Форум қонақтары үшін мазмұнды іскерлік бағдарлама ұсынылған. Онда цифрландыру, көлік және логистика, өнеркәсіп пен энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту, аймақтарда жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға бағытталған серіктестік мүмкіндіктері, атомдық және дәстүрлі энергетика салалары бойынша мамандар даярлау, заманауи агротехнологияларды оқыту секілді өзекті тақырыптар талқыланып жатыр.
«Жыл сайын өткізілетін форум – Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестікке негізделген өзара сенім мен тиімді ынтымақтастықтың беріктігінің айғағы. Екі ел арасында өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту бағытында жұмыстар әлі де жалғасады. Сондай-ақ көптеген мәселе Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия тарапынан қарастырылмақ», дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев құттықтау сөзінде.

Өңір басшысының айтуынша, биылғы форум «Жұмысшы мамандықтар – экономиканы дамытатын қозғаушы күш» тақырыбына арналған.
«Бұл мамандықтар өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларының дамуына серпін беріп қана қоймай, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастырады», дейді әкім.
Осыған орай форум аясында «Цифрлық экономика және жасанды интеллект: технологиялық серпіліс үшін мамандар даярлау», «Энергетика және өнеркәсіп: жаңа экономикаға қажетті жаңа құзыреттер», «Көлік және логистика – жұмысшы кадрлар транзиттік экономиканы дамытатын қозғаушы күш», «Көлік және логистика – жұмысшы кадрлар транзиттік экономиканы дамытатын қозғаушы күш» секілді тақырыптар барынша талқыланбақ.
Халықаралық жиынға Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов, «М.Тынышпаев атындағы ALT University» университеті, Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Astana IT University, Павлодар қаласы Ақпараттық технологиялар колледжі, басқа да танымал білім ордаларының басшылары, Ресей жағынан Ресей Цифрлық министрлігі Жасанды интеллект және ауқымды деректерді дамыту департаментінің директоры Сергей Сергиенко, Разумовский атындағы Саратов мемлекеттік медицина университеті, Ю.А. Гагарин атындағы Саратов мемлекеттік техникалық университетінің Қолданбалы ақпараттық технологиялар және коммуникациялар институты, өзге де ЖОО басшылары қатысып жатыр.
Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екі елдің ерікті жастары да бас қосып, ынтымақтастық мәселесін талқылады. Жиынға Ресей Федерациясынан жастар делегациясы, Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарынан жиналған жас көшбасшылар келген.
Форумның басты мақсаты – Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік пен өзара сенімді нығайту, өңірлер арасындағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдету. Сонымен қатар жастардың, кәсіпкерлер мен азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді ынтымақтастығын дамытуға бағытталған.
«Жастар үшін жұмысшы мамандықтардың тартымдылығы мен үрдістері» және «Волонтерлік қызмет саласындағы тәжірибе алмасу: Жақсы көршілік» атты қос секцияда екі елдің еңбек нарығындағы үрдістер, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру жолдары, экологиялық жауапкершілік пен волонтерлік мәдениетті дамытудың тиімді тәсілдері талқыланды.
Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы биыл он бірінші мәрте өтіп жатса, Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесі құрылғанына биыл мерейлі 10 жыл болған екен.
«Батыс Қазақстан облысы Еуропа мен Азияның қиылысында орналасқан, Қазақстанның орталық және оңтүстік аймағы, сондай-ақ Орталық Азия елдері үшін батыс қақпа деуге болады. Орал қаласы – Еуропада орналасқан Қазақстандағы жалғыз қала. Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының бес өңірімен: Орынбор, Самара, Саратов, Волгоград және Астрахань облысымен шектеседі. Сондықтан Ақжайық өңірі көп жыл бойы екі елдің экономикалық мүддесін байланыстыратын және шекаралас аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды көпірге айналды. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы сыртқы сауда айналымы 504,4 миллион долларға жетті. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8%-ға өскені көрініп тұр», дейді Батыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Мұрат Жәкібаев.
Батыс Қазақстан облысы – еліміздің дамыған индустриялды-аграрлық өңірлерінің бірі. Өңірде 2025-2030 жылдары жалпы құны шамамен 2,2 трлн теңгеге тең 70-тен астам жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл 9 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Облыс аумағында әлемдегі ең ірі мұнай, газ және газ конденсаты кен орны – Қарашығанақ орналасқан.
Батыс Қазақстан облысы