Қоғам • Кеше

«Алматы – Бішкек» автожолы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Алматы – Бішкек» автожолының 19–27 шақырымы төрт жолақтан сегіз жолаққа кеңейтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Алматы – Бішкек» автожолы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі

«ҚазАвтоЖол» компаниясының хабарлауынша, қазір жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында орталық бөлу жолағын, заманауи жарықтандыру жүйесін, автобус аялдамаларын және жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті өткелін салу қарастырылған.

Бұдан бөлек, қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, көлік байланысын жақсарту үшін «таға» пішініндегі екі жолайрық салу жоспарланып отыр.

«Жобалау – күрделі әрі көп кезеңнен тұратын процесс. Қазір геологиялық, экологиялық және геодезиялық зерттеулер аяқталуға жақын. Жобалау жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады», делінген хабарламада.

Жобалау нәтижесінде дайындалған құжаттама мемлекеттік сараптамаға жолданады. Құрылыс жұмыстары сараптамадан оң қорытынды алынып, қаржыландыру бөлінгеннен кейін басталады. Бұл жоба Алматы қаласы мен шекара маңы бағытындағы жол инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды қадамы болмақ.