Таным • Бүгін, 08:15

Баспагер Бораганский

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Абай Құнанбайұлының алғашқы жыр жинағы 1909 жылы Петербор қаласындағы І.Бораганскийдің баспасынан жарық көргені туралы көпшілік хабардар. Хакім мұрасына өмірін сарп еткен ғалым Қайым Мұхамедханов «Абайдың асыл әдеби мұрасын ең алғаш кітап етіп баспадан шығарған – Ілияс Бораганскийдің есімі мен еңбегін қазақ халқы ұмытпайды», депті.

Баспагер Бораганский

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Абай жырларын алғаш рет жа­рық­қа шығарған баспагерді іздеп, сұ­рау салып, кім екенін анық­­та­ған да осы Қайым Мұха­мед­­ха­нов. Ғалым естелігінде: «1966 жылы­ Бораганскийді сұрап Мәс­кеу­­де­гі Ленин кітапханасына хат жаз­дым»,­ – дейді (Мұхамедханов Қ. «Абай кітабын шығарған Ілияс Бо­­ра­­ганский». Алматы, 2009. – 16 бет). Бұл мекеме ғалымның хатын КСРО Ғылым академиясының Азия ха­лық­тары институтының кітап­хана­сы­на жіберген екен. Көп ке­шік­пей ол жақтан «Бо­раган­ский­ді біл­мейміз» деген жауап келіпті.

Бірақ олар «ол кісіні бір білсе мына адамдар біледі» деп шы­ғыс­танушы профессор А.Н.Ко­но­нов пен Ленинград уни­вер­ситеті Шығыстану факуль­тетінің профессоры А.Д.Но­вичовтың мекенжайын жібереді. Қайым оларға хат жолдайды.

– 1966 жылы 11 қазанда Коно­нов­­­қа жолдаған хатыма жауап кел­ді, – дейді Қайым. Ол хатта: «Ака­­­­демик В.В.Бартольдтың редак­­­­тор­лығымен 1909 жылы Пе­тер­­бург­­те жарық көрген «Санкт-Петер­бург университеті Шығыс тіл­дері факуль­тетінің тарихи материал­да­ры» атты көптомдықтың ІV томы­ның 194-бетінде: «Ілияс Мыр­за ­Бора­ганский 1898 жылы 20 тамы­зы­нан бастап түрік ті­лінен сабақ бере­тін ­лектор бо­лып тағайындал­ғаны ­туралы бұй­рық және профессор Н.И.Ве­селовскийдің «Санкт-Петербург университетінің профессорлары мен приват доценттер тізімі» атты еңбегінің 27-бетінде: «Ілияс Мырза Бораганский 1898 жылдың ­20 тамызынан 1908 жылдың 20 тамы­зына дейін Петербург уни­­верситетінің шығыс тілдері факуль­тетінде түрік тілінен сабақ берген. Стамбулда оқыған» деген мәлі­мет жіберіліп, оған қоса бұл адам туралы дерек қа­жет болса Ле­нинград облыстық архи­вінен сұраңыз деп, жөн сілтепті.

«Жазған құлда шаршау жоқ» де­гендей, Қайым аға аталған архивке хат жолдайды. Бұл мекеме «бізде бары осы» деп Бо­раганскийдің фотосын жібереді. «Сонымен Илияс Бораганскийге қаншама іздеу салсам да жұмысым осымен тұйықталып қал­ды. Басқа жерлерге сұрау салып жазғандарымнан нәтиже шық­пады» депті Қайым аға.

Шығыс халықтарында мынадай мақал бар. «Жоғыңды елден сұрағанша, әбдіреңді ақтар» дейтін. Осында айтылғандай, 1919 жылдың соңынан бастап, 1928 жылға дейін Семей қаласында «Қазақ тілі» дейтін газет шыққан. Бұл басылымды ел қазіргі облыстық «Семей таңы» газетінің «атасы» деп таниды.

Бір күні Қайым аға осы газет­тің мұрағатта сақталған 1922 жылғы 28 қазан күнгі санын ақтарып отырып, «Ілияс Бораганский деген қарт Петроградта ең бірінші мұсылман бас­паханасын ашқан. Өзгеріс уақытына (Қазан төңкерісін айтады Б.Қ.) дейін көп кітап басқан, өзінің әдемі жазуға ұсталығымен атақты болған. Осы күні 75 жаста болса да, жас кісіден кем қызмет қылмай, Башқұртстанның баспасын реттеу­ге күні-түні қызмет қылуда. Жуырда баспаға керек құралдарды алу үшін Мәскеуге барып қайтты. Башқұртстан үкіметі оның баспагерлік қызметінің 50 жыл­ға толуын еске алып, қарттың құр­метіне той жасамақ болып отыр» деген жазбаны оқиды.

Көктен іздегені жерден табылған Қайым аға «әп, бәрекелді!» деп ала­қанын ысқылайды. Сөйтіп, жоқ із­деудің бағыты Башқұртстанға бұ­рылады. «Бораганскийді біледі-ау деген башқұрттың кәріқұлақ қай­рат­керлеріне хабарласуды ұйғардым. Ең алдымен ойға оралғаны жасы 80-ге аяқ басқан бұрыннан дос-жар адамым Сәйфи Құдаш болды. Осы кісіге хат жаздым», дейді.

Үміті алдамаған екен 1967 жыл­дың басында Сәйфиден хат келіп­ті. Ол хатта: «Ілияс Бораганскийді білем және көрдім. Бірақ өмір жолына қанық емеспін. Десе де, Уфада шығып тұрған «Яны юл» («Жаңа жол») атты журналдың 1923 жылғы ­4 санының 38-бетінде: «Сіз іздеп жүр­ген адам туралы «Матбұғат доньясында илле еллық хезмет» («Мат­бұ­ғат дүниесінде елу жылдық қыз­мет») деген тақырыпта бір беттік ­мақала жариялаған еді» дейді.

Сөйтіп, Қайым аға жоғарыдағы жур­налды іздейді. Уфа, Мәскеу, Ле­нин­град, Қазан қалалық кітап­ха­на­сына хат жазады. Ақыры 1970 жылы Уфадан аталған мақа­ла­­ның көшірмесімен бірге Бора­ган­­скийдің фотосы бар хат келеді. Қ.Мұ­хамед­ханов болса, ол хатты қа­зақ­­шалап, 1971 жылы «Қазақ әде­биеті» газетінің № 24 санына «Қадірлі есім, аяулы еңбек» атты мақала жариялайды.

Осы мақаладан үзінді келтірсек: «Ілияс баба 1852 жылы 22 маусымда Қырым – Бақшасарай шә­рінде дүниеге келіп, 15 жасына дейін мектеп-мед­реселерде құсни хат (көркем жазу) ілімін үйренген. 1867 жылы Түркияға барып Стамбулда ілім үйреніп, 1876 жылға дейін тұр­ған. Осы жылдың соңынан бас­тап Россия шаһарларын жеті жыл бойы аралап, 1882 жылы Петер­бургке келіп, университетте оқы­ту­шы болған һәм шығыстану мәсе­лесімен шұғылданған. Орыс про­фессорларының жәрдемімен Петер­бург­те мұсылман баспаханасын ашқан...».

Қазан төңкерісіне дейін Бора­ганский баспасы түркі-мұсылман­ша өте көп кітап шығарған екен. 1917 жылғы төңкерістен кейін баспагер Питерді тастап, 1920 жылы Баш­құртстанға келген. Өзімен бір­ге бар­лық баспа құралын Стер­ли­тамақ қа­ласына көшірген. Осы жерде бас­пахана құрып, башқұрт қайраткері Ахмет-Зәки Уәлидимен селбесіп, газет-журнал шығарады. 1924 жылы қайтыс болған. Бірақ оның қайда жерлегені көп жыл белгісіз болып келеді. 2021 жылы Бүкілресейлік тарих және мә­дени ескерткіштерді қор­ғау қо­ғамының Башқұрт республика­лық бө­лімшесінің төрайымы Эльза ­Мәу­лімшина бастаған белсенді­лер Уфа қаласындағы «Алтайский» кө­шесі бойындағы ескі қорымнан оқымыс­ты жерленген зираттың құлыпта­сын тапты.