
Сурет: primeminister.kz
Қазірде аталған құжат аясында 48 қанатқақты жоба бекітілген. Биыл «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ желісі бойынша Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 10 қанатқақты жобаны іске қосуға 22,5 млрд теңге бөлінді. Бұл – «ҚТК» АҚ тарапынан әкімдіктердің облигацияларын сатып алып, жылу, су, су тазарту және электрмен жабдықтау нысандарын жаңғыртуға бағытталған алғашқы тәжірибе.
«Қазақстанның Даму банкі» АҚ қарауында жалпы құны 118,4 млрд теңгені құрайтын 8 жоба бар. Мемлекеттік органдар отандық тауар өндірушілер мен табиғи монополия субъектілері арасында өзара іс-қимылды ұйымдастырды. Отандық өндірушілердің тізілімі жасақталып жатыр. Өңірлер бойынша 669 EPC-мердігер және 2,2 трлн теңгенің 2,7 мың тауар позициясы айқындалды.
Офтейк келісімшарттар аясында өндірісті жолға қою үшін әлеуетті тауарлар тізімі жасалды. Тауарларға деген сұраныс Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің және «QazIndustry» АҚ-ның ресми сайттарында жарияланды.
Сонымен қатар Электрондық сатып алу платформасы әзірленіп жатыр. Саладағы қауымдастықтар мен отандық өндірушілерге тауарларды сатып алу тетігін түсіндіру бойынша кездесулер өтті. Ұлттық жобаның негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында өңірлерде көшпелі семинар-кеңестер жалғасып жатыр. ЭКСЖ-ның жүзеге асырылу барысы modernization.kz сайтында және «Модернизация.Кз» Telegram-арнасында жарияланып отырады.
Жобалық офис отырысында одан бөлек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру, аспаптармен жабдықтау және жасанды интеллекті енгізу, сондай-ақ халықаралық тәжірибені зерделеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиынды қорытындылай келе, вице-премьер Қанат Бозымбаев әкімдіктер мен салалық министрліктерге Ұлттық жоба аясында жүзеге асып жатқан барлық үдерістерді жедел аяқтау және өңірлердің 2026–2029 жылдарға арналған қажеттіліктерін айқындау жөнінде бірқатар тапсырма берді.