Саясат • Бүгін, 08:55

Қазақ-мажар достығы ғасырлар қойнауынан тамыр тартады

10 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен кездесті. Ақордада өткен Мажарстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімінде мемлекеттер басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырып, Құрмет қарауылы ротасының бастығы президенттерге рапорт берген соң, екі елдің әнұраны шырқалды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйок келіссөз залына барды.

Қазақ-мажар достығы ғасырлар қойнауынан тамыр тартады

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Тарихи байланысқа негізделген диалог

Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Астанаға келгені үшін Тамаш Шуйокке алғыс айтты.

– Сіздің бұл алғашқы ресми сапарыңыз – ынтымақтас­тығымызды нығайту тұрғы­сынан өте маңызды оқиға. Мажарстан – біздің егемен­дігімізді алғаш мойында­ған еуропалық мемле­кет­тердің бірі. Ал Будапешт – ресми дипломатиялық миссиямыз­ды қабылдаған бірін­ші еуро­палық қала. Сондық­тан сіздің еліңізбен көптеген сала­дағы тығыз ықпалдастықты қолдаймыз. Екі елдің мүддесіне сай келетін бұл үрдіс жалғасын табатынына сенімдімін. Сол себепті біз саяси, экономикалық байланыстарымызды одан әрі кеңейтуге барынша күш саламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Тамаш Шуйок қонақ­жай­лық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс ай­тып, елдеріміздің арасында се­нім­ге, өзара құрмет пен тари­хи байланысқа негізделген белсенді диалог орнағанын атап өтті.

– Халықтарымыздың досты­ғы ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Қазір де саяси қа­рым-қатынасымыз өте жоға­ры деңгейге жетті деп ойлаймын, экономикалық байланыстарымыз да қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ таңертең өткен Digital Bridge – 2025 форумында айтқанымдай, қос мемлекет арасындағы ықпалдастық­тың болашағы зор. Біз көптеген жоба мен бастаманы бір­лесе іске асыруды жоспар­лап отырмыз, – деді Мажарстан Президенті.

Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық серіктес­тікті кеңейту мәселелерін талқы­лады. Қазақстан мен Мажар­стан­ның мәдени және білім сала­ларындағы байланысын ны­ғайтудың маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйок халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселе­лер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясын­дағы ынтымақтастық перспективасын қарастырды.

 

Кеңейтілген құрамдағы келіссөз

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен жүргізген келіссөзі екі елдің делегация мүшелерінің қатысуымен жалғасты.

Мемлекет басшысы Астана мен Будапешт арасындағы тығыз әрі сенімді қарым-қатынас ғасырлар қойнауынан тамыр тартатынын және өзара құрметке негізделгенін атап өтті.

ап

Президент өткен жылы Мажарстанға жасаған сапары бірқатар маңызды келісім­дерге қол қойылуымен ерекше­лен­генін жеткізді. Бұл екі ел арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық пен бауыр­ластық байланыстарды нығайту үшін жаңа перспективаға жол ашты.

Мемлекет басшысының айтуынша, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың берік негізі мен зор әлеуеті бар.

– Былтыр тауар айналымы шамамен 200 млн долларға жеткенін, ал биылғы сегіз айда 22 пайыз өскенін (164,5 млн доллар) ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Бүгінде еліміздің экономикасына 400 млн долларға жуық инвестиция салған 35-тен аса мажар компаниясы жұмыс істеп жатыр. Біз қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энер­гия, денсаулық сақтау, логистика мен қар­жы салаларында 607 млн долларға баға­ланатын 20 бірлескен жобаны іске асырып жатырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне мән берді. Халықтарымыздың тарихи жақындығы мен бауырластығының дәлелі ретінде 2023 жылы Астана көшелерінің біріне көрнекті мажар ақыны Шандор Петефидің есімі берілген еді.

Президент жыл сайын еліміздің 250 студенті мажар университеттерінде оқитынына тоқталып, білім алмасудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар отандық жоғары оқу орындары да мажарлық студенттер мен зерттеушілерді көптеп қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Тамаш Шуйоктің айтуынша, Қазақстанмен жан-жақты байланыстарды дамыту Мажарстанның сыртқы саясатында айрықша орын алады.

– Халықтарымыздың сан ғасырдан бері жалғасқан байланысының тіні берік екенін ұдайы байқап жүрміз. Мажарлықтар өздерінің шығыстағы түп тарихына әрдайым қызығушылықпен қарайды. Сондықтан еліміз Шығыс пен Батыс, Орталық Азия мен Орталық Еуропа арасындағы алтын көпір ретінде миссиясын үнемі атқарып келеді. Президент мырза атап өткендей, 2014 жылы Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылып, бұл қарым-қаты­на­сымыздың негізін қалады. Эконо­ми­ка­лық ынтымақтастықтың аясы кеңе­йіп келе жатыр. Ал мәдениет пен білім сала­сындағы ықпалдастығымыз көп жұртқа үлгі. Бұл артық айтқандық емес. Қазақ­станмен байланысымызды страте­гия­лық тұрғыдан маңызды деп санаймыз әрі жоғары бағалаймыз. Қазіргідей дағ­да­рыс кезеңінде Шығыс пен Батыс ара­сын­дағы ынтымақтастық айрықша мәнге ие бола бастады, – деді Мажарстан Президенті.

Келіссөз барысында сауда-инвестиция, энергетика секторы, атом энергия­сы, көлік-логистика, қаржы, цифрландыру және жасанды интеллект секілді салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері кеңінен қарастырылды.

Мемлекеттер басшылары халық­аралық саясаттың басты мәселелеріне қатысты екі елдің ұстанымдары ұқсас және көпжақты форматтағы тығыз ықпалдастықты жалғастыруға дайын екенін растады.

 

І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

Қасым-Жомарт Тоқаев Тамаш Шуйокті Қазақ елінде қарсы алу үлкен мәртебе екенін, халқымыз Мажарстан Президентін аса көрнекті мемлекет қайраткері, парасатты басшы, беделді тұлға деп қабылдайтынын атап өтті.

мсми

– Сіз сарабдал саясатыңыз арқылы Мажар елінің әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетуге, халықаралық сахна­дағы беделін нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз Мажарстанның Қазақ­стан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекет екенін еш уа­қытта ұмытпаймыз. Ал егемен ел ретінде Еуропада тұңғыш елшілігімізді Буда­пешт төрінде ашқанымыз ерекше символ­дық мәнге ие, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі елді тереңнен тамыр тартатын ортақ тарих, ұқсас мәдени құндылықтар, бекем достық байланыстыратынын айтты.

– Қазақ халқы Мажар елімен орнаған ерекше қарым-қатынастарды қашанда үлгі тұтады, қастерлейді. Бүгінде сан қырлы екіжақты ықпалдастық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Ұрпақ­тан-ұрпаққа мұра болатын стратегия­лық серіктестіктің жарқын үлгісіне айнал­ды. Жаңа ғана өзіңізбен өткен маз­мұн­ды келіссөздеріміз екі ел арасын­дағы ынты­мақтастық қарқынды дамып келе жатқанын растады. Елдері­міз сая­си, экономикалық және мәдени-гумани­тарлық байланыстың ая­сын кеңейту­ге мүдделі. Біз қол жеткіз­ген маңыз­ды уағдаластықтар қазақ-мажар ықпалдас­ты­ғын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тамаш Шуйоктің Қазақстан мен Мажарстан арасындағы серіктестікті нығайтуға қосқан сүбелі үлесін, жеке қолдауын өте жоғары бағалайтынын жеткізді.

– Екі ел арасындағы байланысты күшейту жолындағы еңбегіңізді және айрықша рөліңізді ескере отырып, сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – қазақ жұртының өзіңізге деген шынайы құрметі, риясыз көңілі. Сондай-ақ осы жоғары марапат халықтарымыз­дың мәңгілік бауырластығының тағы бір символы болады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Мажарстан Президенті көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Тамаш Шуйок әрқашан қазақ-мажар достығына қолдау көрсететініне назар аударып, Орталық Азия мен Еуропа арасында дәнекер болуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

 

Алыс-берісті 1 млрд долларға дейін жеткізу көзделеді

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Мажарстан президенттері БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы Мажарстан Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапарын екі ел қарым-қатынасының жаңа белесі деп қабылдайтынын айтты. Сонымен қатар Астанада өткен Digital Bridge – 2025 халықаралық форумына арнайы келіп қатысқаны және жасанды интеллект жөнінде ой-пікірін бөліскені үшін Тамаш Шуйокке шынайы ризашылығын білдірді.

– Біз – тамыры бір ағайын жұртпыз. Мажарстан – Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш мойындаған елдің бірі. Сондай-ақ бізбен стратегиялық әріптестік орнатқан Еуропа одағындағы тұңғыш мемлекет. Қазақстан егемен ел ретіндегі алғашқы елшілігін Будапешт қаласында ашқан еді. Бүгінде елдеріміз арасындағы саяси диалог жоғары деңгейде жүріп жатыр. Мемлекеттеріміз барлық салада ашық әрі өзара сенімге негізделген байланыс орнатты. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Екі елдің қарым-қатынасына арқау болған шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық кеңейді. Былтыр қарашада Будапештке жасаған мемлекет­тік сапарымның қорытындылары – осы­ның айқын дәлелі. Мызғымас достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін. Осы оң үрдіске Мажарстан Президентінің қосқан елеулі үлесін өте жоғары бағалаймын. Сондықтан бүгін жоғары Мәртебелі Президент Тамаш Шуйокті І дәрежелі «Достық» ордені­мен марапаттау мен үшін үлкен мәртебе болды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тамаш Шуйок­пен кеңейтілген құрамда мазмұнды келіс­сөздер жүргізіп, ықпалдастықты күшей­тудің жаңа бағыттары туралы әңгіме­лескенін жеткізді. Тараптар сауда-экономика саласындағы байланысты дамыта түсу қажет екеніне баса назар аударған.

сми

– Былтыр екі елдің алыс-берісі 200 млн доллар шамасында болды. Келешекте оны 1 млрд долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Мажарстан кейінгі 20 жылда еліміздің экономикасына 385 млн доллардан аса инвес­тиция салды. «MOL» компаниясы Қазақстанның газ саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Күн тәрбінде тағы да басқа ауқымды жобалар бар. Елімізде «UBM Group», «Gedeon Richter», «Globalia» сияқты алпауыт компаниялар да жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда 20 ортақ жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Біз инвестициялық қарым-қатынастарымызды одан әрі кеңей­туге мүдделіміз. Осы ретте энерге­тика, атом өнеркәсібі, ауыл шаруашы­лығы сияқ­ты түрлі бағыттағы ықпалдас­тығы­мыз­ды арттыруға уағдаластық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында халықара­лық көлік дәліздерін, логистика инфра­құрылымын дамытудың маңызына мән берілген.

– Биыл Шымкенттен Будапештке тікелей әуе қатынасы ашылды. Енді екі ел астаналары арасындағы әуе қатынасын қайта орнату мүмкіндігін қарастырамыз деп келістік. Келіссөз аясында жасанды интеллектіні және цифрлық технология­ны экономикаға жаппай енгізудің маңыз­ды­лығына баса мән бердік. Осыған орай, бірлесе жұ­мыс істеуге дайын екені­­мізді жеткіздік. Оған қоса қаржы сала­сы­на қатысты тың жобаларды жүзеге асыру­ға уағдаластық. Жалпы, Қазақ­стан­да жұмыс істеуге ниетті мажар компа­ния­­лары үшін қолай­лы жағдай жасауға дайын екені­мізді жеткіздім. Екі елдің Эко­но­микалық ынтымақтастық жөніндегі үкімет­аралық комиссиясы және Іскер­лік кеңесі осы мәселеге баса мән беруі қажет деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды қазақ-мажар қатынасы­ның алтын арқауы деп атады.

– Осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту айрықша маңызды. Сондықтан мәдениет, білім-ғылым саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аудардық. Қазірде мажар елінің үздік жоғары оқу орындарында Қазақстанның мыңнан аса студенті білім алып жатыр. Сол үшін Мажарстан Үкіметіне зор алғыс айтамын. Біз осы елдегі жоғары оқу орындарымен ықпалдастығымызды одан әрі дамытуға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Президент Тамаш Шуйокпен аймақтық және жаһандық маңызы бар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасқанын айтып, әлемдегі геосаяси ахуалдың ушығуы, түрлі қақтығыстардың көбеюі екі елді де алаңдататынына тоқталды. Тараптар барлық түйткілді Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысына сәйкес бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санайды. Осы ретте президенттер халықаралық деңгейде бір-біріне қолдау білдіріп, бірлесе жұмыс істеуге келісті.

– Бүгінгі келіссөздер жемісті болды. Қазақстан мен Мажарстан арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатыр. Өзара тиімді ықпалдастығымыз жаңа әрі сапалы деңгейге көтеріледі деп сенемін. Қол жеткізген барлық келісім ойдағыдай орындалатынына күмәнім жоқ. Бауырлас халықтарымыздың ынтымағы берік болсын. Елдеріміз өсіп-өркендей берсін! – деді Қазақстан Президенті.

Мажарстан Президенті елдер арасында тығыз саяси байланыс орнағанын, сауда-экономикалық ынтымақтастық дәйекті түрде дамып келе жатқанын және цифрландыру саласындағы ықпалдастық перспективасын атап өтті.

– Біз Қазақстандағы цифрландыру үдерісін жіті қадағалап отырмыз. Өйткені сіздің ел бұл мәселеде аймақта ғана емес, әлем бойынша алдыңғы қатарда келеді. Біз Қазақстанды аталған маңызды бағыттағы беделді серіктес санаймыз және ынтымақтастығымызды дамытуға үміттіміз. Мажар-қазақ бай­ланыстарының әлеуеті зор. Президент ретінде мұны іске асыруға толық қолдау көрсетемін, – деді Тамаш Шуйок.