Ұлттық кітапханада өрбіген кәсіби пікір алмасу алаңына еліміздің айтулы ғалымдары мен кітапханашылары, бірнеше мемлекеттен арнайы келген жетекші библиографтар қатысты. Ұлттық кітапхананың 115 жылдығына, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына, еліміздің кітапханатану саласының көрнекті маманы Роза Бердіғалиеванің 80 жасқа толуына орай ұйымдастырылған іс-шарада ұлттық библиографияның бүгінгі беталысы мен болашағы талқыланып, салаға серпін беретін бірнеше ұсыныс айтылды.
Отандық библиографияның институционалдық негіздері мен рухани жаңғырудағы маңызына тоқталған ғалымдар қазіргі кезеңде деректерді толық цифрлық форматқа көшіру, ұлттық электронды каталог құру және библиографиялық деректерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, деректерді біріздендіру әрі жаһандық ақпараттық жүйелермен интеграциялау, әдістемелік қолдауды күшейту, мамандар даярлау жүйесін жетілдіру мәселелері де кітапханашылар назарынан тыс қалмады.
Іс-шарада Қазақстан Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстан кітапханалар одағының төрағасы Ғазиза Нұрғалиева, «Мектеп» баспасының бас директоры Ерлан Сатыбалдиев, ИФЛА библиография секциясының төрағасы Рехаб Оф (Александрия кітапханасы, Мысыр), Қытай Ұлттық кітапханасының әдебиетті жинақтау және каталогтеу бөлімінің меңгерушісі Хуан Цзе, әлеуметтану ғылымдарының докторы Суат Бейлүр, «Alash book» баспа үйінің жетекшісі Алма Тұрсын, Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың директоры Әлия Сайдембаева баяндама жасады. Мамандар тәжірибе алмасу, кәсіби байланысты нығайту, заманауи трендтерді бірлесе талдау мәселелерінің арнасын кеңейтуді қажет деп есептейді. Әсіресе цифрлық трансформация, деректерді интеллектуалды өңдеу, инклюзивті ақпараттық ресурстар қалыптастырудың маңызы зор. Сарапшылар пікірінше, жасанды интеллект құралдарын библиографиялық үдерістерге енгізу арқылы сала тиімділігін арттыруға болады.

«Ұлттық библиография – ел жадының, мәдени мұраның, тарихи деректің негізі. Оның дамуы мен жүйеленуі ұлттық ғылым мен білімнің ілгерілеуіне тікелей ықпал етеді. Конференцияда Ұлттық кітапхана жанынан библиографияға арналған ғылыми орталық құру, даму стратегияларын әзірлеу, халықаралық серіктестік пен кәсіби кадрлар даярлауды жүйелеу секілді нақты ұсыныстарды ортаға салдық. Қазақ библиографиясының ғасырлық жолын барлаған басқосуда кітап мұрасын жүйелеуге арналған бірнеше маңызды басылымның тұсауы кесілді. Солардың қатарында Міржақып Дулатұлы құрастырған «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші (1926–1927)», «Қазақстан библиографиясы мен кітапхана ісі», «Ұлттық кітапхана қорындағы дәстүрлі картотекалық ақпараттар (1921–2001): библиографиялық шолу анықтамалығы» жинақтары бар. Бұл басылымдар – тарихи дерек пен рухани мұраны ұштастыратын құнды библиографиялық еңбек», дейді Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Нұрғалиева.
Конференция аясында «Ғасырлық жол: қазақ библиографиясының шежіресі» атты арнайы көрме ұйымдастырылып, сирек қорлардан алынған басылымдар, каталогтер мен библиографиялық құралдар жұртшылық назарына ұсынылды. Көрмеде ұлттық библиографияның қалыптасу кезеңдерінен бастап бүгінге дейінгі даму сатылары көрініс тапқан.
АЛМАТЫ