Төтенше жағдай • 21 Қыркүйек, 2025

47 орман өрті тіркелген

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы жер көлемі 4 млн 425 мың гектарды құрайды. Оның 2 млн 311 мың гектары орманмен қамтылған жерлер санатына жатады, деп хабарлайды Egemen.kz.

47 орман өрті тіркелген

Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы басшысы Нартай Егембердиевтің айтуынша, өңірде орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсіру ісін басқармаға бағынысты 15 орман шаруашылығы мекемесі жүргізеді.

«Орман қорындағы орманшылықтарда 39 өрт бақылау мұнарасы, 16 дана найзағай бұрғыш жұмыс жағдайына келтірілді. Өрт қаупі бар аумақтардағы 65 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құру жұмыстары жүргізілуде. Олар қазіргі таңда орман қорындағы жағдайлар бойынша басқармаға байланыс құралдары арқылы есеп беруде. Сонымен қатар облыстың 3 миллион 48 мың гектар орман қорына өрт қауіпті маусымы кезінде Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиа орман қорғау» мекемесінің 1 ұшағы (АН-2) және 1 тік ұшағы (AS350) әуеден бақылау жүргізді.

Мекемелер бойынша орман қорғау қызметкерлерінен 1-ші және 2-ші типтегі орман өртін сөндіру станцияларында 380 өрт жасақшысы құрылған. Өрт сөндіру жасақшыларыны саналы формалармен қамтамасыз етілген және арнайы оқудан өтіп, сертификаттарын алған. Орман өрт сөндіру станциялары 5 бірлік өрт сөндіру автокөлігімен, 15 бірлік Уаз-330365 АЦ-0,9 маркалы кіші кешенді өрт сөндіру автокөлігімен, 90 дана әртүрлі маркадағы МТЗ тракторымен (соқаларымен) және 15 дана жартылай тіркемелі 3 тонналық өрт сөндіргіш әмбебап цистерналармен жабдықталған.

Орман қорын күзетуге, патруль жас ауға 72 бірлік жеңіл автокөлік орман шаруашылығы мекемелерінде кезекшіліктер жүргізуде. Алайда атқарылып жатқан алдын алу шараларына қарамастан, өрт қаупі жоғары маусым кезінде облыстың орман қоры аумағында жалпы ауданы 32 993 гектар болатын 47 орман өрті оқиғасы тіркелді. Оның ішіндегі 19 136,1 гектар жер орманмен көмкерілген жерлер. Өрт шығу себептері: 3 жағдай – азаматтардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауынан; 26 жағдай – найзағайдың түсуінен; 4 жағдай – әкімшілік аумақтардан мемлекеттік орман қоры жеріне өрттің өтіп кетуінен. Ал 14 жағдайдың шығу себебі анықталған жоқ. Биылғы жылы орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 11 154,5 шақырым болатын өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары жоспарланып, жоспар толық көлемде орындалды, – дейді Нартай Әлібекұлы.

Жамбыл облысы.