Білім • Бүгін, 09:35

Биыл дуальды оқумен қамтылған студенттер саны 27 мыңға артты

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025–2026 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дуальды оқыту жүйесіне қатысатын студенттердің саны 135 мыңға жетеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27 мыңға артық, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл дуальды оқумен қамтылған студенттер саны 27 мыңға артты

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Министрліктің хабарлауынша, дуальды оқыту форматы теориялық дайындықты өндірістік тәжірибемен ұштастыруға бағытталған. Оқу процесінің 60%-ы өндірісте өтеді, бұл студенттердің еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды тәжірибелік тұрғыдан меңгеруіне мүмкіндік береді.

Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 552 колледж және 18 мыңнан астам кәсіпорын дуальды жүйеге қатысып жатыр. Олардың қатарында машина жасау, құрылыс, энергетика, IT және сервис салаларындағы кәсіпорындар бар.

«Дуальды оқытуды дамыту – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі басым бағыттардың бірі. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған колледж түлектерінің 70%-дан астамы оқуын тәмамдаған соң бірден өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады», деді Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Асет Муханбетов.

2024 жылы дуальды форматта оқуын тәмамдаған 30 мыңнан астам түлектің 71%-ы қазіргі таңда еңбек қызметіне кіріскен. Ал 2027 жылға қарай дуальды оқумен қамтылған студенттердің үлесін 50%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта Германияның Эрфурт университетімен бірлесіп Халықаралық дуальды оқыту орталығын ашу және «Атамекен» ҰКП қолдауымен тәлімгерлік институтын дамыту көзделіп отыр.