
Еліміздегі маңызды істерді шешу осындай жандардың қолына тигенде қоғамда береке мен ынтымақ жарасымын табады. Зекен Уалханұлының сынаққа толы өмірі мен еңбек жолы осыны көрсетеді. Ол өмір сүрген заман оңай болған жоқ. Ұжымдастыру дәуірі, аштық, қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс және соғыстан кейінгі ауыр жылдардың салмағы осы ұрпақтың мойнына түсті.
«Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» дегендей, Зекен ағаның атасы Әділбек Әйімұлы, әкесі Уалхан да өз заманында Ақсуат өңірінде болыс болып, елге қамқорлығымен танылған.
Алайда текті әулеттің ұрпағын «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран дәуірлеген зұлмат кезеңнің оты шарпыды. Уалханның үлкен ұлы Қабас «әкеңнің байлығын тауып бер» деген ОГПУ жандайшаптарының қолынан қаза тапса, Семейде оқыған сауатты екінші ұлы Талғатбек мектепте мұғалім болып жүрген жерінен жалған жаламен ұсталып, он бір жылға сотталды. Бұл аз болғандай, отызыншы жылдардың басында Уалхан атамыздың қызы Мәкеннің күйеуін атып тастады.
1926 жылы бір жасында әкеден айырылған баласын ертіп, анасы Әлиза Ақсуаттан Үржар ауданындағы төркініне көшеді. Зекен ағамыз «Өмірімнің шындығы» атты естелігінде Көлденең ауылына көшіп барғанда анасы екеуі баспана іздеп, жеті үй ауыстырғанын, соңында нағашысы Зәуренбек қолына көшіріп алғанын, сегіз жасынан бастап «Свободный путь» ұжымшарында жер жыртып, жылқы бағып, ауыр жұмыс істегенін айтады.
Алайда бала күнінен тағдырдың түрлі теперішін көрген жас өрен қиындыққа мойымай өсті. 1942 жылы жасы он сегізге толмаса да өз еркімен майданға аттанды. Фрунзедегі жаяу әскер училищесінде оқып, 1943 жылы Харьков маңында алғаш ұрысқа қатысады. Осы жерде кескілескен қанды шайқастардың бел ортасында жүріп, бірнеше рет жарақат алды. 1944 жылдың маусымында әуе десанты бригадасы Карель майданында қайта жасақталып, жауынгер З.Әділбеков барлау взводына, кейін барлау полкіне ауыстырылды. Ресей, Украина, Белоруссия, Венгрия сияқты бірқатар елді жаудан азат етеді. Осы шайқастардың бірінде қатты жараланып, елге оралды. Соғыс жылдары елдің де жағдайы ауыр еді. Сондықтан жарақаты толық жазылмаса да еңбекке араласты. Ауылдағы егіншілер бригадасында жұмыс істеді. Білімді, көзі ашық жас бірден көзге түсті. Сөйтіп, оны сол жылдардағы Семей облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Рукавишникованың ұсынысымен ұжымшардың бастауыш комсомол ұйымының хатшысы етіп тағайындады. Одан кейін Үржар аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. Ал, 1952 жылы партия мүшелігіне өтіп, Үржар аудандық партия ұйымының нұсқаушысы қызметіне қабылданды. Екі жылдан кейін бөлім меңгерушілігіне жоғарылады.
Халқымыз «Ауыл – ат байлар алтын қазық» деп айтады. Расында, ауыл біздің киелі алтын тамырымыз. Шын мәнінде, Зекен Уалханұлы туған жері – қазіргі Абай облысы Үржар ауданының өркендеуіне қомақты үлес қосты. Әсіресе Қытаймен шекаралас шалғайдағы өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға белсене еңбек етті. 1962 жылы Үржар аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына Н.Е.Морозов сайланып, ол ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі З.У.Әділбековке шаруашылығы артта қалған Калинин ұжымшарының жағдайын тексеріп, анықтама жазуды тапсырады. Оның дайындаған анықтамасына бірінші хатшы бұрыштама соғып, аудандық атқару комитетінің төрағасына «ұжымшарда жиналыс өткізіп, төрағаға Әділбеков жолдасты ұсыныңыз» деген тапсырма береді. Осылайша, жоғары білімді Зекен ағаның еңбек жолының жаңа кезеңі басталды. Бұған дейін аталған шаруашылықта жергілікті халықтан ешкім басшылыққа тағайындалмаған. Жалпы, 1954 жылға дейін Үржар ауданында қазақтардың саны 15 пайызды ғана құраған. Бұл көрсеткіш Қытайдан қандастарымыз орала бастаған соң өзгерді.
Жалын атқан жас жігітті шаруашылығы тұралаған ұжымшардағы қиындық қорқыта алмады. Ол үлкен лауазым иелерінің алдында да әділ жолдан тайған емес. «Қара қылды қақ жарғандай» шындықты айта білді. Бір жағынан, жалаң сынаушы емес, үнемі түйткілді мәселені бірден шешудің қисынды жолын ұсынды. Сондықтан оның пікірі тыңдалып, жоғары басшылық тарапынан жиі қолдау тапты. Оның мысалы – ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында нысандар салу үшін Калинин ұжымшар орталығын Некрасовкадан «Бірінші май» ауылына көшіру туралы мәселені сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына тайсалмай айта білді. Нәтижесінде, аталған мәселе аудандық партия комитетінің бюросында қаралып, ұсыныс қабылданды. Үш-төрт жылдың ішінде Зекеннің жетекшілігімен жатақхана, тұрғын үйлер, 300 орындық Мәдениет үйі, орта мектеп, монша, машина-трактор шеберханасы, механикаландырылған мал қора салынды. Көп кешікпей шаруашылық алдыңғы қатарға шығып, табысы артып, миллионер атанды.
Кеңестік кезеңде кеңшар директорын Орталық партия комитеті мақұлдап, ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен тағайындалатын. З.Әділбековтің іскерлік, ұйымдастырушылық қасиеттеріне тәнті болған басшылық оны 1968 жылы 60 мыңнан астам қой, 5 мың ірі қара мал, 100 мың гектар жері бар «Бақты» кеңшарын (Мақаншы ауданында орналасқан) басқаруға жібереді. Бақтыда да оған дейін директорлыққа қазақ азаматынан ешкім тағайындалмаған. Аталған кеңшар республика бойынша ірі шаруашылық болғанына қарамастан, шығынға батқан. Оның үстіне әскерилер «шекарадағы тәртіп» деп, шекара маңынан астық оруға, шөп шабуға рұқсат бермейді. Кеңшар директоры Зекен Әділбеков алғашқы күннен осы проблеманы шешуге кірісті. Соның арқасында көп жыл бойы қордаланған мәселелер оң шешімін тапты. Осында қызмет атқарған жылдары асыл азаматтың жаңашылдығы жарқырап көрінді. Оның ұсынысымен кеңшар екіге бөлініп, «Бақты» және «Пограничный» кеңшарлары құрылды. Нәтижесінде, жаңа кеңшардың орталығы Ақшоқы ауылында қыруар жұмыс атқарылды: әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ұзындығы 35 шақырым тас жол салынды. З.Әділбековтің «Бақтыдағы» он жылдық еңбегі екі рет «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен бағаланды. Кейін Науалыдағы Ленин атындағы ұжымшарды басқарды. Екі жыл ішінде шаруашылықтағы барлық жұмысты ретке келтіріп, аудан көлемінде озат ұжымшарға айналдырды.
Халқымызда «Ағаштан жеміс күтсең бұтағын сындырма, адамнан үміт күтсең көңілін қалдырма» деген дана сөз бар. Осы қағиданы басшылыққа алған Зекен аға әрдайым жас буынды тәрбиелеуге баса мән берді. Ол жас мамандардың мансаптық жоғарылауына қолайлы жағдай жасады, ауыл жастарына жоғары оқу орындарына түсуге жолдама берді. Диплом алып келген мамандарды қызметке орналастырды. Зекен Уалханұлының қамқорлығын көрген жастар кейін шаруашылық басшылары ретінде алдыңғы толқын ағаларының жолын жалғады.
Қай жерде қызмет жасаса да еңбеккерлерге көшбасшы тұлға бола білген майдангер құрметті демалысқа шықса да, өмірлік ұстанымынан таймай қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысты. Зекен Уалханұлы жетекшілік еткен жылдары Алматыдағы Алмалы аудандық ардагерлер кеңесі жергілікті билікке қазыналы қарттарымыздың мұң-мұқтажын жеткізіп, түйінді мәселелердің шешілуіне мұрындық болған танымал қоғамдық ұйымға айналды. Ол бірнеше рет қалалық ардагерлер кеңесінің президиуымына мүшелікке сайланды. Республикалық ардагерлер кеңесінің IV-VI съезіне қатысып, ардагерлерді ұйымдастыру кеңесіне мүше болды. Жоғары дәрежедегі зейнеткер Зекен Әділбеков мемлекет алдындағы еңбегі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін «Достық» орденімен, жиырмаға жуық медальмен марапатталды. «Үржар ауданының құрметті азаматы» атанды. Тұлғаның мұратқа жетуі деген осы!
Қазақта «Текті туған жігіттің жары өзіне лайық, керуен бастар жігіттің нары өзіне лайық» деген сөз бар. Зекен ағамыз асыл жары Сахариямен 1953 жылы отбасын құрып, бір жылдан кейін тұңғышы Салтанат өмірге келді. 1956 жылы мамырда ұлы Дәурен дүние есігін ашты. Бүгінде балаларының бәрі де елге танымал азаматтар. Айталық, Салтанаты мен Зинаты адам өмірінің арашасы дәрігерлік мамандықты таңдаса, ұлы Дәурен Зекенұлы – экономика ғылымдарының докторы. Ол егемендіктің алғашқы жылдары Жоғарғы Кеңес депутаты болса, кейін Парламент Сенатының депутаттығына сайланды. Елге аянбай еңбек етіп жүрген азаматтың бірі. Одан кейінгі баласы Думан қаржы саласында абыройлы қызмет істеді. Ұлағатты жандардың немерелері де бүгінде түрлі салада жемісті жұмыс атқарып жүр.
Әмірхан РАХЫМЖАНОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор