Студентердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған Агробиостанция Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Жаңашар ауылында орналасқан. 38 гектардан астам аумақты қамтитын кешен студенттерге оқу-тәжірибелік сабақтарын өткізуге, ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және жаңа агротехнологияларды сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. Заманауи оқу-зертханалық базада зертханалар, 60 адамға арналған жатақхана, асхана, жуынатын бөлмелер, спорт алаңдары мен көлік тұрағы қарастырылған.
«Білім ордамыз тағы бір жаңа нысанмен толықты. Агробиостанция – теория мен тәжірибенің синтезі. Сондықтан мұндай нысанның ашылуы университетіміздегі ғылымның дамуына септігін тигізеді. Болашақта бұл жерде тәжірибелік жұмыстар, ғылыми зерттеужұмыстары қызу жүреді деп сенемін», деді Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілеп.
Жаратылыстану және география факультетінде оқитын студенттер агробиостанцияда тәжірибелік сабақтармен айналысып, магистранттар мен докторанттар ғылыми зерттеу жүргізеді. Жобалар топырақ пен су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы дақылдарын зерттеу, биология, экология, география секілді оқу бағдарламалары бойынша жаңа технологияларды сынау бағыттары бойынша өткізіледі.
«Бүгін Жаратылыстану және география факультеті үшін ең қуанышты күн. Білім алушылар үшін теория мен тәжірибені үйлестіріп, білімін тереңдетіп, ғылымға қызуғышылығын арттыратын база пайда болды. Инфрақұрылымдық үлкен базада студенттер мен жетекшілердің ғылыммен айналысуына қолайлы жағдай жасалған. Агробиостанцияның жұмысын жандандырып, ғылыми-әдістемелік орталыққа айналдыру біздің ұжым мен студенттердің қолында деп ойлаймын», деді Жаратылыстану және география факультетінің деканы Күләш Каймулдинова.