
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Аталған іс-шараны ұйымдастырушы «Күй анасы» қорының жетекшісі, қоғам қайраткері Төлеген Қуанышев мазмұнды жиын ашылуында мәйекті ой ағытты. «Тіршілігінде ұлт өнеріне өлшеусіз еңбек сіңіріп, қасиетті күй өнерін дәріптеп қана қоймай, жүздеген домбырашы, күйші тәрбиелеген, күй өнерінің шын мәніндегі нар тұлғасы Орынбай Дүйсен есімі қандай құрметке болсын лайық. Сондықтан өнер иесінің есімі қазақ халқына даңқы жайылған күйшілер қатарына қашалуы заңдылық. Игілікті іс Құрманғазы атындағы консерваториясы ғылыми кеңесінің шешімі негізінде Астана қаласы Мәдениет басқармасы, Алматы ауданы басшыларының, Нұрлан Бекенов бастаған шәкірттерінің қолға алуымен жүзеге асырылып отыр», деді Төлеген Қуанышев.
Құрманғазы, Абыл, Қазанғап сынды ұлы күйшілер мұрасын шебер орындауымен қатар, Орынбай Дүйсеннің авторлық шығармалары өз алдына бір төбе. Автордың «Отпантау» күйін шәкірті Табыс Құдайберген нақышына келтіріп домбырада көсілтті. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған мұндай ұлы күйшілер қатарына енген Орынбай есімі үшін қуанышын білдірді. Шешен домбыраның қазақ өміріндегі мән-маңызы мен тарихқа әсері төңірегінде тоқтала келе, оны ұстағандардың орны әрдайым төрде екенін қаперледі. Күйші, домбырашы Айтжан Тоқтаған Орынбай күйшінің дүниеден ерте кеткеніне өкініш білдіріп, Астанада алғашқылардың бірі ретінде ЖОО-да домбыра бөлімін орнықтыруға күш салғанын еске алып, еңбегін жоғары бағалады.
Іс-шара барысында басқа да зиялы қауым өкілдері сөйлеп, халық композиторларының күйлері тартылды.