Қоғам • Бүгін, 07:55

Тұңғыш турист ретінде ғарышқа ұшпақ

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көзіқарақты оқырман турист ретінде ғарышқа аттанған алғашқы адам –алпыс жастағы АҚШ азаматы Денис Тито екенін ұмыта қоймаған болар. Ол 2001 жылдың 28 сәуірінде «Союз ТМ-32» кемесімен ғарышта бір аптасын өткізді. Америкалық кәсіпкер осы сапарына 20 миллион АҚШ доллары жұмсағаны да есте.

Тұңғыш турист ретінде ғарышқа ұшпақ

Ал ғарышқа ұшқан тұңғыш әйел турист түбі Ираннан шыққан Ануше Ансари атты америкалық кәсіпкер еді. Ол да 2006 жылы 18 қыркүйекте ресейлік «Союз ТМА-9» кемесімен көтеріліп, Халықаралық ғарыш стансасында 8 күн қо­нақ­таған.

Деректерді қайта қаузау себебіміз, ал­дағы күндері отан­дасымыз Данна Қара­ғұсова «Blue Origin» компания­сының NS-36 зерттеу миссиясы­­ның құрамында ға­рыш­қа аттанғалы отыр. Сөйтіп 8 қа­занда ол Қазақстаннан шыққан алғашқы ғарыштық турист атан­бақшы.

Елімізді ғарышпен ұш­тас­тыратын тарихи байланыс­тар жеткілікті десек те, Даннаның бұл сапары – ерекше мәнге ие. Адамзат баласының жеті қат көкке көтерілуіне «батасын берген» Байқоңырдан отандасымыз тұңғыш турист ретінде ғарышқа жол тартқалы отыр.

Отандасымыздың өзіне ке­летін болсақ, ол медиа, ивент пен дистрибуция саласында 25 жылдан астам тәжірибе жи­наған маман. Елдегі ең ірі медиа және ивент-холдинг – «First Media Group»-тың негізін қалаушылардың бірі. Данна – тек визионер ғана емес, сонымен қатар ең батыл идеяларды жүзеге асыра білетін тәжірибелі маман ретінде де танылған.

Бүгінде отандасымыз өзін-өзі реттеу сала­сындағы халықаралық IT-жобасының негізін қа­лаушылардың бірі ретінде ерек­ше­ленеді. Осынау ға­рыш сапары оның зерттеу жұ­мыс­та­рының бір парасы әрі жұмыс жобалары аясында өз командасы әзірлеп жатқан технологияларды жеке сынап көреді.

«Адамзаттың келешегі ға­рышпен тікелей байланысты. Біз жаңа көкжиектерді игере отырып, технологияларды да дамытып, өз мүмкіндіктерімізді кеңейте түсеміз. Мен үшін бұл сапар – жылдар бойы жинаған тәжірибем мен арманымның бір бөлшегі әрі зерттеу жобасының маңызды кезеңі», дейді Данна Қарағұсова.

 

АЛМАТЫ