Сараптама • Бүгін, 08:33

Шағын бизнес: мүмкіндік кезеңі

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкіметтің макроэкономикалық ахуалды тұрақтандыруға қатысты қабылдаған шешімдерін шағын және орта бизнес (ШОБ) үшін сүйінші хабар болды деуге негіз бар ма? Бұған мен «иә» деп жауап берер едім. Дегенмен ескере кетер бір маңызды жайт бар, бұл – үзіліс, күш жинау мүмкіндігі. Бізге тыныс­тап, бизнесті ретке келтіруге уақыт берілді: қаржылық жоспарлауды, стандарттау мен жүйелеуді енгізуге және басқа да маңызды істерді қолға алуға мүмкіндік туды.

Президент тапсырмасынан кейін Үкімет ауқымды реформаларды іске қосты, оның ішінде шағын және орта бизнеске қатысты да нақты қадамдар бар. Осы орайда Максим Барышев, Айтуар Қошмамбетов, Сәкен Қарин, Вероника Даугалиева, Жанар Сүлейменова, Тимур Жәркенов, басқа да азаматтарға алғыс айтуымыз керек. Ұзақ та тәуекелге толы жұмыс, келіссөздер оң нәтижесін берді. Сонымен ШОБ үшін не өзгереді? Бірінші кезекте, салық жүктемесі жеңілдетілді. «Жеңілдетілген салық режімінен» алынып тасталғандардың ішінде енді тек 44 қызмет түрі ғана қалады. Қалғандарының бәрі қайтадан жеңілдетілген жүйе бойын­ша жұмыс істей алады.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнес бәрін нөлден бастайды:

  • Тексерулер мен камералық бақы­лаулар жойылады;
  • Егер 1 сәуірге дейін негізгі қарызды төлеп үлгерсе, айыппұл мен өсімпұл есептелмейді;
  • ҚҚС бойынша әкімшілік жауап­кершілік қарастырылмайды;
  • Есептен алып тастау тексерусіз және күрделі процедураларсыз жүргізіледі.

Жақын күндері «Бәйтерек» холдингі жаңа бағдарламаны таныстырмақ – автомобиль лизингі және мемлекеттік бағдарламалар арқылы ШОБ-қа көмек. «Реформалардың басты мақсаты – әрбір отандасымыздың әл-ауқатын арттыру. Бұл – біздің негізгі ұстанымымыз» деді Үкімет басшысы. ШОБ үшін бұл – мүмкіндіктер терезесі. Осы аралықта стратегияны жаңартып, бағдарды анықтап, орнықтылықты күшейтуге тиіс.

Бизнеспен «сезімге сүйеніп» айна­лысуға болмайды. Бизнесті цифр арқылы басқарып, үдерістерді жүйе­леп, компания брендін дұрыс қалып­тастырып, операциялық мәселе­лер­ді жолға қойып, көршілер мен бәсе­келестердің экспансия­сын ескеру керек. Бәсеке күн сайын өсіп келе жатыр және бізге қиындық тудырады. Бірақ бұл бір жағынан жақсылықтың нышаны – бәсеке күшті болған сайын бизнес мықты бола түседі.

Бизнес дегеніміз – цифрлар, жүйе­лілік және стратегия. Күн сайын деректермен, талдаулармен және жос­парлаумен жұмыс істеу қажет. Ең бас­тысы, оқуға, бейімделуге және әрекет етуге дайын болу шарт. Берілген уақытты тиімді пайдаланыңыз: қаржылық жос­парлауды енгізіп, үдерістерді автоматтандырып, есеп пен бақылау жүйесін құрыңыз, бренд қалыптастырып, компанияңызды бәсекеге қабілетті етіңіз. Дәл қазіргі ШОБ-қа берілген мүмкіндік – аса бағалы сыймен тең. «Таза парақ» – бизнесті нығайтып, жаңа деңгейге шығарудың тамаша мүмкіндігі. Осыны сәтті пайдаланған кәсіпкер ертең көшбасшы атанады. Пәлендей ештеңе бола қоймас деп үміттенген адам артта қалады.

Бізге күш жинауға, кәсі­бімізді ретке келтіруге, білім алуға, тиімді шешімдер мен нақты әрекеттерді енгізуге уақыт берілді. Кәсіпкердің ең аз дегенде істейтін ісі – дамуға көңіл бөлуі керек. Күн сайын әріптестермен сөйлесіп, қабілетті, еңбекқор адамдардың білімнің жоқтығынан есесін жіберіп жатқанын көріп, жаным ауырады. Басты проб­лемамыз – бизнесті сауатты жүргізе алмаймыз. Бұл – шындық. Қазір әрбір қателіктің құны күннен-күнге қымбаттап барады. Сондықтан жүйелі әрекет ету өте маңызды.