ЖОЛДАУ • Бүгін, 09:05

Халық сенімін нығайтады

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындап қана қоймай, саяси реформалардың жаңа кезеңіне жол ашты. Мемлекет басшысы ел алдында тұрған негізгі міндеттерді атап өтіп, ұлттық дамудың стратегиялық басымдықтарын жариялады.

Халық сенімін нығайтады

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Президент атап өткендей, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын енгізу – уақыт талабы. Қазіргі заманда инновацияны игерген мемлекет қана жаһандық бәсекеде өз орнын сақтап қала алады. Осы тұрғыдан алған­да, «Alatau City» сияқты ірі жоба­ның іске асырылуы – тек эконо­микалық емес, сондай-ақ ғылыми-инновациялық серпілістің де айқын белгісі.

Сонымен қатар инвести­ция­лық саясатты арттыру, агро­өнер­кәсіптің әлеуетін толық пайдалану, көлік-логистика жүйесін жетілдіру, су инфрақұрылымын жаңғырту – ел экономикасын әртараптандыруға бағытталған нақты қадамдар. Ал еліміздің халықаралық ынтымақтастық­ты дамыту – Қазақстанды әлем­дік өркениеттің алдыңғы қатарына шығаруға, басқа елдер­мен бей­бітшілік пен келісімді нығайтуға жол ашады.

Жолдауда ерекше орын алған тағы бір маңызды мәселе – парламенттік реформа. Егемен­дік алған алғашқы жылдардан бастап еліміздің саяси жүйесі заман ағымына сай жетілдіріліп келеді. Уақыт өте келе қоғамның сұранысына, азаматтардың талап-тілегіне сәйкес бірқатар саяси реформа кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – халықтың билікке деген сенімін нығайту, мемле­кет пен қоғам арасындағы бай­­ланысты одан әрі күшейту. Сон­дықтан бұл шешім – ел бола­шағы үшін жасалған батыл қадам, мемлекет пен азаматтық қоғам­ды жақындататын сенімді көпір.

Мемлекет басшысы осындай тағдыршешті мәселелер бойынша жалпыұлттық референдум өткізу қажеттігін айтып саяси реформаларымыз бірыңғай институционалдық жүйенің ажырамас бөлігіне айналатынын тағы да көрсетті. Әзірге Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығарылғанға дейін, жаңа парламенттік сайлау өткізілгенше өз жұмысын әдеттегідей жалғастырады. Біздің негізгі міндетіміз – Мемлекет бас­шысы белгілеген барлық бас­та­маға жан-жақты қолдау көр­се­ту. Осы тұрғыда тиісті заңдар уақ­тылы әзірленіп, қабылдануы ке­рек. Болашақта біз мүдделі мем­­лекеттік органдармен бірле­сіп осы бағыттарда жұмыс істейміз.

 

Амангелді НҰҒМАНОВ,

Сенат депутаты