Фото: shyndyq.kz
Тұрғындардың жартысынан астамы (51,1%) ChatGPT, Google Gemini, Midjourney және басқа да жасанды интеллект технологияларын қолданады.
Жасанды интеллектіні ең белсенді қолданатындар жастар: 18-29 жас аралығындағы респонденттердің 76,2%-ы жасанды интеллект сервистерін пайдаланады. 30-45 жаста бұл көрсеткіш 57,1%-ға дейін төмендейді. Жас ұлғайған сайын технологияны қолдану деңгейі біртіндеп азаяды: 46-60 жас тобында 37,5%, ал 61 жастан асқан азаматтар арасында – 16,6%.
Жастар мұндай цифрлық құралдарды көбіне оқу үрдісіне және өзін-өзі дамыту үшін (48,7%), сондай-ақ мәтіндермен жұмыс істеуге (44,2%) пайдаланады. Орта жастағы респонденттердің негізгі сұраныстары да осы бағыттармен сәйкес келеді: білім алу және мәтіндік міндеттер басты қажеттіліктердің қатарында тұр. Ал 61 жастан асқан азаматтар үшін жасанды интеллект сервистері көбіне ақпарат іздеудің құралына айналған: бұл топтың 40,8%-ы ЖИ ең алдымен қарапайым іздеу жүйесі ретінде қолданады.
Гендерлік және әлеуметтік-демографиялық айырмашылықтар да айқын байқалады. Әйелдер цифрлық сервистерді ерлерге қарағанда жиі қолданады (54,6% және 46,6%). Сондай-ақ қала тұрғындары ауылдық жерлермен салыстырғанда жасанды интеллектті белсендірек пайдаланады: тиісінше 53,2% және 47,9%. Бұл айырмашылық көбіне қалалардағы цифрлық инфрақұрылымның кеңірек қолжетімділігімен түсіндіріледі.
Білім деңгейі де цифрлық құралдарды қолданудағы маңызды факторлардың бірі. Жоғары білімді респонденттер (64,2%) мен орта білімді азаматтар (37,7%) арасындағы алшақтық 1,7 есеге дейін жетеді. Бұл жаңа технологияларды меңгеру үшін білім мен дайындықтың шешуші рөлін көрсетеді. Сондай-ақ білім деңгейі мен цифрлық құзыреттілік арасындағы байланыс та айқын көрінеді: білім деңгейі жоғарылаған сайын заманауи технологияларды күнделікті өмірге енгізуге деген дайындық та арта түседі.
Айта кетелік, әлеуметтанулық сауалнама ҚСЗИ тапсырысымен биылғы 3 қазан мен 5 қараша аралығында жүргізіліп, іріктеме көлемі 8 000 респондентті құраған. Сауалнамаға 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының 18 жастан асқан респонденттері қатысқан.