
Сурет: kaz.zakon.kz
Мемлекет басшысының жыл сайынғы бағдарламалық құжаттары еліміздегі ахуалға әділ баға беріп қана қоймай, алдағы мақсат-міндеттерді де нақты белгілеп отырады. Биылғы Жолдаудың ерекшелігі жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану, барлық салаға цифрлық трансформацияны енгізу, сондай-ақ энергетика саласын дамыту, оның ішінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен технологиялық өрлеуінің негізгі тетігі ретінде атом электр стансаларын салу мәселесіне баса назар аударылуында болып отыр.
Президент атап өткендей, жасанды интеллект пен цифрландыру ел экономикасын ілгерілететін қозғаушы күшке, басқару сапасын арттыратын құралға әрі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сенімді тетігіне айналуға тиіс. Мемлекет басшысы инновациялық технологияларды өнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау және қорғаныс салаларына енгізудің маңыздылығын атай отырып, еліміздің жаһандық технологиялық үдерістердің белсенді қатысушысына айналуы қажеттігін қадап айтты.
Осы орайда Қарулы күштер үшін тың мүмкіндіктер мен жаңа көкжиектер ашылып жатыр. Армия қазіргі заманғы цифрлық шешімдерді енгізу арқылы басқару жүйелерін автоматтандыру мен цифрландыру бағытын дәйекті жүзеге асырып келеді. Қорғаныс министрлігі құрылымында жасанды интеллект технологияларын дамытуға арналған арнайы басқарма құрылып, «Сарбаз+» қанатқақты жобасы іске қосылды, сондай-ақ цифрлық әскери комиссариат жүйесі енгізілді.
Бүгінде мониторинг, байланыс және навигация жүйелері белсенді дамып, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану ауқымы кеңейіп келеді. Жасанды интеллект алгоритмдерін жауынгерлік іс-қимылдарды жоспарлау мен басқару үдерістеріне ендіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы бағыттағы маңызды қадамның бірі Қарағанды облысындағы «Сарышаған» полигонында өткен «Жауынгерлік достастық-2025» оқу-жаттығулары барысында Әуе қорғанысы күштерін басқарудың автоматтандырылған жүйесінің алғаш рет сынақтан өтуі болды. Бұл – қорғаныс архитектурасын жаңғырту жолындағы айрықша бетбұрыс.
Мемлекет басшысының 1 тамызда Қорғаныс министрін қабылдау барысында берген нақты тапсырмалары мен нұсқаулары Жолдауда көтерілген мәселелермен тікелей үндесіп жатқанын айта кету керек. Осы тапсырмалар шеңберінде Қорғаныс министрлігі әскердің ұтқырлығын және олардың қауіп-қатерге жедел ден қою қабілетін арттыру, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін, аумақтық бөлімшелер мен ҰҰА құрамаларын дамыту, цифрлық трансформация талаптарын ескере отырып, әскери инфрақұрылымды жаңғырту, мемлекеттік қорғаныс тапсырысының тетігін жетілдіру, әскери қызметтің қауіпсіздігін арттыру және жарақаттанудың алдын алу, сондай-ақ қазіргі заманғы технологиялар негізінде Қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетін нығайту жөніндегі шараларды іске асыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Аталған басымдықтарды орындау – еліміздің қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызды міндет. Инновациялық шешімдерді енгізу, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту және білікті мамандар даярлау Қарулы күштердің XXI ғасырдың сын-қатерлеріне лайық жауап беруіне және мемлекет тірегі ретіндегі рөлін нығайтуына кепіл болмақ.
Президент Жолдауы – барша қоғам үшін маңызды бағдар. Ал армия үшін бұл құжатты одан әрі жаңғыруға, қорғаныс қуатын арттыруға және цифрлық технологиялар арқылы тиімділікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты әрекет жоспары деп білеміз. Біз, әскери қызметшілер, Мемлекет басшысы ұсынған бағыттың толығымен жүзеге асатынына сенімдіміз. Қарулы күштер алдағы уақытта да инновациялар мен жоғары жауынгерлік дайындық стандарттарына сүйене отырып, алға баса бермек.
Дәурен ҚОСАНОВ,
Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты