
Конституциялық сот ұйымдастырған форумға Еуропаның, Азия мен Африканың 15 елінен келген конституциялық бақылау органдарының төрағалары мен судьялары, адам құқықтары жөніндегі уәкілдер, жетекші заңгер-ғалымдар мен құқық қорғаушылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ еліміздегі орталық мемлекеттік органдардың басшылары, адвокатура мен ғылыми қоғамдастықтың 150-ден аса өкілі жиналды.
Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова пленарлық отырыста форумның өзектілігі құқықтың рөлін тек жеке мемлекет шеңберінде емес, әлемдік қауымдастықтың да түсінуі қажет екенін атап өтті. Қазіргі жаһандық сын-қатерлер дәуірінде бейбітшілікті сақтау мен дауларды шешудің ең сенімді тетігі – құқық.
– Конституция – жай ғана заң емес, теңдік пен әділдіктің, адам құқықтарының кепілі. Ол қоғамның билікке сенімін арттырып, диалогті күшейтеді. Конституциялық экономика меншік құқығын қорғайды, инвестиция мен инновацияға жол ашады. Бұл – ұзақмерзімді өсудің берік іргетасы. Сондықтан бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ – күшке емес, заңға сүйенетін, әділдік пен тұрақтылықты басты құндылық ететін қоғамға апарар жол, – деді Э.Азимова.
Халықаралық форумның пленарлық сессиясында Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссияның (Венециандық комиссия) президенті Клер Бази-Малори елімізді Конституцияның 30 жылдығымен құттықтап, заң үстемдігінің, адам құқықтарын қорғаудың және конституциялық соттардың мемлекеттің бейбітшілігі мен тұрақтылығын сақтаудағы рөлінің маңызын атап өтті. К.Бази-Малори Венециандық комиссияның Қазақстанмен табысты ынтымақтастығын алға тартып, оны одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Ал Біріккен Араб Әмірліктері Федералды Жоғарғы сотының төрағасы Мохаммед Хамад Мохаммед әл-Бади әл-Захри өз елінің конституциялық әділет тәжірибесімен бөлісті. Оның ішінде азаматтардың конституциялық рәсімдерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және сот процесін оңтайландыру үшін цифрлық технологиялардың қолданылуын айтып берді. Ол конституциялық әділеттің қоғамның билік институттарына деген сенімін нығайтатынын, мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуына ықпал ететінін және бейбітшілік пен әділетті болашақты құрудың негізгі факторы екенін атап өтті.
Сонымен қатар Зимбабве Жоғарғы сотының төрағасы Люк Малаба конституциялық соттардың заң арқылы бейбітшілік пен дамуды қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды. Оның пікірінше, конституциялық бақылау – конституционализм, заң үстемдігі және биліктің бөлінуі қағидаттарын қолдайтын негізделген құқықтануды қалыптастыруға мүмкіндік береді және мемлекеттің тұрақтылығы мен заңдылығын нығайтудың маңызды құралы.
Форум үш тақырыптық сессия және кәсіби серіктестіктерді нығайту мен озық тәжірибелермен алмасуға арналған арнайы блокта нетворкинг форматында жалғасты. Онда Қырғызстан Конституциялық сотының судьясы Чинара Айдарбекова адам құқықтарын қорғау мен тұрақты дамудың негізі ретінде заң үстемдігінің маңызын атап өтті. Ал Оңтүстік Корея Республикасының Конституциялық сотының судьясы Ким Бок Хён билікті асыра пайдаланбаудың кепілі ретінде конституциялық сот өндірісін ерекше көрсетті. Тәжікстан Конституциялық сотының судьясы Кувватзода Фотех Джума болса Конституцияның ұлттық құқықтар мен мүдделерді қорғаудағы рөлін баяндады, ал Германияның Рейнланд-Пфальц жеріндегі Конституциялық сот пен Жоғарғы әкімшілік соттың президенті Ларс Брокер конституциялық нормаларға түсіндірме беру арқылы Ата заңның тұрақтылығы мен эволюциясын талдап берді.
Әлемде конституциялық соттар немесе оларға баламалы органдары жұмыс істейтін 120-дан аса ел бар. Олар өз елдерінің негізгі заңының талаптарына барлық қабылданатын нормативтік құқықтық актілердің, сайлау мен референдумдарды өткізу рәсімдерінің, сайланатын лауазымдарға тағайындаудың сәйкестігін, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалайды.