Әуелі Алаш ардақтысының рухына арнайы құран бағышталды. Жұртшылыққа құттықтау сөз арнаған облыс әкімінің орынбасары өңірде Міржақыптың рухани мұрасын танып-білу бағытында атқарылған іс-шаралар жөнінде айтып берді.
«Міржақып шығармаларында адамгершілік, әділдік, отансүйгіштік секілді исламның басты құндылықтары кеңінен қамтылған. Алаш аяулысы халық үшін бейнет көрді. Міржақып атамыз «Қазақ» газетіне жариялаған мақалаларының бірінде: «Ар-намыс, махаббат болмаған жерде адамшылық тұра ма? Бұл сипаттардың болуы үшін адам баласы азат, тәрбиелі болуға тиіс. Ұл, қыз демей, баланы оқыт, қазақ. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Қандай адам жақсы кісі болмақ керек? Сондай адам жақсы – кімде-кім жетім-жесір, кәріп-қартаң, қысылған-қымтырылғандарға жақсылық қылып, оларды қуантып қойса..» дейді. Дін де мұсылман баласының қайырымды болуын, мұқтажға көмектесуін, әділ болуды бұйырады. Міржақып қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті», деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Алқалы жиынның ғылыми-танымдық өрісін кеңейте түскен академик Дихан Қамзабекұлы «Міржақыптанудың мәдени-ақпараттық мұраты» тақырыбын кеңінен толғап, көпшілікке Алаш зиялыларының, Міржақыптың ұлтқа сіңірген қызметін, діни көзқарасын талдап-таразылап берді.
«Біз бүгінгі ұрпаққа Міржақыптың «Оян, қазақ!» деген үндеуін, ойын қалай жеткізер едік? Әрине, ұлт пен елдік бірінші кезекте тұрады. Қазіргі қоғамда түрлі күрделі жағдай бар, қуанатын сәттер де аз емес. Біз сол күрделі мәселені жүйелі шешуіміз керек. Міржақып та өз заманының алдында тұрған мәселені кезең-кезеңімен шешті. Әлиханша айтсақ, заман әр буынның мойнына бір жүкті артады. Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс. Біз өкінішке қарай, сол жүкті белгілі орынға апарып қоймаймыз. Кейінгі буынның иығына тастап кетеміз. Кемшілігіміз – осында. Бұл кемшілік жинала келе күрделі жағдайға айналады. Сондықтан біз бүгінгі конференция арқылы да өңірдегі, елдегі мәселелерді шешуге кішкентай болса да қолғабыс тигізсек игі», деді Дихан Қамзабекұлы.
Ғалым жалпы тарихи тұлғалардың елге еткен қызметін, еңбегін бағалау мен танып-білуде аса байыпты зерде қажет екенін атап өтті.
«Бүгінде біраз тұлғаларды тарихтан сызып тастайық, бізге қажет емес» деп жүрген большевиктер сияқты азаматтар бар. Мұның бәрін сол заманның контексіне қарай алмасақ, көп қателікке ұрынамыз. Біз, сол заманда өмір сүріп көрейікші. Мәселен, осы өңірдегі Амангелді, Әліби, Ахмет, Міржақыптарға қалай қараймыз? Қалай іріктеп аламыз? Қазір зиялылар бұл жөнінде әртүрлі айтып жүр. Кезінде Ахмет заманында Ыбырай Алтынсаринді кемеден лақтырайық дегендер болды. Бұл жөніндегі Алаш ұстанымы былай: «Егер Ахмет Ыбырай заманында өмір сүрсе, Ыбырайдай болар еді, Ыбырай Ахмет заманында өмір сүрсе, Ахметтей болар еді». Бұл – 1922–1923 жылдары айтылған ой. Осы ұстаным біз үшін аксиома болу керек. Әрине, большевизмді біз сұрап алған жоқпыз. Өзі келді. Қазір саясатта жүрген бауырларымыз жақсы біледі, Мағжан «саясат – ағаш ат» дейді. Ол – өте күрделі, өте нәзік дүние. Ірі тұлғаны үлкен саяси партиялар өзіне тартқысы келеді. Сол арқылы өз идеясын ілгерілетуді қалады. Сондықтан ХХ ғасыр басында Әлихандардың өзі марксизмге сол замандағы ірі, әлеуметтік сипаттағы ағартушы идея ретінде қараған. Қиын шақта Алаш зиялыларының көбі коммунистік партияға өтті. Демек Әлібидің де, Амангелдінің де тарихи қызметін замана аясында қарауымыз керек. Амангелдіні ұлтты азат етуді қалаған тұлға ретінде көтеру, көру, түсіну, әрине, түрлі қайшылыққа түсінік береді. Сонымен бірге қиын кезде, Алаштың зиялылары бір-бірімен араласа алмай қалған тұста олардың отбасына қолдау көрсеткен Әліби Жангелдиннің еңбегін ұмытпауымыз керек», деді ғалым.
«Оян, қазақ!» фильмінде Міржақып рөлін ойнаған әртіс Бақыт Жағыпар «ел зиялыларының сенім саламаттылығы мен ел тарихын жетік білуі – ұрпақ үшін тегеурінді тірек» екенін тілге тиек етті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өткізіп отырған бұл жиында жергілікті зиялылар ой-пікірін, ұсынысын айтып, міржақыптануға сәттілік тіледі.
Жиын соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бақытсыз Жамал: тағдыр және таным» тақырыбында жарияланған эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Конференциядан кейін көпшілік Торғай музейлер кешені мен облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана әкелген көшпелі көрмені тамашалады.
Қостанай облысы