп, биылғы 20 желтоқсанға дейін Индустриялық сауда-логистика кешені мен «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы бойынша арнайы экономикалық аймақ құру тұжырымдамасын әзірлеуге тиіс. Көлік министрлігі Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысының жобасын ерекше бақылауға алып, келесі жылдың 1-тоқсанының соңына дейін жұмыс нәтижелері туралы баяндайды. Ал Сауда министрлігі трансшекаралық хабтарды дамыту саласында бірлескен жобаларды қалыптастырып, іске асыру үшін әлеуетті инвесторларды іздестіру мен тарту жұмысын жандандыруы қажет.
Үкімет отырысының күн тәртібінде елдегі қалдықтардың барлық түрлерін басқарудың 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы да талқылауға шығып, бірауыздан мақұлданды. Расында қазір өңірде қалдықтарды басқару күрделі экологиялық мәселеге айналған. Экономика мен құрылыс секторындағы өсім барлық санаттағы қалдықтардың көбеюіне әкелді. Негізгі үлесті өнеркәсіптік қалдықтар құрайды, оларды қайта өңдеуді міндеттейтін тетіктердің жоқтығынан жылдар бойы жиналып, қоршаған ортаға қауіп төндіріп отыр.

«Коммуналдық секторда жыл сайын 4,5 млн тонна қалдық түзіледі, бірақ оның небәрі 25–26%-ы ғана қайта өңделеді. Қалғаны талапқа сай емес полигондарға жіберіледі. Тұрмыстық қалдықтардың 30–40%-ын құрайтын тағам қалдықтарын өңдейтін инфрақұрылым жоқ. Құрылыс қалдықтары да заңға қарамастан полигондарға түсіп, стихиялық қоқыс алаңдарының көбеюіне себеп болып отыр», деді Экология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушы Жомарт Әлиев.
Жалпы, сала экологиялық, экономикалық, институционалдық қиындықтардың тоғысында тұр. Қалдықтардың жиналып қалуы – әлемдегі ең өзекті экологиялық мәселе. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік банктің есептеріне сүйенсек, жыл сайын 2 млрд тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық пайда болады. Олардың басым бөлігі қайта өңделмейді.
«Сарапшылардың бағалауынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есе ұлғайып, жылына 3,8 млрд тоннаға жетеді. Мемлекет басшысы еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында нақты шаралар қабылдау қажеттігін үнемі айтып келеді. Ол үшін қалдықтардың барлық түрін толықтай қайта өңдеу керек», деді О.Бектенов.
Біздің елде тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемінің шамамен 25%-ын ғана құрап отыр. Осы мәселелерді шешу үшін Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары іске асырылып жатыр. Қазір инвесторлар анықталып, олармен тиісті келісімдер жасалды. Алдағы уақытта бұл тәжірибе өзге аймақтарға да таратылатын болады.
«Қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту үшін жеңілдетілген қаржыландыру тетігі арқылы 185 млрд теңге қаралған. Бүгінде 60 жоба мақұлданды, оның 22-сіне қаражат бөлінді. Экология министрлігі әкімдіктермен бірге осы жобаларды жүзеге асыруы керек. Сондай-ақ өнеркәсіптік, медициналық тағы басқа да қалдықтарға қатысты тиісті шешім қабылдауға тиіс», деді Үкімет басшысы.
Қалдықтардың барлық түрлерін басқару Тұжырымдамасын іске асыру экологиялық, бұған қоса санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін нақты бақылау мен болжам жасау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл қайта өңдеу мен қайта пайдалануға бағытталған қалдықтарды басқару саласының дамуын ынталандырады.
«Аталған тәсіл Президенттің табиғатты аялау жөніндегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» бастамасының талаптарына сай келеді», деген О.Бектенов саланы цифрландыруға, қалдықтардың цифрлық есебін жүргізуге, олардың қозғалысын, жинақталуы мен кәдеге жаратылуын бақылауға ерекше назар аудару керек екенін айтты.
Үкімет басшысының айтуынша, қалдықтарды басқару саласының инвестициялық әлеуеті жоғары, ол бізде әзірге тиісті деңгейде пайдаланылмай отыр. Әлемнің көптеген дамыған елдері қалдықтарды жинақтаудан біртіндеп тұйық циклді экономикаға көшіп жатыр. Бұл өз кезегінде, электр энергиясын өндіруге әрі өндірісте қайта пайдалануға болатын шикізат алуға мүмкіндік береді.
«Тұжырымдама қалыптасқан тәсілдерді өзгертіп, саланың инвестициялық әлеуетін арттыруды әрі қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтамасыз етеді. Осыған орай ұсынылған Тұжырымдама жобасын мақұлдауды ұсынамын», деген Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.
Экология министрлігі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ өңір әкімдіктерімен бірлесіп, Тұжырымдамада жоспарланған іс-шаралар мен оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының уақтылы орындалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ аталған министрлік Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірге келесі жылы қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыттарының құрылысын бастауы керек.
Қолданыстағы бюджет заңнамасына сәйкес қоршаған ортаға эмиссиялар мен басқа да экологиялық төлемдер жергілікті бюджетке бағытталып жатыр. Олжас Бектеновтің айтуынша, өңірлер осы қаражат есебінен экологиялық мәселелерді шешу үшін тиісті жұмыс жүргізбей отыр. Осыған байланысты Экология министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірге экологиялық төлемдер есебінен қалдықтарды жинау, қайта өңдеу мен кәдеге жарату инфрақұрылымын құру мен қаржыландыру шараларын қабылдауды тапсырды.