
Фото: Ерлан Омар
Айта кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы 24 айдағы табысына қарай 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем ала алады. Бұл төлем жоғалтқан табыстың 45 пайызынан аспайды және толықтай МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Жұмыссыз қалған азамат төлем алу үшін алдымен eGov.kz порталына кіріп, авторизациядан өтеді. «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінен «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдап, өтінімді толтырып, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жіберу қажет.
Өтінім жіберілгеннен кейін бір күн ішінде мансап орталығы тиісті жұмыс орындарын ұсынады. Егер лайықты жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде азаматқа онлайн форматта жұмыссыз мәртебесі беріледі. Қажет болған жағдайда орталық қызметкері қосымша ақпарат алу үшін хабарласады.
Азаматтар бұл қызметті Электрондық еңбек биржасы – enbek.kz платформасы арқылы да рәсімдей алады.
Жұмыссыз мәртебесі тіркелген соң, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі автоматты түрде МӘСҚ төлемін тағайындау процесін бастайды. Азаматтың мобильді нөміріне SMS-хабарлама жіберіліп, төлемге келісім сұралады. SMS арқылы растау жіберілгеннен кейін төлем автоматты түрде тағайындалады.
Министрлік өкілдері атап өткендей, МӘСҚ қаражаты есебінен берілетін бұл әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себебіне қарамастан жүзеге асырылады және азаматқа жаңа жұмыс іздеу кезеңінде қаржылай қолдау көрсетуге бағытталған.