Сұхбат • Бүгін, 08:43

Икрам АДЫРБЕКОВ: Декларация ел тағдырына деген жауапкершілікті арттырады

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабыл­­­­­даған Мемле­­­кеттік егемендік туралы дек­­­­­­ла­рацияға 35 жыл толып отыр. Бұл құжат еліміз­­дің ресми түрде дербес мемлекет болуы­­­на алғышарт болған алғашқы құқықтық іргетас саналды. Егемен­дік жариялаған сәттен бастап ел өз заңдарының үстем­дігін бекітіп, сыртқы саясатты дербес жүргізу құқығына ие болды. Осы тарихи белестің мәні мен оның дипломатия құндылықтарын қалыптастырудағы рөлі жөнінде мемлекет қайраткері, Төтенше және өкілетті елші Икрам Адырбековпен сұхбаттасқан едік.

Икрам АДЫРБЕКОВ: Декларация ел тағдырына деген жауапкершілікті арттырады

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

– Икрам Адырбекұлы, биыл еліміздің Мем­ле­кет­тік егемендігі туралы дек­ла­ра­цияның қабыл­дан­ға­ны­на 35 жыл толады. Сол кездегі елдің сая­си ахуалына үңілсек, аталған декла­рация тәуелсіз мемлекеттің ірге­тасын қалаған алғашқы құқықтық акт еді. Осы тарихи құжаттың мәні мен маңы­зын сіз қалай бағалайсыз?

– Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы еліміз­дің толыққанды тәуелсіз мемлекетке айналу жолындағы алғашқы әрі аса маңызды құқықтық негіз болды. Әрі батыл және ресми кеңес жүйесі аясында болса да, республика өз заңдарын қа­былдауға, ішкі және сыртқы саясатты жүргізуге құқығы бар екенін жа­рия етті. Декларацияда Қазақстан Консти­туциясы мен заңдарының республика аймағында үстемділігі бекітілді. Сонымен қатар елі­міз өз табиғи ресурс­тары мен эко­номикалық-әлеуметтік әлеуе­­тіне толық ие екенін жариялады. Ұлттық мәдениет, тіл, дін мәселелерінде дербес сая­сат жүргізетінін мәлімдеді. Республикамыз басқа мемлекеттермен тікелей халықаралық қарым-қатынас орнатуға ұмты­ла­тынын білдірді. Бұл кейін Біріккен Ұлттар Ұйымына, басқа да халықаралық ұйымдарға мүше болуға жол ашты. Ел тарихында тұң­ғыш рет демократиялық құқықтық мем­лекет құру ел дамуының негізгі мақса­ты ретінде жарияланды. Сол арқы­лы елде азаматтық қоғамның қалыпта­суына негіз қаланды. 1991 жылы 16 жел­­тоқсандағы «Тәуелсіздік туралы» конс­титуциялық заң осы Декларация негізінде қабылдан­ды. Яғни бұл құжат Қазақстанның шынайы тәуелсіз мемлекет болуына апаратын құқықтық және саяси іргетасы іспетті. Сонымен қатар егемендіктің алғашқы батыл қадамы болған демократия халық арасында ұлттық сана-сезімді оятты, азаматтардың ел тағдырына деген жауапкершілігін арттырды. Еліміздің толық тәуелсіз мемлекет болатынына деген сенімді нығайтты. Сол себептен 25 қазан – Республика күнінің ұлт, мемлекет тарихындағы орны, маңызы ерекше.

– Егемен ел болғаннан кейін ең алдымен сыртқы саясат дербестігіне қол жеткіздік. Сол алғашқы жылдары еліміздің сыртқы саясаттағы басым бағыттары қандай болды?

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақ­станның халықаралық аренада ортада танылуы, мойын­далуы, орнығуы, бейбіт әрі көп­векторлы сыртқы сая­сат жүргізуі негізгі мақсат болды. Соның нәтижесінде 1991–1993 жылдары елімізді әлемнің жүзден аса елі ресми танып, дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға ниет білдірді. Ал Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына 1992 жылы 2 нау­рызда мүше болып қабылданды. Сонымен қатар әлемдегі беделді, ықпалды ин­вестициялық мүм­кін­діктері жоғары елдерде Қазақ­станның елшіліктері ашылып, жұмыс істей бастады. Еліміз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап көпвекторлы сыртқы саясат ұстанды. Яғни Батыс, Шығыс, Ресей, мұсылман елдері, Азия елдерімен тең деңгейде қарым-қатынас орнатуды мақсат тұтты. 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. 1994 жылы еліміз ядролық қарудан толық бас тартты. Аса қуатты ядролық қаруы бар төртінші ел бола тұра, бейбіт жолды таңдадық. Сол қадамы арқылы Қазақстан ядролық қару ұстанудың үлгі­сіне айналды. Халықаралық қауым­дастықтың құрметіне, зор сеніміне ие болды. Мемлекеттік шекара туралы Ресеймен, Қытаймен, Орта Азия елдерімен бейбіт жолмен түсіністік пен сыйластықты негізге ала отырып, арнайы келіссөздер жүргізіп, толық шешімге қол жеткіздік. Шекара бойында бейбітшілік белдеуін орната алдық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қысқа мерзімде Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа елдерімен сауда-экономикалық байланыстар жолға қойылды. Сыртқы сая­сатта елге шет мемлекеттерден инвес­тиция тарту басты мақсатқа айналды. Еліміздің табиғи ресурстарын игеруге белгілі шетел компаниялары тартыла бас­тады. Атқарылған жұмыстар мемлекеттің халықаралық қоғам­­дастықта бейбітшіл, жауапты және сенімді серіктес ретінде қалыптасуына, жоғары беделге ие болуына жол ашты. Осындай ауқымды маңызды істерді жүзеге асыру барысында елдің дербес кәсіби дипломатиялық жүйесі қалыптасты.

Алғашында Кеңес одағының дип­ломатиялық саласында қыз­метте жүр­ген тәжірибелі ұлт­тық кадрлар елге шақы­рылып, жауапты лауазымдарға тағайын­далды. Олардың тәуелсіз мемле­кетіміз­дің дип­ломатиялық әлеуетін, дәреже­сін, кәсі­билігін арттыруға қосқан үлесі өлшеусіз.

– Қытайдағы елші ретінде сіз ай­мақтық саясат пен экономика бағы­тында да белсенді жұмыс істедіңіз. Сол кезеңнен есте қалған маңызды оқиғаларды еске бір түсірсеңіз.

– Өткенді еске алсақ, мен шынды­ғында 2007–2011 жылдары Қытай Халық Республикасында Қазақстанның Төтен­ше және өкілетті елшісі қызметін атқар­дым. Сол елдегі және екі мемлекет арасындағы көптеген маңызды оқиғалардың куәсі болдым. Бұл кезең Қытайдың әлемдік аренада беделінің артып, ішкі саяси тұрақтылықты сақтауы­мен ерекшеленеді.

2008 жылы Қытай алғаш рет жазғы Олимпия ойындарын өткізді. Еліміз осы Бейжіңдегі жазғы Олимпиаданың табыс­ты да сәтті өтуіне ерекше қол­­дау көрсетті. Оны бүкіл Қытай халқы жоғары бағалады, риза­шы­лығын біл­дір­ді. 2010 жылы 1 мамыр–30 қазан аралы­ғында Шанхайда дүниежүзілік көрме ұйымдастырылды. Оған 192 мемлекет қатысты. Оған адамзат тарихын­дағы ең ірі халық­аралық көрме болды деген баға беріл­ді. Еліміз бұл көрмеге «Қазақстан – бола­шақтың энергиясы» деген ұранмен қаты­сып, елдің жетістіктері мен болашақ әлеуе­тін 7 мил­лионнан аса келушілерге таныстырды.

Қытай мен Қазақстан ішкі тұтыну нарығына баса назар аударуға көшті. Қаржылық дағда­рыс­­тан зардапсыз жаңа тәжірибе жинақтап шыққан Қытай ком­пания­лары Қазақстанның мұнай-өнеркәсіп салаларына қызы­ғу­шылық танытып, көлем­ді инвес­ти­ция сала бастады. Елшілік әр­дайым трансшекаралық өзендер мәселесіне ерекше маңыз беріп отырды. Тиісті мем­лекеттік органдармен нақты жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде 2011 жылы Қазақстан мен Қытай үкі­мет­тері арасында трансшекаралық өзендер суының сапасын қор­ғау туралы алғашқы ресми келі­сімге қол қойылды. Қытай мем­лекеті басқа көрші елдермен трансшекаралық өзендерге байланысты құжаттарға қол қоюға асықпайтынын байқасақ, бұл – оңды жетістік. Ендігі мақсат – сол өзендердегі суды бөлісу тура­лы құжатқа қол қою. Осы бағытта белсен­ді жұмыс жүргізіліп жат­қаны белгілі.

– Сіз Сенатта жұмыс істе­ген жылдары халықаралық қаты­­настар мен қауіпсіздік мәсе­­­лелеріне де ара­лас­тыңыз. Тәуелсіз елдің қауіпсіздік саясаты қалай қалыптасты?

– Консти­туцияға сәйкес, халықаралық келісім­дер мен шарттарды бекіту, ратификациялау – Парламенттің, соның ішінде Сенаттың да міндеті. Соны­мен қатар халықаралық парламенттік ұйымдармен ынтымақтастық орнату арқылы парламент­тік дип­ло­матияны жүргізеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Қазақ­станның бейбіт бастамалары мен сыртқы саяси ұстанымдарын халықаралық мінберде насихат­­­тау­ға мүмкіндік пайда болады. Мысалы, мен жетекшілік еткен Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері, сенаторлар заң шығарушылық қызметімен бірге тұрақты түрде ТМД Парламенттік Ассамб­­лея­сы­ның, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассемблеясының және тағы басқа халықаралық парламенттік ұйымдардың жұмысына белсене қатысып отырды. Сол ұйымдарда елдің мүддесін қорғап, беделін, ықпалын арттыруға өз үлесін қосты.

– Бүгінде сіз – Түркі мемле­кет­те­рі ұйымы Ақсақал­дар кеңесінің мү­шесісіз. Түркі ынты­мақтастығының дамуы Қа­зақстан үшін нені білдіреді деп са­най­­сыз?

– Түркі Мемлекеттері ұйымы – біздің ел үшін тарихи, мәдени, сая­си және экономикалық тұрғыдан ерекше маңызды халықаралық ұйым. Еліміз – осы ұйымның негізін қалаушы және бел­сенді мүшелерінің бірі. Болашақтағы ұйымның стратегиялық маңызын жақсы түсінеді. Өйткені Қазақстан халқы – түркі дүниесінің ажырамас бөлігі. Ортақ тіл, дін, әдет-ғұрып пен тарихи терең тамыр ұлтымызды басқа түркі елдерімен рухани және мәдени тұрғыда жақындастырады, бауырлас халық ретінде қарастырады. Сол себептен де еліміздің сыртқы сая­сатында түркі елдерінің интеграция­сы маңызды бағыттың бірі ретінде а­йқындалған. Түркі мемлекеттері ұйымы балама дипломатиялық платформа ретінде Ресей, Қытай мемлекеттерімен, Батыс елдермен арадағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік туғызады. Бүгінде түркі мемлекеттерінің жалпы нарығы 160 миллион адамнан асты. Бұл – Қазақстан үшін үлкен тұтыну аймағы нарығы, инвестициялық әлеует, жаңа мүмкіндік бағдар. Әсіресе түркі мемлекеттері аясында Транскаспийлік халықаралық орталық дәліздің болаша­ғы зор. Бұл транспорттық-транзиттік инфрақұрылымның елімізде дамуы­­на айрықша серпін береді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

«Egemen Qazaqstan»