Қоғам • Бүгін, 15:14

Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы қымбаттай ма?

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жаппай өсу болмайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы қымбаттай ма?

Фото: Ашық дереккөз

«Өткен жылы жаңа жылдық кезең тыныш өтті. Биыл да сондай болады деп үміттенеміз. Фермерлердің табыс табуына мүмкіндік беру үшін біз азық-түлік бағасын тежеген жоқпыз. Қатаң реттеу әдістері қолданылмады», деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар вице-премьер кейбір өнімдердің бағасының өсуі әлі де түсініксіз екенін атап өтті.

«Кейбір өнімдердің бағасы үнемі өсіп тұрады. Бұл таңқаларлық. Мұнда спекулятивті факторлар болуы мүмкін», деді Жұманғарин.

Вице-премьер әсіресе, қызанақ пен қияр бағасына тоқталып, елде олар жеткілікті көлемде өндірілмейтінін, ал жылыжайда өсірудің өзі қымбат екенін айтты.

«Жалпы, азық-түлік себетінде тауардың 160 түрі қамтылған. Қазір негізінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне кірмейтін өнімдердің бағасы өсіп жатыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өсіп жатқан жоқ. Осы айдың екі аптасында 0,1 пайыз ғана өсті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өспейді деп ойлаймын. Өйткені оны бақылап отырмыз. Онда сауда үстемесін бақылауға мүмкіндік, барынша қатаң шектеу бар», деді ол.