
Бастапқы бәсекелерде Максвелл Хоппер Блэк (АҚШ) пен Мелкамe Фетинені (Израиль) еш қиналмай ұтқан Айдос Сұлтанғали ширек финалда Олимпиада мен Азия ойындарының қола жүлдегері, құрлық чемпионы Се Унг Римен (Солтүстік Корея) күш сынасты. «Тактикалық тұрғыдан өте сауатты ұйымдастырылған айқас сәл ғана басымдықпен жерлесіміздің пайдасына шешілді. Жартылай финалда грузиялық Амиран Шавадзеге шаң қаптырды – 10:2.
Финалда қазақтың қайсар ұлы Өзбекстанның өрені, 23 жастағы балуандар арасындағы әлем чемпионы Әлішер Ганиевті мерзімінен бұрын, небәрі 1 минут 7 секундта тас-талқан етіп ұтты. Сөйтіп, Айдос Сұлтанғали тәуелсіз еліміздің тарихында осындай дәрежеге жеткен төртінші балуан ретінде есімін спорт шежіресіне алтын әріптермен жазды. Айдос Сұлтанғалиға дейін бұл белес Юрий Мельниченко мен Мхитар Манукянға екі мәрте бағынса, Бақтияр Байсейітов бір рет бас жүлдені қанжығасына байлады.
Грек-рим күресі шеберлері алғашқы жарыс күні төрт жүлде жиынтығын сарапқа салды. Әлмир Төлебаев (82 кг) пен Әлімхан Сыздықов (130 кг) бастапқы бәсекелерінде сүрінді. Марлан Мұқашев белдесудің алғашқы минуттарында Еуропа чемпионы Артем Делянуды (Молдова) 9:1 есебімен ұтып жатты. Марланға енді бір ұпай алса жеткілікті еді. Бірақ қазақ балуаны сол басымдығын сақтап қала алмады. Бір мезетте Артем оны жығып алды да, кілемнің үстінде шыр айналдырды. Қандасымыз дұрыс қорғана алмады. Ұпай санын лезде 14-ке жеткізген Деляну жеңісті жұлып әкетті.
77 кг салмақта күрескен Демеу Жадыраев алғашында Йонни Саркиннен (Финляндия) мен Алекс Иличке (Сербия) сан соқтырғанымен, ширек финалда Нао Кусакаға (Жапония) жол берді. Дәл осы балуан былтыр Парижде Демеуді Олимпиаданың алтынынан айырғаны есімізде. Загребте Боранбек Қоңыратовтың шәкірті кеткен есені қайтара алмады. Жұбаныш белдесуінде Игорь Бычковтан (Украина) басым түскен Жадыраев үшінші орын үшін тартыста әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы Роберт Атилла Фричпен (Мажарстан) шеберлік байқасты. Белдесу барысында едәуір ұпай айырмашылығымен алда келе жатқан Демеу одан кейін болдырып қалды. Шешуші тұста ширақ қимылдаған Фрич жеңіс тойын тойлады – 6:5.
«Классиктердің» екінші жарыс күні 97 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Рахат Бержанов Георгий Мелияның (Грузия) алдында дәрменсіздік танытты. 72 салмақтағы Мерей Мәулетханов алғашында Маттиас Лапастиді (Финляндия) ұтты. Келесі кезеңде әлем чемпионы, жарыстың екі дүркін қола жүлдегері Әли Арсаланнан (Сербия) айласын асырып, өз көрермендерін тағы бір қуантты. Одан кейін Олимпия ойындарының екі дүркін финалисі, Еуропа чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Парвиз Насибовты (Украина) жолынан ығыстырды. Бұл бәсекенің тағдырын бір ғана ұпай шешті. Жартылай финалда әлем мен Еуропа чемпионы Ибрагим Ганеден (Франция), үшінші орын үшін белдесуде жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы, Азия ойындарының қола жүлдегері, құрлық чемпионы Саед Данииал Сохрабиден (Иран) жеңілді.
Соңғы күні тағы үш салмақта сайыстар өтті. 63 кг салмақта сынға түскен Ержет Жарылқасын ширек финалда Өзбекстанның туы астында өнер көрсететін Айтжан Қалмахановтан ұтылды. Қандасымыздың финалға шыққанының арқасында Ержет жұбаныш белдесуіне қатысып, Александр Грушиннен (Украина) жеңілді. Дәл сондай жағдайды Ислам Евлоев (87 кг) та басынан кешірді. Алғашқы екі айналымда отандасымыз әлем чемпионы Лаша Гобадзе (Грузия) мен жасөпірімдер мен жастардың әлем біріншіліктерінде жеті рет жеңіс тұғырына көтерілген Вазген Назарянды (Армения) жолынан ығыстырды. Бірақ ширек финалда Еуропа чемпионы Александр Комаровтан (Сербия) айласын асыра алмады. Жұбаныш бәсекесінде Пейтон Джекобссонды (АҚШ) жықты. Бірақ одан әріге 20 жастағы жерлесіміздің шамасы жетпеді. Қола медаль үшін тартыста Милад Әлиризаевтан (Ресей) жеңілді. 67 кг салмақта белдескен Дінмұхаммед Қошқар Славик Галстянның (Армения) оңай олжасына айналып, бірінші кезеңнен кейін-ақ көрермендер қатарына қосылды.
Сөз орайында, жарыста Өзбекстанның әнұранын шырқатқан Айтжан Қалмахановтың қазақ екенін айта кеткен абзал. Көршілес мемлекетте туып-өскен, небәрі 19 жастағы қандасымыз барлық қарсыласын ұтып, әлем чемпионы атанды.
* * *
Әйелдер күресінен еліміздің тоғыз спортшысы бақ сынады. Алайда олардың бірде-біреуі жүлдеге іліге алмады. Ең өкінштісі, бозкілемге шыққан жерлестеріміздің арасынан жалғыз Виктория Хусайнова (59 кг) екінші кезеңге жетті. Бұл межеде оны түркиялық Алтджин Тогтох тоқтатты. Қалған спортшыларымыз тұсаукесер кездесулерінде сүрінді. Атап айтсақ, Светлана Акинчева (50 кг) Менген Воннан (Солтүстік Корея), Зейнеп Баянова (53 кг) Соен Пактан (Оңтүстік Корея), Зүлфия Яхьярова (55 кг) Елвира Камалоғлыдан (Түркия), Лаура Әлмағамбетова (57 кг) Дженна Хемиядан (Финляндия), Тыныс Дүбек (62 кг) Алиса Новасадтан (Польша), Бейбіт Сейдуәлі (65 кг) Хиененг Пактан (Оңтүстік Корея), Жәмилә Бақбергенова (72 кг) Нұрзат Нұртаевадан (Қырғызстан), Елмира Сыздықова (76 кг) Энирка Риналдиден (Италия) ұтылды.
Бұрымдылар бәсекесінде 29 жастағы Жәмила Бақбергенованың тұсаукесер кездесуінде жеңілгені қатты қынжылтты. Алматы облысының тумасы кейінгі төрт-бес жылда отандық әйелдер күресін жалғыз өзі өрге сүйреп жүр. 2021–2024 жылдар аралығында қатарынан төрт әлем чемпионатында олжаға кенелді. Бір мәрте топ жарып, үш рет күміспен күптелді, бір рет қола алды. Оның сыртында Азия чемпионатының алты жүлдесі тағы бар (4 алтын, 1 күміс, 1 қола). Ханчжоудағы Азия ойындарында үздік үштікті түйіндеді. Бұл жолы Жәмила алғашқы айналымда қырғыздың жас дарыны Нұрзат Нұртаеваға жол берді.