
Жастар арасында әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Асылжан Есенкелді 61 кг салмақта сынға түсіп, алғашқы айналымда швейцариялық Нилс Леутерт пен аустралиялық Георгий Окороковты мерзімінен бұрын ұтты. Содан кейін оның жолы Токио Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы Заур Угуевпен қиысты. Бірінші кезеңде Есенкелді Ресейдің даңқты балуанымен тең дәрежеде айқасты. Бірақ үзілістен кейін қарқынын күрт күшейткен Угуев қандасымызға бас көтертпеді. Жұбаныш белдесуінде Асылжан армениялық Манвел Хндзрцянның тас-талқанын шығарды.
Үшінші орынға тартыс драмаға толы болды. Асылжан АҚШ-тың 18 жастағы аса дарынды шебері, Панамерика ойындарының жеңімпазы Джаксен Форрестпен әбден арпалысты. Бірде Форрест, бірде Есенкелді алға шықты. Бәсекенің аяқталуына 3 секунд қалғанда 9:8 есебімен Асылжан алда келе жатты. Сол сәтте америкалыққа бүйрегі бұрған төреші балуанымызға ескерту жасап, таразы басы теңесті. Ереже бойынша мұндай жағдайда соңғы ұпайды кім алса, жеңістің соған берілетіні белгілі. Бұл шешіммен келіспейтінін білдірген ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов дереу «челендж» басты. Істің ақ-қарасын анықтаған соң, бас қазы кілемдегі төрешінің қателігін мойындап, жеңісті ағайынды Ролан мен Еркебұлан Кешубаевтардың шәкіртіне берді. Есеп – 10:8. Сөйтіп, 23 жастағы Асылжан Есенкелді әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
70 кг салмақта күрескен Нұрқожа Қайпанов өзін де, жанкүйерлерін де біраз абыржытты. Алғашында жастар арасындағы әлем, Панамерика чемпионы, 18 жастағы америкалық Петер Дюктен 0:4 есебімен жеңіліп жатқан Нұрқожа екінші кезеңде жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті – 11:7. Көп кешікпей Мексиканың сақа спортшысы, сан мәрте өз құрлығының теңдессізі деп танылған Остин Гомеспен күш сынасты. Бірінші кезеңнен кейін Қайпанов 0:6 есебімен ұтылып жатты. Екіншісінде «камбэк» жасап, қатарынан 11 ұпайды өз еншісіне жазды, есеп – 11:7.
Жартылай финалда Нұрқожаның әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, моңғолиялық Тұлға Төмөр Очирынге әлі жетпеді – 2:5. Қола медаль үшін бәсекеде қазақтың қайсар ұлы шеберлік танытып, Молдованың мақтанышы Василь Дьяконды бозкілемде қамырша иледі. Есеп 13:2-ге жеткенде төреші кездесуді тоқтатты. Енді Нұрқожа Қайпановтың қоржынында әлем чемпионатының толық жүлде жиынтығы бар. 27 жастағы жерлесіміз 2019 жылы Астанада күміспен күптелсе, 2024 жылы Тиранада алтын алды. Енді міне, Загребте қола медальды мойнында жарқыратты.
Жарыстың алғашқы күні бозкілемге шыққан Әлішер Ерғали (125 кг) болгариялық Ален Хубуловтың осал тұсын таба алмады. Кейінгі екі әлем чемпионатында қолаға қол созған Азамат Дәулетбековтің де (86 кг) жолы болмады. Бастапқы бәсекелерде қарсыластарын айқын басымдықпен ұтқан балуанымыз ширек финалда Францияның намысын қорғаған шешен жігіті Рақым Магамадовтан жеңілді.
Екінші күні тағы төрт салмақ дәрежесі бойынша бәсекелер өтті. Тұсаукесер кездесулерінде Әділет Әлмұхамедов (57 кг) беларусьтік Арайын Тютриннен, Айбек Әбдіқасымов (74 кг) мажарстандық Мұрат Құрамагомедовтен, Болат Сақаев түркиялық Ибрагим Жапырақтан жеңілді. 92 кг салмақта сынға түскен 20 жастағы Кәміл Круглиев алғашқы белдесулерінде қытайлық Хуа Зе мен израильдік Юрий Калашниковті жеңді. Алайда ширек финалда өзінен 10 жас үлкен Ресейдің өкілі Аманулла Гаджимагомедовтен айласын асыра алмады. Жұбаныш белдесуінде италиялық Бенджамин Хонисті қапы қалдырды. Қола медаль үшін тартыста Кәмілдің жолы Азияның үш дүркін чемпионы Әмір Хоссейн Фирузпурмен қиысты. Бұл бәсеке парсы балуанының айқын жеңісімен аяқталды.
Еркін күрес шеберлері арасынан ең соңғы болып жарыс жолына шыққан Начын Куулар (65 кг) мен Ризабек Айтмұхан да (97 кг) ел сенімін ақтай алмады. Тывалық легионер алғашқы екі қарсыласын оңай еңсергенімен, ресейлік Ибрагим Ибрагимовке есе жіберді. Ризабек осы чемпионатта даңқы жер жарған Абдулрашид Садуллаевты алмастырған дағыстандық Магомед Құрбановпен күш сынасты. Белдесу барысында таразы басы ұзақ уақыт бойы теңселіп тұрды. Бәсекенің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Айтмұхан бір ұпай айырмашылығымен алға шықты. Алайда айқастың аяқталуына небәрі үш секунд қалғанда төреші біздің балуанға ескерту берді. Бапкерлер наразылық білдіріп, «челендж» басты. Бірақ одан ештеңе өзгерген жоқ. Сөйтіп, отандық еркін күрес тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан Хорватиядағы чемпионаттың алғашқы айналымынан соң көрермендер қатарына қосылды.
Қазірде барша қазақ жанкүйерлері әйелдер күресі мен грек-рим күресі шеберлерінің жолдарына үлкен үмітпен қарап отыр. Жарыс 21 қыркүйекте мәресіне жетеді.