Суретті түсірген – Ақәділ РЫСМАХАН
«Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы 2 мыңнан аса заңсыз шешім қабылдағанын анықтады. Бұл мәселеге қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсіммен мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрақты жұмыс беріп отырғанын ескерген жөн», деген Президент сөзі жергілікті атқарушы билік өкілдерінің негізгі ұстанымына айналды.
Облыс әкімдігіне қарасты жер қатынастары басқармасы кейінгі бірнеше жылдың бедерінде кезінде заңсыз алынып, пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару жөніндегі жұмысты күшейте түсті. Нәтижесінде, жер ресурстарын басқару департаментіне жүз мыңдаған гектар жердің құжаты жолданды.
«Қазірде аудандардағы мал басы тіркелмеген, салдарынан игерілмеген жер телімдеріне қатысты шара қолдану мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтсақ, жер ресурстарын басқару департаментіне 389,8 мың гектар жердің құжаты жолданды. Бүгінде 42,3 мың га жер игеріле бастады. Сонымен қатар 30,9 мың га жердің иелері қайтыс болғаны анықталды. Бұл жер телімдері Азаматтық кодекстің 242-бабына сәйкес бір жыл бедерінде иесіз мүлік ретінде есепке алынуға тиіс. Сондай-ақ 128,7 мың га жердің мәселесі департаменттің өндірісінде тұр. Жалпы, бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жүргізіп жатырмыз», деді облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтепов.
Басқарма басшысы келтірген дерекке жүгінсек, 131,2 мың га жердің меншік иесі ауысыпты. Бұл жер телімдеріне қатысты аудандармен тиісті деңгейде жұмыс жүргізіледі. Нақтырақ айтсақ, жаңа меншік иелерін көрсете отырып, қайта реттеу жұмысы қолға алынады. Бұл мәселемен әр ауданның басшылары тікелей жұмыс жүргізуге міндеттелген. Нәтижесі жыл соңында белгілі болады.
«Пайдаланылмай жатқан, заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жыл соңына дейін мемлекет меншігіне қайтару туралы тиісті тапсырма берілгені мәлім. Осы орайда Жамбыл облысында 90 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылуы керек. Басқарма тарапынан атқарылған жұмыстың нәтижесінде қазірде жалпы көлемі 51,7 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да тиісті деңгейде атқарылады», дейді Д. Өтепов.
Бірер жыл бұрын өңірде жайылым жерді дұрыс пайдалануды ұйымдастыра алмау салдарынан ауылдық округтерде жүздеген мың гектар жайылым жетіспейтіні анықталған болатын. Кейінгі бірнеше жылдың бедерінде бұл олқылықты жоюға қатысты жауапты басқарма тарапынан ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Енді сол істің нәтижесі ойдағыдай болса, ауылда тынымсыз жұмыс істеп, төрт түлік бағып отырған ағайынның көңілі де тоғаяды.
«Жайылым мәселесі қай кезде де назардан тыс қалған емес. Елді мекендердің ортақ пайдалануындағы жерлерді кеңейту мақсатында бос жатқан 403,5 мың га жайылым таңдалған болатын. Аудандық деңгейдегі мәслихаттардың атсалысуымен 165,9 мың га жер бекітілді. 237,6 мың га жерді жайылым алқабы ретінде нақтылау мақсатында тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Байзақ ауданында 3 100 гектарға қатысты орналастыру жобасы дайындалған. Қалған 14,9 мың га жер учаскесі таңдалып жатыр. Шу ауданында 47,8 мың гектардың 23,8 мың гектары жөнінде тиісті жоба әзірленген. Қалған 24,0 мың гектарды таңдау жөнінде жұмыс қолға алынған», дейді басқарма басшысы.
Қазіргі кезге дейін 51,7 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жұмысты кейбір аудандар өз деңгейінде атқарса, қайсыбір аудандарда жұмыс сылбыр жүріп жатыр. Жер қатынастары басқармасының қызметкерлері билік тарапынан бекітілген көрсеткішті орындау жолында жыл соңына дейін білек түріп еңбек етуге бекініп отыр.
Жалпы, пайдаланылмаған, уақытында заң бұзушылықпен алынған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатында жер ресурстарын басқару департаменті де ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Департамент өкілдері алғашқы жарты жылдың өзінде біраз жұмыс атқарды. Нақты дерекке жүгінсек, есепті мерзімде жалпы көлемі 32,6 мың гектарды қамтитын 140 бақылау іс-шарасы ұйымдастырылды. Нәтижесінде, жалпы көлемі 27,4 мың гектарды құрайтын жер учаскелерінде 185 заң бұзушылық дерегі анықталған. Бұдан бөлек, департамент қызметкерлері ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты да тиісті деңгейде жұмыс атқарған.
Бүгінде пайдаланылмаған немесе заң бұзушылықпен пайдаланылған 31,6 га ауыл шаруашылығы жері, 174 жер учаскесі (оның ішінде 8,1 мың га егістік, 22,2 мың га жайылым) мемлекет меншігіне қайтарылған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы 28,1 мың га жер учаскелеріне 61 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, көлемі 23,8 мың гектарды құрайтын 51 учаскеде заң бұзушылықтар тіркелген.
Жалпы көлемі 1 мың гектарды құрайтын кәсіпкерлік мақсаттағы (құрылысқа арналған) жерлерде де 13 тексеру жүргізіліп, 14 учаскенің игерілмей жатқаны анықталған. Кәсіпкерлерге жер заңнамасы талаптарын орындауға міндеттеген бір жыл мерзімге нұсқамалар берілген.
«Департамент тарапынан кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады. Жер қатынас-тары саласында құзырлы органдардың жұмысын бағалау мақсатында 20 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, жалпы саны 70 заң бұзушылық анықталды. Анықталған деректерге қатысты 9 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 530 820 теңге айыппұл салынды.
Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында сот органдарына 19 талап-арыз жолданды. Оның ішінде 16-сы кәсіпкерлік (7,88 га), үшеуі ауыл шаруашылығы мақсатындағы (10,1 мың га) жерлерге қатысты.
Қазірде департамент өткен жылы берілген нұсқамаларға сәйкес, жалпы көлемі 10 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін қайтару жөнінде сотқа талап-арыз дайындап жатыр. Жыл соңына дейін бекітілген жоспардың толық орындалуы, сонымен қатар жерді заңсыз иелену, мақсатсыз пайдалану фактілерін барынша төмендету көзделген. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс ілкі сәтке де тоқтамақ емес», дейді облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Бағдат Рүстемов.
Бір сөзбен, заңсыз пайдаланылып келген жер телімдері мемлекет меншігіне толықтай қайтарылатын күн алыс емес. Өйткені атқарушы билік өкілдері бұл бағыттағы жұмысты жыл өткен сайын күшейтіп келеді. Президент тапсырмасын дер кезінде орындау мақсатында жұмылған жұдырықтай бірігіп, жүйелі жұмыс атқарып жатыр.
Жамбыл облысы