
Суретті түсірген – Ақәділ Рысмахан
Қордай ауданы аумағында да жаңа кәсіпорынның іргетасы қаланды. «Шоқпар-Гагаринское» ЖШС қолға алған тау-кен байыту комбинатының құрылыс жұмысын бастау рәсіміне қатысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев өңірге ірі инвесторларды тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құрудың маңызы зор екенін айтты. Әкімнің сөзінше, мұндай ілкімді жобаларды жүзеге асыру арқылы бірінші кезекте жергілікті халықты жұмыспен қамтуға басымдық берілмек.
«Бұл ауқымды жоба – өңір экономикасы өркендеуінің айқын дәлелі. Облыс аумағында бой көтеріп жатқан әрбір кәсіпорын тұрғындарға жаңа мүмкіндік сыйлайды. Бұл жұмыс – халық тығыз қоныстанған Қордай ауданындағы әрбір отбасының әл ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам. Жаңа зауыт құрылысын уақтылы аяқтаудың маңызы зор. Өңірде қолға алынған әрбір ірі жоба мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін, жергілікті атқарушы билік пен инвесторлар арасында орнаған сенімнің нақты көрінісін білдіреді. Сондықтан өңірге ауқымды инвесторларды тарту жұмысы ілкі сәтке де тоқтамақ емес. Бұл бағытта аудан әкімдеріне жүктелген жауапкершілік жүгі зор. Қазіргі кезде өңір экономикасы тұрақты өсіммен ерекшеленіп отыр. Облыс аумағында жаңа өндіріс ошақтары көптеп ашылып жатыр. Тиісінше, өңірде инфрақұрылым жаңарып, халықтың өмір сүру сапасы жаңа деңгейге көтеріле бастады. Бұл – мемлекет, қоғам және еңбек адамдарының ортақ жетістігі. Оған ешкімнің таласы жоқ шығар. Сол себепті, осы бағыттағы жұмысты әрі қарай лайықты түрде жалғастырудың маңызы зор деп есептеймін», дейді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері келтірген ресми дерекке сүйенсек, жаңа өндіріс ошағын салуға отандық инвестор тәуекел еткен. Кәсіпорын құрылысы сәтімен аяқталып, зауыт толық қуатында жұмыс істеген кезде жылына 500 мың тонна кен өндіру мүмкін болмақ. Мұнда тартылған инвестиция көлемі 47 млрд теңгені құрайды. Әрине, ауқымды жұмыс кезең-кезеңімен атқарылады.
Бұдан бөлек, кәсіпорын қызметкерлерінің жағдайын жасауға басымдық беріледі. Осы жылы тиісті жұмысты жүйелі жүргізу үшін 10 млрд теңге қарастырылыпты. Бұл қаражатқа қызметкерлерге арналған жатақхана салу және зауыт құрылысын талапқа сай жүргізу жоспарланған. Қазір геологиялық барлау жұмысы талапқа сай жүргізіліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, кәсіпорын құрылысын жеделдету мақсатында жүзден астам адам жұмысқа тартылған. Олар бекітілген кестеге сәйкес жұмыс атқарып жатыр. Комбинат толықтай іске қосылған кезде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылуға тиіс.
Жергілікті атқарушы билік инвесторлармен келісімге сәйкес қажетті жер телімін бөліп берген. Сонымен қатар ұзындығы 44 шақырымды құрайтын аумаққа уақытша электр желісі тартылыпты. Осылайша, қордайлық шенеуніктер жаңа жобаны жүзеге асыру мақсатында нақты қолдау ұсынды. «Шоқпар-Гагаринское» ЖШС директоры Семен Ханның айтуынша, өндіріс ошағының құрылысын уақыт талабына сай жүргізу үшін барлық жағдай қарастырылған. Ал жаңа кәсіпорын аумағында полиметалл кенін өңдеуге қабілетті бірегей технология қолданылады. Бұл өз кезегінде жұмыстың сапалы жүргізілуіне септігін тигізеді.
Жалпы, Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында тұрған ауқымды жобалар аз емес. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, 2028 жылға дейін жалпы құны 3,5 трлн теңгені құрайтын 62 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сол арқылы өңірде 6,3 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
Өңірде биылдың өзінде бірнеше зауыт ашылды. Ал салаға жауапты мамандар алдағы уақытта өңдеу саласын өркендетуге айрықша назар аударады. Осы жылы жалпы құны 161 млрд теңгені құрайтын 26 жобаны аяқтау көзделген. Бұл жұмыс ойдағыдай іске асса, 1,1 мың жаңа жұмыс орны құрылады.
Аймақта қолға алынған ірі жобалардың көшін «MASDAR» және «TOTAL EREN» (жел электр стансалары), «Fujian Hengwang Investment» (металлургиялық зауыты), «ЕуроХим-Қаратау» (минералды тыңайтқыштар), «Qazaq Soda» (кальцилендірілген сода), «Fufeng Group» (жүгеріні терең өңдеу), «Mariam gold» (алтын өндірісі), «Altynalmas Reagents» (натрий цианиді өндірісі), «Шоқпар-Гагаринское» (алтын өндірісі), «Shagala Mining» (мыс өндірісі) секілді ауқымды жобалар бастап тұрғанын айта кеткен жөн.
Жамбыл облысы,
Қордай ауданы