Қоғам • Бүгін, 08:48

Әріптес әкімнің жүйелі жұмысы

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

2021 жылы ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілгелі бері өңірде ашық сайлауға түскен кандидаттардың саны артты. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қолға алынған сайлау жүйесі жұрттың көңілінен шыққаны анық. Ал халықтың қолдауымен әкім болғандар сенімді ақтап жүр ме?

Әріптес әкімнің жүйелі жұмысы

Облыстық сайлау комиссия­сы келтірген дерекке жүгінсек, жыл басынан бері өңірдегі 53 ауылдық округ әкімі сайланыпты. Халық таңдаған әкімдердің орташа жасы 44-ті құрап отыр. Сайлауда жеңіске жеткендердің 51-і ер-азамат болса, 2 нәзікжанды азамат ауылдық округтің тізгінін қола алған. Қайта сайланған әкімдердің үлесі 58,3 пайызды құраған.

Демократиялық үрдіс негі­зінде өткен биылғы сайлауда Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Абай ауылдық округінің әкімі Мұрат­бек Арыстанбеков екінші рет халық қолдауына ие болды.

2006–2010 жылдары аудандық «Құлан таңы» газетінің бас редак­торы қыз­метін абыроймен ат­қарған М.Арыстанбековті әріптесі­міз деп айтсақ та болады.

«Еңбекші және Көкарық елді мекендерінен құралған Абай ауыл­дық округінде 2 300-ге жуық халық қоныстанған. Біздің аудан аграрлы аймақ болған­дықтан, жергілікті халық та ауыл шаруашылығын өркендетуге басымдық беріп отыр. Өңір және аудан басшы­ларының қолдауы­мен ауылымызда атқарылған жү­йелі жұмыс аз емес. Екі жыл бұ­рын көк­тем және күз мезгілінде тау суы­ның тасқыны зәремізді алды. Еңбекші ауылын су басу қаупі туындады. Сол кезде табиғи апаттың алдын алу үшін 3,8 млн теңгеге дренаж қазылып, бұрынғы дренаж тазаланды.

пр

Бұған қоса «Жастар» және Қаныш Сәтбаев көшелерінің бұрылысындағы электр желісі жөнделді. Еңбекші және Көкарық ауылдарына балалар ойын алаң­дары салынды.

2024 жылы «Қарақатты» тоғанының құрылысы басталып, ауылға қарай жерасты құбыры тартылды. Оның жо­балық құны шамамен 1 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақыт­та 200 гектарға жуық егістік алқабы мен ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықтардың жерлері тұрақты түрде суарыла­тынын айта кеткен жоқ. Билік басындағы азаматтардың ықпа­лымен ауылы­мыздағы өзекті мәселенің уақтылы шешілгеніне жергілікті тұрғындар дән риза.

Ауылдағы орталық саябақты абаттандыру және Екінші дүние­жүзілік соғысқа арналған ескерт­кіш үшін 3 млн 389 мың теңге қара­жат бөлініп, 2,8 млн теңгеге «Есір­кепова» жеке кәсіпкерлігі толығымен жобалық-сметалық құ­жатқа сәйкес абаттандырылды», дейді Мұратбек Дәкенұлы.

Жалпы, Абай ауылының халқы ауылдағы мектеп, амбулатория секілді өзге де әлеуметтік нысандарда еңбек етумен қатар, төрт тү­лік бағып, нәпақасын айырып отыр­ғаны мәлім. Әкім келтірген дерек­ке жүгінсек, егістік алқап аума­ғы 4 мың гектардан асады. Сон­дай-ақ 25 мың гектардан аса жайы­лым бар. Күре жолдың бойында ор­на­ласқан ауылдың халқы мал шаруа­шылығын дамытып, оның ішінде мал бордақылаумен айналысады.

«Қазіргі кезде Абай ауылдық округінде 20 шағын және орта бизнес нысаны халыққа қызмет көрсетіп отыр. Елді мекендегі нау­байханада тәулігіне 2 мың нан пісіріледі. Сондай-ақ күніне 5–10 тонна аралығында құрама жем өндіретін кәсіпорнымыз үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Бұған қоса ауылда жүн және тері қа­былдайтын бір нысанымыз бар. Сонымен қатар күніне 1 000 шаршы метр проф­настил дайындайтын цехымыздың да жұмысы тоқтаған емес», деді әкім.

Ауыл әкімінің айтуынша, «Қайрат» және «Нұрасыл» дүкен­дерінің иелері игілікті істен еш­қашан бас тартқан емес. Олар апта сайын 70 нанды тегін таратады. М.Арыстанбеков ауыл тізгінін ұстаған жылдары облыс бойынша «Үлгілі ауыл» атанған Абай ауылдық округінде шынында да жан сүйсінтетін жұмыс аз емес. Оның айтуынша, абайлық жастар ауылды көгалдандыру, асхана салу, ашық бейіттерді қоршау жұмыстарына қай кезде де құлшына кіріседі екен.

Кейінгі жылдары Абай ауы­лы да өзге бірнеше елді мекен секілді мемлекеттік қолдаудың, түрлі бағдарламаның шарапатын көріп отыр. Әсіресе «Ауыл аманаты» бағдарламасымен іс бастаған кәсіпкерлердің жұмысы жандана түскен.

пр

«Жеке кәсіпкер Гүлнұр Атха­нова қазіргі уақытта кәсібінен нәсібін тауып отыр. «Атханова» жеке кәсіпкерлігін ашқан ол Еңбекші ауылынан макарон шы­ғаратын цех салып, ауданы­мызға, Тараз, Алматы қалаларына өнімдерін өткізіп жатыр. Ол өз ісін 50 млн теңге жеке қаражаты есебінен, сондай-ақ 17 млн теңге несие алу арқылы бастаған еді. Жо­ға­рыда ауылымызда профнас­тил шы­ғарылып жатқанын айттым. Оңтүстік Корея елін­де бі­лі­мін шың­д­аған Ғани Шын­далиев «Ауыл аманаты» бағдар­ламасы­ның 5 бағыты бойынша жаңа істі қол­ға алды. Бір емес, екі бірдей жо­баны бастаған азаматтың жұмысы бір жүйеге түскен. Ғани Бейбітбекұлы осы цех аумағында шатыр жабуға қажетті жабынқыш шығаруды да іске асырмақ. Ол үшін тиісті құрал-жабдықтар әкелініп, дайындық жұмысы басталып кетті. Бұған қоса жеке кәсіпкер Жапсар Әлібек «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 10 бие алса, қазір оның санын 15-ке жеткізді», дейді М.Арыстанбек.

Нақты дерекке жүгінсек, ауылдық округтегі ауыл шаруа­шылығы техникалары жеткілікті. 25 трактор, 6 комбайн, 15 жүк көлігі, 15 тұқым сепкіш құрылғы, 9 соқа, 10 тырма бар. «Ауыл ама­наты» бағдарламасы бойын­ша 2 трактор, 2 соқа, 1 дән сеп­кіш құрылғы, 1 тыңайтқыш себетін техника алынған. 52 ауыл­шаруа­шылық құрылымдары тіркелген. Тұрақты жұмыс істей­тін ұжымдар саны – 52.

«Қазір ауылда мал борда­қы­лау­мен айналысатын тұрғын­дар саны артты. Бір ғана «Сүйін» шаруа қожалығының 4 мал борда­қылау алаңында 100 мүйізді ірі-қара, 90 жылқы, 200 ұсақ мал, барлығы 390 мал бордақыланып жатса, 30 бас жылқыдан қымыз сауылмақ. Басқа мал бордақылау алаңдарында 50 мүйізді ірі-қара, 30 жылқы, 110 ұсақ мал бордақыланып жатыр. Жалпы, ауылдағы мал бордақылау алаң­дарында аптасына 6 тоннадан асатын ет дайындалады», дейді ауыл әкімі.

Абай ауылында атқарылған жұмыс аз емес. Ең бастысы, елді мекенде халыққа қа­жетті әлеумет­тік нысандар жеткілікті. Демеу­ші­лер есебінен де біраз жұмыс тындырылған. Облыстық автомобиль жолдары басқармасы арқылы ауылға 6 жерден жаяу жүргіншілер жолағы мен жасанды бұдырлық орнатылған. Қазіргі уақытта ауылішілік көшелердің барлығы қатты жабынмен қапталып (асфальт), жарықтандыру жұмысы аяқталған. Су мен газ желілері тартылған.

Төрт жыл шамасында ау­дандық газетті басқарған әріптесіміз әкімдік қызметте ашық­тық қағидатын ұстанады. Әр істің басында өзі жүретін Мұратбек Дәкенұлы бірер жыл бұрын «Үздік ауыл әкімі» байқауының облыстық кезеңінде топ жарды. Республикалық додада үздік үштіктен көрінді. «Үздік әлеуметтік-экономикалық жоба» аталымының иегері атанды. Ал өзі басқаратын ауыл «Үлгілі ауыл» байқауында екінші тұғырдан көрініп, 4 млн теңге сыйақыға ие болды. Сондай-ақ Абай ауылы 2021 жылы Республикалық рухани жаңғыру орталығы мен тәуелсіз медиа құрылымдар ұйымдастырған «Тәуелсіздіктің үздік 30 ауылы» жобасында үлгілі ауылдар санатына еніп, арнайы сыйлыққа ие болған еді.

Абай ауылында дүниеге келген, бүгінде ел намысын абыроймен қорғап жүрген саңлақтар аз емес. Олардың көшін грек-рим күресінен әлемдік додада олжа салған Ержет Жарылқасын бастап тұр. Енді бұл ауылға спорт кешені салынса, Ержеттің ізін басқан чемпиондар көбірек шығады деп үміттенеміз. Ауылда спорт кешені жоқ демесек, басқа мәселенің бәрі шешілген.

 

Жамбыл облысы,

Тұрар Рысқұлов ауданы,

Абай ауылы