Бизнес • Бүгін, 10:20

Бизнестегі бибілер

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінгі кәсіпкер әйелдер табыс тауып қана қоймай, жаңа мәдени орта қалыптастырып, ұлттық болмысты заманауи нарыққа бейімдеп жүр. Бірі ұлттық дәстүрді ұлықтап, қаржы көзін тапса, енді бірі бос кеңістіктен іскерлік алаң құрды, үшіншісі әсемдік әлемінде төл рухты тірілтеді. Оларды біріктіретін ортақ қасиет – табандылық, жаңашылдық, өз ісіне деген сенімділік.

Бизнестегі бибілер

Кәдені кәсіпке айналдырған

Дәстүріміздің бір бөлшегі – құдалық. Осы рәсімге арналған жиынтық әзірлеуді табыс көзіне айналдырған астаналық Жібек Жанғабылова маусым сайын 5 миллион теңгеден аса таза пайда табады. Кәсіпкердің айтуынша, табысының сыры – ұлттық нақышты заманауи сұраныспен ұштастыра білуінде.

– Декретке шыққанымда қал­тамда 86 мың теңге ғана бар еді. Соның 36 мың теңгесіне тігін машинасын, қал­ған қаржыға мата са­тып алдым. YouTube әлеумет­тік желісі арқылы үйре­ніп, OLX сай­­тына үйден тапсырыс қабылдайтыным туралы хабарландыру орналастыр­дым. Алғашқы тапсырыс киім жөндеуден басталды. Кейін балабақшаға ұлттық костюмдер тігу ұсынысы түсіп, қазақы өрнекке ден қоя бастадым, – дейді Ж.Жанғабылова.

Сұраныс артқан соң 2017 жылы қарызға 600 мың теңге алып, шағын цех ашқан. 35 шаршы метр орынға айына 75 мың теңге төлеп, бір тігінші жұмысқа да алыпты. Солай күніне 7-8 қоржын сата бастаған. Бағасы 15 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін барған. Алайда 8 айдан кейін қаржылық есептің әлсіздігінен кәсібі тоқтаған.

– Қаржылық сауатсыздық сүріндірді. Ақша көп түсті, бірақ есеп жүргізбедім. Жеке қажетке жұмсадым. Материал мен жарнамаға ақша қалмады. Жалдау ақысын төлей алмадым. 2017–2019 жылдар ара­лығы ауыр өтті. Отбасылық табыс азая бастағандықтан үйде тігін тігуге қайта оралдым. Кассир болып жұмыс істеп, кәсібімді қатар алып жүрдім. Төрт рет цех ашуға талпынып, төртеуінде де сәтсіздікке ұшырадым. Карантин де жоспарымды тежеді. 2022 жылғы қарашада 1,5 миллион теңге инвестиция салып, кәсібімді қайта жандандырдым. Ерекшелік ретінде табаны бар  эксклюзивті себеттерді енгіздім. Әр бұйымның мәнін түсіндіріп, Instagram арқы­лы өңірлерге шықтым, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде кәсіпкердің командасында 10 адам бар. Қоржын бағасы 22 мыңнан 120 мың теңгеге дейін, толық құдалық жиынтығы 150 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жетеді.

Маусым кезінде айналым 6-7 млн теңгеге дейін барады. Тұрақты шығын шамамен – 600 мың теңге. Нәтижесінде, таза пайда 5 млн теңгеден асады. 2022 жылдан бері ұлттық бұйым тігуді үйрететін онлайн курс ашып, 2,5 мың адамды оқытып келеді. 

 

 б

Ұлттық рухты ұлықтаған «Қыз Жібек»

Еліміздегі алғашқы ұлттық нақышта­ғы сән салондарының бірі – «Қыз Жібек». Оның негізін қалаған Закира Жұмашева сұлулық индустриясына өзге­ше леп әкелді. Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі бьюти индустриясында көп нәрсе бір-біріне ұқсас.

– Мен ерекше кәсіп жасағым келді. Қазақ қызының табиғи әдемілігін ұлттық нақышпен айшықтау – басты мақсатым болды. Мәселен, бізде салон табалдырығын аттаған сәттен бастап қонақтарды қазақ­тың дәстүрлі күйі мен ұлт­тық дәмімен қарсы алады. Мұн­да ұлттық код пен заманауи эстетика үйлесім тапқан. Ин­терьердің әрбір деталінен қазақ әйеліне тән нәзіктік пен тектілік есіп тұрады. Төрдегі алтын түстес шаңырақ – береке мен бірліктің нышаны. Ол келушіге өз шаңырағындағыдай жылулық сыйлайды. Төбедегі аппақ ою-өрнекті бедерлер мен салтанатты аспалы шамдар кеңістікке хан сарайындай сән береді. Алтын түстес аспалы әткеншек жайлылық пен еркіндіктің белгісі іспетті. Оның үстіндегі жұмсақ тері мен оюлы жастықтар қазақы ауылдың еркін рухын заманауи лофт стилімен ұштастырып тұр. Әр орындықтағы сәукеле бейнесі мен шаңырақ астында бояну клиентті заманауи хан­шайымға айналдырғандай әсер қалдырады, – дейді кәсіпкер.

ь

Қазір салонда 25 қызметкер еңбек етеді. Кіріс маусымға байланысты өзгеріп отырады, бірақ сұраныс жоғары. Салонның қызмет көрсету аясы кең. Мұнда тырнақ күтімі, шаш қию, бояу және сәндеу, макияж, қас пен кірпік қызметтері, косметология ұсынылады. Әр қызмет заманауи талапқа сай, сапалы материалмен орындалады. Макияжда қазақ қызына тән табиғилық сақталады. Жұмсақ қоңыр, алтын реңктері жиі қолданылады. Кей образдарда ою-өрнек элементтері мен ұлттық әшекейлер үйлес­тіріледі. Қалың, жасанды стильден гөрі нәзік әрі мәнерлі бағыт ұсынылады. Қонақтар ұлттық нақыштағы фотосессия жасауды да жиі таңдайды.

 

с

Кеңістіктен – кеңсеге дейін

Ел экономикасына үлес қосып жүрген әйел кәсіпкерлердің еңбегі ерекше. Солардың бірі – SmArt.Point бас директоры Ақбота Алагөзова. Ол креативті коворкингті жай кеңсе емес, толыққанды экожүйе ретінде қалыптастырды. Коворкинг табысы кеңістік қаншалықты тез резиденттерге толатынына байланысты. Сондықтан бұл саладағы жұмыс идеядан емес, нақты есептен басталады. Ғимараттың техникалық аудиті жасалады. Жобалау жүргізіледі. Құрылыс монтаж жұмысы қада­ғала­нады. Сервис стандарттары енгізіледі. Сонымен бірге идеологиялық құрамдас бөлікке мән беріледі.

– Елімізде бизнес пен ІТ-ко­мандаларға икемді кеңістік жет­пейтінін көрдік. Ұзақмерзімді жалдау міндеттемесінсіз тез өсуге мүмкіндік керек болды. Сол үшін шешім ұсындық. Қазір 150-ден астам компания бізден open-space пен сервистік офис жалдайды. SmArt.Point артықшылығы – экожүйесінде. Ай сайын 2-3 іс-шара өтеді. Нетворкинг кездесулері, стартап питчингтер, сарапшылық сессиялар ұйымдастырылады. Ішкі іс-шараларға 70-80 адам қатысады. Ірі серіктестік форматтағы кездесулерге 150-180 адам жиналады. Резиденттердің 70 пайызы тоқсанына бір рет комьюнити белсенділігіне қатысады. 5 жыл ішінде 22 мыңнан астам іс-шара өткіздік, – дейді А.Алагөзова.

п

Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі резидент­тердің 42 пайызы – ІТ-компания­лар мен стартаптар,
20-22 пайызы – маркетинг пен digital агенттіктер, креатив индустрия өкілдері, 20 пайызы – сервистік және консалтинг компаниялар. 15 пайызға дейін халықаралық жобалар бар. Орташа команда көлемі – 15 адам. Командалар кеңсені орта есеппен 18-24 ай жалға алады. Open-space резиденттері ай сайын ұзарту форматын таңдайды.

– Резиденттерге тәулік бойы спортзал, душ, ойын аймағы, демалыс бөлмесі, кітапхана, телефон кабиналары, балалар бөлмесі, конференц залдар қолжетімді. Дәстүрлі кеңседегі жөндеу, жиһаз, интернет, клининг, күзет, ресепшн мәселелерін SmArt.Point өз мойнына алады. Бұл бастама әйел көшбасшылығының іскерлік орта қалыптастырудағы рөлін айқын көрсетеді, – дейді кәсіпкер. 

Соңғы жаңалықтар

Бизнестегі бибілер

Бизнес • Бүгін, 10:20

Сыйлыққа да талғам керек

Таным • Бүгін, 10:15

Кран тізгіндеген Рәзия

Әйел әлемі • Бүгін, 10:10

Бала деп байыз таппаған...

Қоғам • Бүгін, 10:05

«Альфа» да анадан туады

Пікір • Бүгін, 09:50

Димаштың әжесі

Әйел әлемі • Бүгін, 09:45